Жақсылық тұрар жаңғырып

1415

0

«Біреуге жапқан шапаныңмен өзіңнің жүрегің жылиды» демекші, жақсылық істеп жүргенге не жетсін?! Біздің кәсіпкерлеріміздің ішінде жақсылық жасап, онысын жұртқа жария етпейтін жақсылар көп, солардың бірі – еңбек ардагері, белгілі кәсіпкер Әріп Қожбанов.

Мұқтаж адамға бір қалта азық берсе, соңынан теледидарын, тілшісін ертіп жүретіндер де бар. «Жақсылықты есеппен жасама. Рахмет күтпе, міндет етпе» дейді дініміз.

Өзім жақсы аралас-құраластықта жүрген кәсіпкер, білім меценаты Сейітқали Алшынбаевтың Әріп аға жайындағы мына әңгімесі мені бей-жай қалдырмады.

Көпке үлгі болсын деп сол оқиғаны жыр жолдарымен жеткізуге тырыстым.

Депутаттыққа түскенде

(Сейітқали Алшынбаевтың сыры)

Тоқсаныншы жылдардың іші болар,

Нарық заңы жасады кісіге обал.

Айтайын Әріп ағаң жайында сөз,

Жақсының айта жүрер ісі қалар.

Әлі күн ұмытпаймын, көңілде тұр.

Жүрмесем деген ойым менің де құр.

Облыстық депутатқа сайланарда,

Сол ағам болды маған сенімді өкіл.

Істейтін жоспарым бар дәптерімде,

Білемін ол заманның «әттеңін» де.

Сайлаушылар дейтұғын қауымменен,

Кездестік «Коммунизм» мектебінде.

Адамның оңай емес көпке ұнауы,

Дабырлап әрдеңе айтып кетті бәрі.

«Депутаттар сайланып алады да,

Сендерді қайда көрдім деп тұрады».

Оларға уәж айтам енді қандай,

Алдамшы жан емес ем мен бір ондай.

Әуреге түсер ме екем бірдеңе деп,

Ісімнің анығына сендіре алмай.

Бір кісі тұрып сонда сөз сұрады,

Жан екен сәулеленген көз шырағы.

Алайда, маған емес айтқанының,

Әрекең ағам жаққа көшті мәні.

«Сонау жыл жағдай нашар, уайым көп,

Өлместің күнін кештік мүләйім боп.

«Барақта» отыратын отбасымыз,

Ол-дағы тұрушы еді құлайын деп.

Бейтаныс үйге сонда бір адам кеп,

Атымды, руымды сұраған жоқ.

Бір уыс ақша берді қолымызға,

«Үй сатып аларсыңдар мынаған» деп.

Күй кештік ертегідей елес кірген,

«Барақты» тастай қаштық, ол – ескірген.

Бұл кісі айтпайды екен жақсылығын,

Ол жайлы естімедім мен ешкімнен.

Қол созған, кезімізде жан қысылған,

Жақсылар, неткен адал, арлысыңдар.

Қожбанов Әріп аға болатын ол,

Айтатын сол кісіге алғысым бар!»

Осылай деп көңілін бірлеп тұрды,

Қол ұрып отырғандар құрмет қылды.

Сол ауыл біркісідей дауыс берді,

Сол оқиға кеудеме сыр боп тұнды.

Сөйлейтін ақиқатты кәміл адам,

Сыйлаған таза болмыс Тәңір оған.

Сөз жоқ, сонда ізгілік ісіменен,

Маған жеңіс әперген Әріп ағам.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<