Жарықтық, Абай салған жолға түстім…

815

1

Қазаққа Абайдай, Шәкәрімдей кемеңгерлерді берген шұрайлы Шығыс өлкеде туып, қасиетті «Қасқабұлақтан» қара өлеңнің тұнбасын қанып ішкен бір перзенті – Бауыржан Жақып. Бала күнінен-ақ ауылдағы абыз ақсақалдардың аузынан естіген аңыз әңгімелерді, қисса-дастандарды жадына түйіп, оған қоса Абай шығармаларын жастайынан жаттап өскен ол әдебиет, өнер өлкесіне әбден бейім болатын.

Орта мектепті үздік бітіріп, арман қуып Алматыға келген бозбала ал­ғашқы жазған дүниелерімен-ақ қа­ламгер ағаларын қайран қалдырып, жыр кештерінен жүлдесіз қалған емес. Қазақтың қалам ұстаған жаста­рының біразына батасын беріп, шы­ғармашылық жолында бағын аш­қан әйгілі ақын Әбділда Тәжібаев бастаған қарымды қаламгерлер боз­бала Бауыржанның да қабілетін бір­ден танып, болашағына зор сенім артқан еді.

Қазақта «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген тамаша тәмсiл бар. Иә, қазақтан данышпан халық жоқ. Атам қазақтың айтқан кез келген мақал-мәтелдерi мен түрлі ой-тұжырымдары айна-қатесiз келiп отырады. Бұл данышпандық емей, немене?! Айталық, халқымыз отты жырларымен елді аузына қа­ратқан ақынды, аспандағы аққуға үнiн қосқан әншiні, домбыраның қос iшегiнен күй төгiлткен күйшiні, қара қылды қақ жарып, қара сөзден түйін түйген шешенді ерекше құрмет тұтып, төрінен жай берген. Ал егер осы қасиеттердiң бәрi бiр адамның бойынан табылып жатса, ондай бiр­туар жанды бiр ғана сөзбен – «Сегiз қырлы, бiр сырлы» дейдi. Қандай тамаша теңеу! Осындай азаматтың бірі – филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА кор­респондент-мүшесi, көрнекті ақын, қабырғалы қаламгер Бауыржан Өмiр­жанұлы Жақып.

Б.Жақып 1963 жылы 1 мамырда Семей облысы (қазiргi Шығыс Қа­зақстан облысы) Абай ауданы Аққора ауылында дүниеге келген. 1980 жы­лы Арқат орта мектебiн алтын ме­дальмен бiтiрген. 1985 жылы Ал­маты қаласындағы Қазақ ұлттық уни­верситетiнiң журналистика фа­ку­льтетiн тәмамдап, еңбек жолын «Қа­зақстан» ұлттық теледидарының әде­би-драмалық хабарлар Бас ре­дакциясында редактор болып бастады. Небәрі жиырмадан асқан жасында осындай жауапты қызметтерді ат­қару – оның бойындағы білімі мен іскерлік қабілетінің көрінісі болса керек. Иә, расында, солай. Ақынның туған жеріне деген толғанысынан туған мына жыр шумағынан осындай табандылықты танығандаймыз:

Семейім, сенде ізі бар

ұлы Абайдың,

Жарқырап жанып жатқан шырағы

айдың.

Ертістен Алатауға ұшып едім,

Ешқашан сол биіктен құламаймын.

Бұл – ақынның асқақ мұраты. Сол мұратына жету жолында қаншама ең­бек жолынан өтті десеңізші…

Ол 1986-2008 жылдары «Жалын» кiтап баспасында редактор, әл-Фа­раби атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситетiнде оқытушы, зерттеушi, ассистент, аға оқытушы, доцент, де­­канның оқу iсi жөнiндегi орын­басары, «Журналистiк шеберлiк және әдеби ре­дакциялау», «Баспа iсi», «Мерзiмдi баспасөз» кафедра­лары­ның меңгерушiсi, жур­налистика фа­культетiнiң деканы қыз­меттерін ат­­қарды. Ал 2009 жылы «Қазақ эн­цик­лопедиясының» Бас ди­ректор-бас редакторы болса, бү­гінде Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы тө­р­ағасының орынбасары қызметін  абыроймен атқарып келеді.

Б.Жақып – жастардың твор­чес­тволық «Жiгер» фестивалiнiң, «Дарын» жастар мемлекеттiк сый­лығының, Бакуда өткен Бүкiл түркi дүниесi ақындарының 11 «Хазар шеирақшамдары» фестивалiнiң, Ма­кедонияның Скопье, Косованың Приштина  қалаларында өткен бүкiл түркi дүниесi ақындары  фестивалiнiң  лауреаты. Түркияда Елазығ шаһа­рында өткен әйгiлi жазушы Шың­ғыс Айтматовқа арналған бүкiл түркi дүниесi ақындарының 15-фес­тивалiнiң дипломанты. Қазақстан Жа­­зушылар одағының М.Мақатаев, Ж.Нәжімеденов атындағы сый­лы­ғы­ның лауреаты. «Шығыс шынары» Халықаралық мүшәйрасының бас жүлдегерi.

Ұлы Абайдың ұлағатынан ұшқын алған ол өзінің шығармашылығын ақын жолымен тоғыстырады. Абай жыр­ларына арқау болған елдің мұңын бірге көтеріседі:

Жарықтық, Абай салған

жолға түстім,

Қашсам да тұтқын болып

қолға түстім.

Өзімнен өзім безіп құтыла алмай,

Ой деген ормандағы торға түстім, – дейді ақын.

Бауыржан Жақып – Қазақстан Журналистер және Жазушылар ода­ғының, Халықаралық жазушылар мен публицистер ассоциациясының мүшесi және Қазақстан Республикасы Жоғары мектеп ұлттық ғылым ака­демиясының корреспондент-мү­шесi. Қазақстан Журналистика акаде­мия­­сының академигi. Халықаралық Шыңғыс Айтматов академиясының академигi атанды. Қазақстан  Жур­налистер академиясының ең жоғары сыйлығы – «Алтын жұлдыз», «Құр­мет» орденiнің иегерi, ҚР Мә­дениет қайраткерi.

Ұлттық мүдде, салт пен сана, қоғам өмірінің сан алуан толғақты мәселелерін арқау еткен ақын өлең­дерінен ел мен жер тағдырына алаң­даған азаматтық үн, адамдық ұстаным байқалады. Жалпы айтқанда, ақын Бауыржан Жақып – жан-жақты әдеби-ғылыми-шығармашылық ізденістегі тұлға. Сонау 1984-жылдардан бері  ақынның «Аудитория», «Баспал­дақтар», «Жұлдызды шақ», «Бiр кеменiң үстiнде», «Парус времени», «Аралым – арым, Балқашым – ба­ғым», «Қарлығаш», «Көзiмнiң нұры», «Айдындағы аспан», «Ақ лақ», «Қолтаңба», «Уақыт ұршығы», «Баян­ауыл басынан», «Мыс сапырған, кен қазған», «Қызыл қайың», «Абайдың Қасқабұлағы», «Елiккөрген»  атты кiтаптары жарық көрдi.  

Өлеңдерi орыс, түрiк, қытай, түр­кiмен, қырғыз, украин, бела­русь, македон, ағылшын тiлдерiне ауда­рылған. Сонымен бірге, «М.Әуезов – публицист», «Ұлы суреткер ұлағаты», «Қазақ публицистикасының қалып­тасу, даму жолдары», «Публицис­ти­калық шығармашылық негіздері» тақырыбындағы ғылыми еңбектердің авторы. Поэзиялық шығармалары «Екі мың жылдық дала жыры» атты таңдаулы жыр кітабына енгізілген. Ақын поэзиясында негізінен ата­мекен, табиғат тынысы, ұлт мұ­раты, рухани таным және адами құн­дылықтар тақырыбы жырланады. Сондай құнды шығарманың бірі – «Жан дауысы» поэмасында барша қазақ халқына қасірет әкелген Семей полигонының зардабы шынайы су­реттелген.

Бауыржан Жақып – бірнеше қоғам­дық қызметтерді де негізгі міндетімен қатар алып жүрген қайраткер азамат. Айталық, әр жылдары ол – қазақ журналистикасы саласындағы Прези­дент сыйлығы мен  гранттарын  беру жөнiндегi республикалық қоғамдық комиссияның мүшесi, ҚазҰУ  жур­налистика факультетi Ғылыми кеңе­сiнiң төрағасы, «Журналистика» және «Баспа iсi» мамандықтары  бойынша республикалық ғылыми-әдiстемелiк кеңес  төрағасы, журналистика ма­ман­дығы бойынша диссертациялық ке­ңестiң  ғалым-хатшысы, «ҚазҰУ  хабаршысы (журналистика сериясы)» ғылыми журналының бас редакторы қызметтерін абыроймен атқарды. Ұс­таздық еңбек жолында көптеген шәкірт тәрбиелеп, шығармашылық қа­білетін шыңдап, әдебиет әлеміне, журналистика саласына бағыт-бағдар берді.

Он бес жыл қатарынан Қорқыт ата атындағы ҚМУ-да Мемлекеттік аттестациялық комиссияның тө­раға­­­сы болып, «Қазақ тілі мен әде­­биеті» мамандығы бойынша 2014-2019 жыл­­дары университетті бі­тір­ген 500-ден астам түлекке жол көр­сеткен ұстаз. Осы еңбегіне орай атал­ған университеттің ең жоғары ма­рапаты – «Қорқыт Ата» алтын ме­далімен марапатталды. Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетінің 85 жылдығына арналған ғылыми-та­ным­дық конференцияда баяндама жасады. Сонымен қатар, Сыр бойынан шық­қан ақын-жазушылардың мерей­той­ларына қатысып жүр. Сондықтан өзін осы елдің бір перзентіндей сезініп, Сыр өңірі туралы топтама өлеңдері жазылды.

Биыл қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай, ел аумағында атқарылып жат­қан мәдени-көпшілік шаралардан бө­лек, алыс-жақын шетелдерде ақын шығармашылығы терең наси­хат­та­луда. Айталық, Мемлекет басшы­сының бастамасымен ұлы ақын шы­ғармалары әлемнің 10 тіліне ау­дарылды. Таяуда ғана қазақстандық делегация құрамында ақын Бауыржан Жақып ежелгі Мысыр елінде ісса­парда болып, сол елдегі Абай ес­керт­кішіне тағзым етіп, ақынның араб тіліне аударылған кітабының тұсаукесер рәсіміне қатысты. «Абай және рухани мұра» атты халықаралық конференцияда баяндама жасады.

Мiне, бiр адамның бойынан осын­шама қабiлеттің табылуы, оның  қо­ғамға, елге жасаған қаншама қызметі, атақ-абыройы ненi бiлдiредi? Сан қырлы талант иесi дегенiмiз осы емес пе? Мен Бауыржан Жақып­тың негiзгi және қоғамдық жұмыс­тарын, ғылымдағы, әдебиет пен журна­лис­тикадағы, баспагерлiк салада­ғы ат­қарған жұмыстарын және жетіс­тіктерін қысқаша шолып өттім. Осының өзiнен-ақ бұл азаматтың қо­ғамдағы, ұлттық әдебиетiмiз бен мә­дениетiмiздегi және ғылым жолын­дағы алатын орны айшықталып тұр­ған жоқ па? Егер әрбiр iсiн таратып жазатын болсақ, үлкен бiр әдеби шығармаға арқау болар едi. Ол, әрине, алдағы күндердiң еншiсiндегi дүние болса керек…

Итен ҚАРЫМСАҚҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Ақпарат саласының үздігі,

Қазақстанның Құрметті журналисі

Пікірлер:
  • Шыныменде «Сегіз қырлы бір сырлы» майталман азамат! Абай елінің топырағынан, сол елден шыққан данышпандарының нағыз ұрпағы ғой!Бауыржан азаматтың үні, сөзі, білімі Қазақ елінің абыройын көтеріп, өркендеуіне рухани күш-қуат берсін!

Пікір жазыңыз