Жас ғұмырдың жалыны

401

0

Қазақ үшін Тәуелсіздіктің құны қымбат. Оны ата-бабамыз өмір бойы аңсап өткен. Ал кешегі жетпіс жыл үстемдік еткендер құл-құтанға теңдік алып бердік, ұлттардың мызғымас достығын қамтамасыз еттік деген. Әділетсіздікті әшкерелеген, көзқарастарын ашық айтып, биліктің құлағына жеткізген, қол ұстасып алаңға шыққан жастар арасында жаңақорғандық қырандар да бар еді. Содан бері 33 жыл өтсе де  желтоқсанның ызғары жанды қарып, қасірет пен өкініш жүректі сыздатады. Өйткені желтоқсан оқиғасы талай жастың тағдырына таңба салды.

Жаңақорған топырағының тумасы Ботагөз Әбілтайқызы Қарабаева аудан орталығындағы №163 Октябрьдің 40 жылдығы атындағы орта мектебін оқып бі­тір­ген соң екі жыл орталықта­­ғы ХРСУ мекемесінде құрылыс­шы болып жұмыс істеді. Осы орында үздік еңбегімен танылып, КПСС қатарына өтті. Өзі жасынан сүйіп оқыған пәні бойынша ҚазМУ-дың химия факультетінің студенті атанды. Желтоқсан көтерілісі тұсында 3 курста оқитын Ботагөз алаңда көзқарасын білдірген жас­тар сапына қосылды. Топпен бірге қамалып тергеуде болды. Ақыры 17-18 желтоқсан күндері жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны үшін деген айыппен оқудан шығарылды. Амалсыз ауылға оралуға мәжбүр болған Ботагөз осы жылдары өндірістік комбинатта жұмыс атқарды.

1990 жылдары Мұхтар Шахановтан хат келіп, оқуын қайта жалғастыруға мүмкіндік алды. Еңбекке де, білімге де жанымен берілген, ешқандай қиындыққа мойымайтын Бота­­гөз университетті өте жақ­сы оқып бітіріп, магистрату­рада білімін жалғады. Өз саласы бойынша ғылыми жұ­мыс қорғап, кандидаттық ата­ғын алды. Бірнеше жыл ҚазМУ-да оқытушы, одан әрі «Қазтрансойл» мекемесінде қыз­мет атқарды. Шетелдік ісса­парларға білікті маман ретінде Бота­гөздің жиі шығатынына қарап оның ұжымында да беделді, іскер екеніне тәнті болатынбыз. Қызмет ете жүріп ҚазМУ-дың заң факультетінде сырттай оқыды. Үнемі ізде­нумен, алға ұмтылумен жүре­тін бауырымның ер-аза­матқа белгісіз ерік-жігеріне қызығатынмын. Оған арқа сүйейтінмін, кішкентай кезінен осындай табанды мінезіне бәріміз сүйсінетінбіз.

Алаңға ақиқатты айтамын деп шығып, ақырында жаладан жаны күйзеліп, қысым көрген Ботагөз бір жағынан ел-жұрттың сөзінен қорықты. Ол қысқа ғұмырында қаншама іс атқарып, қатарының алды боп кетті. Тірі жүргенде ел игілігіне қызмет жасап, талай биіктен көрінер еді деген өкініш өзегімізді өртейді. Ғылым саласы бойынша алған марапаттары, жазып жүрген ізденістері бәрі-бәрі артында қалды. Ол 2010 жылы кенеттен екі күн ауыр­ады да, бақилық болды.

Жылда Желтоқсан оқи­ға­сы­на арналған шараларда Ботагөздің есімі аталмауы көңілімізді құлазытады. Ботагөзге Жаңақорған көше­лерінің бірінің атын берсе екен деген өтінішімді айтып, аудан басшылығына да кірдім. ҚР Бас прокуратурасынан Ботагөздің ісі қаралған барлық материал­дар­ды жинап алып келдім. Соңын­да жоқтаушысы бар асыл жан­ның аты өшпесе екен деймін.

Бурхан ҚАРАБАЕВ.

Жаңақорған кенті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<