ЖАҚСЫ АДАМ – ЕЛ ЫРЫСЫ

781

0

Бұрынғылардың «Талайлар өтті-ау жалғаннан, Көрген адам таңғалған» дегені бар-ды. Бір жағынан ғибраты мол, екінші жағынан күйінішпен «аһ» ұрып айтылған, өзекті өртер осы сөз ойға оралған сайын педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Ресей білім академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Байзақ Көпірбайұлы Момынбаевтың нар тұлғасы көз алдыма келеді. Күн өткен сайын сағынышқа айналған болмысы ірілене түсіп, күлімдеген бейнесі талайлардың жүрегіне мәңгілік із қалдырған ұлағатты ұстаз, білікті ғалымның жүріп өткен жолы, артына қалдырған мол мұрасы әлі күнге дейін іздеушісі мен жоқтаушысын қызықтырып, тамсандырып келеді.

Қасиетті Сыр елінде туып-өскен Байзақ Көпірбайұлы Алматыда білім алды, ғылым жолын бағындырды, шәкірт тәрбиеледі, үлкен қызметтер атқарды.

Қазақта айтылатын «атадан – өсиетті, анадан – қасиетті» кішкентайынан бойына сіңіріп өскен Байзақ Көпірбайұлы – текті рудың тұқымы. Оның арғы аталары Сәлтеке би Мәметекұлы, оның ұрпақтары Туған би мен Барқы батыр, олардан тараған Науша Батыр, Байназар би, Тобжан би есімдерінің тарихта қалуы, Қармақшы өңірінде «Мәметек арығы», «Сәлтеке төбесі» атты жерлердің болуы – Алтын руының тарихы тереңде жатқанының куәсі. Байназар бидің үш ұлының бірі Көпірбай да тегін адам болмаған деседі, оның адам мен малды сыртынан танып, сынайтын көрегендігін ел-жұрт әлі күнге дейін аузынан тастаған емес.

Байзақтың әкесі – Момынбай өзінің адалдығы мен еңбекқорлығының арқасында аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, ауылдық кеңес төрағасы, колхоз бастығы қызметтерін атқарған өз заманының абыройлы азаматы болды. Момынбайдың елді ұйымдастыру шеберлігі, шаруашылықты дамытудағы қажыр-қайраты атадан балаға аңыз боп жетті. Оның «Қосапан», «Тасарық», «Қожа-Арық», тағы басқа каналдарды салуға тікелей үлес қосқанын Сыр бойын жайлаған жергілікті халық ұмытқан жоқ. Момынбайдың әсіресе, Сырдария өзені тасығанда, арнасынан асқан суды ауыздықтау үшін ұсынған әдісін («қара бура» әдісі) әлі күнге дейін жұрт жыр қылады. Арнайы білімі болмаса да, табиғаттың өзінен тәжірибе жинақтап, көзі қарақты, кәсіби шеберге айналған мұраб Момынбайдың осы батыл шешімінің арқасында талай адам апаттан аман қалды.

Момынбайдың осы баға жетпес еңбегін есте сақтау мақсатымен көпшіліктің сұранысы негізінде Тасбөгет кентіндегі көшеге есімі (Момынбай  Көпірбаев көшесі) берілді.

Бар қазақты аузына қаратқан хакім Абайдың «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деген ғибратты сөзі Байзақ Көпірбайұлының өмір жолынан хабар бергендей. Ақылдылық пен адалдық, еңбекқорлық пен жауапкершілік тегінде бар Байзақтың ғылым-білім жолында ұстаздан жолы болды. Ол Қазақ мемлекеттік ауылшаруашылық институтының қабырғасында оқып жүргенде айтулы ғалымдар И.Сахаров, М.Алшынбаев, И.Қыпшақбаев, А.Ержанов және т.б. ұлағатты ұстаздардан тәлім-тәрбие алды, талаптанды, ғылым қуды. Осында жүріп адал жар кездестірді, жаны таза дос-құрбы тапты. Бұрылысы мен бұралаңы көп сындарлы өмір жолында айналасына жақсы адамды жинауы, жақсылармен дос болуы, жақсы жармен отбасын құруы, жақсы ұрпақ тәрбиелеп өсіруі – Байзақ Көпірбайұлының әу бастан сөзі де, ісі де қадірлі, шын мағынасындағы жақсы ата-анадан алған өнегесінің нәтижесі, «тегіне тартып ұл туар» деген сөздің дәлеліндей деп білеміз. Біз «жақсы» сөзін бекер бірнеше рет қайталаған жоқпыз, қазақтың ұғымындағы «жақсы» сөзінің аясында адами асыл қасиеттің бәрі бар.

Байзақ Көпірбайұлы 1969 жылы Қазақ мемлекеттік ауылшаруашылық институтын бітірген соң алғашқы еңбек жолын Қазақ ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру ғылыми-зерттеу институтының машина-трактор паркін пайдалану зертханасының инженері қызметінен бастайды. Көп ұзамай осы институттың аспирантурасын тәмамдап, біржола ғылым-білімге бет бұрады. Өзі оқыған Қазақ мемлекеттік ауылшаруашылық институтының «Тракторлар мен автомобильдер» кафедрасында ұстаздық еткен ол 1981 жылы Ленинград ауылшаруашылық институтында академик И.Қыпшақбаевтың жетекшілігімен диссертациясын сәтті қорғап, техника ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алады. Сонау Кеңес Одағы тұсында орыс тілінде, оның ішінде техника саласынан ғылыми жұмысты сырт жерде қорғау, шынында да көзсіз ерлікпен пара-пар болатын. Ол институтта қызмет ете жүріп, жоғары оқу орындарындағы кәсіби педагогика, инженерлік педагогика саласы Қазақстанда ғана емес, КСРО-да өзекті мәселелердің бірі екенін ұғынады. Сондықтан Қазақ ауылшаруашылық институтында 1984-1990 жылдар аралығында тұңғыш «Инженерлік пәндерді оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» кафедрасының негізін қалап, меңгерушісі қызметін атқарады, кадр жинайды, тәжірибемен айналысады, жас ғалымдарды зерттеу жұмыстарына тартады, қамқорлық көрсетеді. Осы саладағы көп жылғы ізденісінің нәтижесінде Кеңес Одағының Батыры, аты аңызға айналған партизан, үлкен ғалым С.Батышевтің жетекшілігімен 1991 жылы Свердловск инженерлік-педагогикалық институтында (Ресей) КСРО-да тұңғыш рет инженерлік педагогика саласы бойынша диссертация қорғап, педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін иеленді.

Оның қаламынан туған 24 оқулық пен 5 оқу-әдістемелік құрал, 217-ден ғылыми еңбек, 60-тан астам баяндама мен мақалалар оның ғылымдағы ғұмырын жалғай түсері анық.

«Өзіңді билеу – мінез, өзгені билеу – талант» деп жатады. Өзін де, өзгені де ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрекпен билей білген Байзақ Көпірбайұлы талай жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. Саналы ғұмырында Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім проблемалары институтында директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, хатшы-академигі, директордың міндетін атқарушы, осы академияның Кәсіптік білім институтының директоры, Қазақ білім академиясының вице-президенті, президентінің міндетін атқарушы, педагогика ғылымдары бойынша докторлық диссертациялық Кеңестің төрағасы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының ғылыми кадрлар басқармасының бастығы және т.б. жоғары лауазымды қызметтерді атқара жүріп, ғылымнан бір қол үзбеді. Нәтижесінде 2005 жылы Ғылым мен техниканы дамытуға зор үлесін қосқан ғалымдарға арналған Мемлекеттік ғылыми стипендияның иегері болды. Қайда жүрсе де, кәсіптік білім реформасына үлкен көңіл бөлді, кәсіби педагогиканың іргелі проблемаларымен жүйелі айналысты.

Байзақ Көпірбайұлы тәуелсіздік жылдары елдегі кәсіптік білім беруді дамытудың Тұжырымдамасын әзірлеуге тікелей мұрындық болды, кәсіптік- техникалық мектептер үшін жаңа негіздік оқу бағдарламаларын және кәсіптік білім беру мемлекеттік стандарттарын дайындауға атсалысты.

Өмір жолындағы үлкен белес – туған жері Қызылордаға келіп, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры қызметін атқаруы еді. «Ел елдің бәрі жақсы, өз елің бәрінен жақсы» дегендей, туған елге табан тіреген Байзақ Көпірбайұлы Сыр жеріндегі басты оқу орнын дамыту ісіне бел шешіп кірісті. Осы кезеңде оның тамаша іскерлігіне, ұйымдастыру қабілетіне, басқарып отырған саланың күрделі мәселелерін шебер шеше білетіндігіне қалың көпшіліктің көзі тағы жетті. Университеттегі ірілі-ұсақты проблемалардың оңтайлы шешілуіне барлық қажыр-қайратымен, ықылас-пейілімен қызмет етті.

Байзақ Көпірбайұлының осы жолдағы еткен еңбегі, сіңірген қызметін Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА вице-президенті, академик Т.Есполов былай деп еске алады: «Бәкең қай қызметте болмасын, өзінің жоғары білімділігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен таныла білді. Соның нәтижесінде, мәселен, Қорқыт ата университетінде білім беру сапасын арттырумен қатар шетелдік байланыстарды күшейтті. Канадалық Оңтүстік Альберт технологиялық институтымен біріккен ғылыми жобалар іске асырылды. Университеттің жас оқытушы-ғалымдары осы университетте және Ұлыбритания, АҚШ, Израиль, Ресей сынды озық шетелдерде өзінің кәсіби біліктіліктерін арттыра отырып, озық тәжірибелер университетте пайдаланыла бастады. Сонымен қатар оның кәсіптік педагогика саласындағы жетістіктері әлемнің дамыған елдерінің ғылыми орталықтарында жоғары бағаларға ие болды, ғылымдағы ірі жетістіктер қатарынан танылды».

Иә, шынында да өмірінің соңғы жылдары туған жерге туын тіккен Байзақ Момынбаевтың осындай бастамашыл істерімен бірге ерекше атап өтетін қасиеті – дарынды жастарға ұдайы қамқорлық көрсеткендігі.

Байзақ Көпірбайұлының қоғам мен мемлекет алдында сіңірген ерен еңбегі ескеріліп, әр жылдары Қазақ КСР кәсіптік-техникалық білім саласының үздігі төсбелгісімен, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағымен, «Парасат» орденімен және Ресей Федерациясы Білім және ғылым министрлігінің «К.Д.Ушинский медалімен», Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Алғыс хатымен», «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен және т.б.марапатталды. Ол Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының академигі, Ресей Білім академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланды.

Корея Республикасындағы Каннам университетінің құрметті докторы, Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің «Құрметті профессоры», Сырдария ауданының «Құрметті азаматы» атағы берілді. Облыстық мәслихаттың депутаты болып, талай қордаланған әлеуметтік мәселелердің тиімді шешілуіне де атсалысты.

Иә, мәңгілік ешнәрсе жоқ. Осындайда тағы да хакім Абайға жүгінеміз… «Күн артынан күн туар, Бір күн дамыл еткізбес. Ой артынан ой туар, Желге мінсең, жеткізбес» дейді ұлы ақын.

Ендігі міндет – біртуар ғалымның есімін мәңгіге есте қалдыру жұмыстарын жандандыру, артындағы мол ғылыми мұрасын кешенді зерттеу.

Бүкіл қазақтың ержүрек батыры Бауыржан Момышұлы «Өлім – тірілерге сабақ» деген екен. Сондықтан тірілердің есінде жүрсін десек, өліге көрсетер құрметті кешіктіруге болмайтыны анық.

Әрине, ғалымның ғибратты ғұмырын есте қалдыру мақсатында талай шаруалар атқарылды. Көзі тірісінде жарық көрген «Жүз тұңғыш» атты жинаққа (құрастырушы – Б.Нұржекеұлы, 2005ж.) қазақ ғалымдарының ішінде тұңғыш қазақ тілінде «Кәсіптік-техникалық пәндер» атты оқулық авторы және инженерлік педагогика саласында тұңғыш доктор атағын алған ғалым ретінде Б.Момынбаевтың есімі енгізілгенін бәріміз мақтан тұтамыз, құрметтейміз.

2013 жылы Б.К.Момынбаевтың өмірі мен қызметіне арналған «Академик» кітабы жарық көрді. Жинақта талай танымал достары мен әріптестері (С.Шаухаманов, К.Ормантаев, А.Сейдімбек, Н.Надиров, Иран-Ғайып, Т.Әубәкіров, С.Нұрмұратов, Қ.Бисенов және т.б.) сағынышқа толы лебіздері мен естеліктері берілді.

2016 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Ресей білім академиясының академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Байзақ Көпірбайұлы Момынбаевты еске алуға және 70 жылдығына арналған «Үздіксіз кәсіби білім берудің проблемалары мен келешегі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдарының жинағы жарық көрді, оның «Ұсыныстар» деген бөлімінде Қызылорда қаласындағы мектептердің бірін академик Б.Момынбаевтың есімімен атау туралы ұсыныс берілді.

Қазақта бір әдемі сөз бар: «Ата-ананың қарызы – ұрпақтың өмірлік парызы» деген. Ғалымның артында қалған балалары осыны терең түсініп, келелі шаруалар атқарып келеді. Саяси ғылымдарының кандидаты, экономика ғылымдарының докторы, жасыл энергетика маманы Жомарт Байзақұлы Момынбаев 2017 жылы құрылған «Академик Б.Момынбаев атындағы Қор» жеке қорының Президенті ретінде мектептегі қолданбалы ғылым-білім саласындағы бірегей жобаларды қаржыландыруды қолға алуда.

Бұл, әрине, ел болашағы – жас ұрпаққа көрсетілетін үлкен қамқорлықтың, өңірлердегі дарынды балаларды қолдаудың тамаша үлгісі болмақ. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі 2018 жылдан бастап еліміздің барлық мектептерінде қамқоршылық кеңестің жұмысын жандандыруды қолға алған тұста бұл бастама  басқаларға үлгі болады деген ойдамыз.

Сөз соңында мақаланың басында көбірек айтқан «жақсы» сөзіне қайта оралғымыз келеді. «Жақсы адам – ел ырысы» десек, ендігі жерде жақсы азамат, жақсы ғалым, жақсы әке Байзақ Көпірбайұлының артында қалған ұрпағы өсіп-өнсін, қалдырған мұрасы жастардың мұратына жарасын, ел ырысына айналсын деген игі тілек біздікі.

Бақытхан ӘБДІКӘРІМОВ,

Қорқыт ата атындағы ҚМУ проректоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<