Жауынгер тағдыры

471

0

Бала кезімізде Мәтжан әкемізден аяқ жарақатын қалай алғанын сұрағанымызда ол кісі айта бермейтін. «Соғыс»  деген сөздің өзін естігенде көңілі құлазып қоя беретін. Содан әкемізден ол туралы сұрамаушы едік. Соғыстан балдақпен оралған жауынгерге жаңа өмірге араласып кетуі де оңай болмағаны сөзсіз. Өсе келе түсіндік, әке жүрегі өзі көрген зұлмат соғысты ұрпақтары көрмек түгілі, атын естімесін деген тілегі екен. Ер жетіп әкемнің тілегі бойынша отбасымызбен Қазақстанға оралғаннан кейін, әкеме қойған сұрақтарымнан жауап ала бастадым. Сонымен тарқатыңқырап айта­йын.
Әкем үш ағайынды. Ағасы Әбен және қарындасы Мариям Қармақшы ауданы сол кездері Алтыншы ауыл аталатын жерде Сарыбайдың отбасында дү­ниеге келген. Ата-анасынан әскерге шақырылмай тұрып ерте айырылған.
Ағайынды Сарыбаевтар – Мәтжан мен Әбен Қызыл армия қатарына 1939 жылы ша­қырылып, Батыс Украина, Батыс Белоруссия жерлерін Кеңес үкіметіне қосуға үлес қосқан.
Ұлы Отан соғысы ағалы-інілі Сарыбаевтарды әртүрлі әскери бөлімдерге бөліп тастаған еді. Қарапайым қазақ сар­баздары, әрине, әскери опера­цияларды, Бас штабтың құ­пияларын білмейтін. Алайда олар алдарындағы мақсаттарын айқын білетін, ол – Отанды қорғау.
Сарыбаев Әбен 1943 жылы Сталинград қаласындағы шай­қаста ерлікпен қаза тапты. Інісі Мәтжан шайқасты жалғастыра берді. Осы уақытта Жосалы кен­тінде «Барлығы майдан үшін, Барлығы жеңіс үшін!» деген ұранмен уақытпен, қиын­шы­лықпен санаспай, әкемнің қа­рындасы Мариям еңбек етті. Ол кісі соғыстан алыс болса да жүрегі Отан қорғаушылармен бірге еді. Себебі жалғыз ұлы Үсенбай әскер қатарында, сұра­пыл соғыстың ішінде болатын.
Әкем Мәтжан 1943 жылдың шілде айында Воронеж қала­сындағы шайқаста аяғынан жараланып, дала госпиталіне емделуге жіберіледі. Сонда ем алып, өз еркімен қайта әскер қатарына қосылады.  Ол уақытта Кеңес әскері Шығыс Еуропаны фашист әскерінен тазалау операциясын бастап кеткен болатын. «Варшаваны алғаны үшін» медалімен марапатталып, Польшаны азат еткеннен кейін, Берлин шайқасына қатысу үшін майданға қайта жіберіледі.
1945 жылдың сәуір айының 27-жұлдызында 317-атқыштар полкі әскери ұранмен Берлинге шабуылға аттанады. Әскери штурм кезінде Мәтжанның қасындағы сарбазға, өзбек жігіті Тошмат ағаға оқ тиіп, сұлап түседі. Әкем дереу құлаған сарбазды 10-15 метрдей жерге сүйреп, «шыда досым, қазір сені медбикелер алып кетеді» деп алға қарай ұмтыла бергені сол еді, жаңа ғана жауынгер құлаған жерге  снаряд жарылады. Екеуі де бастарын бұғып жата қалады. «Жақсы досым, аман бол!» деп әкем шабуылды жалғастырады.  Сол шайқастың аяғына қарай өзі де іші мен сол аяғының сирағынан (орысша – голень) жарақат алады.
Воронеж, одан Энгельс қала­ларының госпитальдарында ем алып, 3-4 рет операция жасалады. Дегенмен, снарядтың қалдығы денесінде қалып қояды. Бала кезімізде сол аяғын уқалап отырғанда алақанға кішкене кесек темірдің үшкір жиегі тиетін еді. Бұл – Берлиндегі соңғы шайқастан қалған белгі.  «Отан соғысы» II дәрежелі ордені, «Берлинді алғаны үшін» медалі, «Берлинді алғаны үшін» Сталиннің қол­жазбасы бар Алғыс хаты Энгельс госпиталінде табысталған болатын.  Энгельс  қаласынан кейін Самарқан эвакуациялық әскери госпиталіне ем алуға жіберіледі. Сол Өзбекстанда өмірін түбегейлі өзгерткен бір оқиға болды.
– 1946 жылы Самарқанд әскери госпиталінен шығып, Қазақстанға қарай жол жүру үшін вокзалда отырғанмын, – дейді әкем. – Жолаушылар, кіріп-шығып жатқан адамдар да көп. Бір кезде қасыма тақия киген өзбек жігіті келіп құшақтай кетті. «Мәтжан ака, құдай бар! Кездестік қой» деп қуанғанын көрсеңіз. Қарасам, кезінде со­ғыста ажалдан құтқарып қал­ған досым Тошмат ака болып шықты, – дейтін.
Содан не керек, әкемді қояр да қоймай қонаққа шақырады, көндіреді. Жолда – соңғы алған жарақаты қауіпті болғанын, медициналық комиссияның ше­шімі бойынша әскери қызметке жарамсыз деген құжат алып үйіне оралғанын, әкесінің қайтыс болғанын, анасының жалғыз ұлын құтқарып қалған қазақ жігітін тосып, көргісі келіп жүргенін айтады. Қонақ болып енді ауылға қайтайын дегенде Тошмат аканың анасы жібермей қояды. «Менің екінші ұлым боласың, кетпе!» – деп алып қалды. Солайша, мен өзбек отбасының екінші ұлы болдым, – дейді әкем.
Жұмысқа орналасты, достары көбейді. Көп ұзамай қазақ қызы Наурызбаева Тұрдыгүлді кездестірді. Тамды қаласынан, мамандығы – мұғалім. 1947 жылы Тошмат ака мен Мәтжан бір күнде үйленді, отбасылы, балалы болды. Әртүрлі себептермен көшіп келген қазақтар әкеммен жақсы араласып, қасына қоныстанған. Аяғында әкем тұрған көше – «Қазақ көшесі» деп аталып кетеді.
Анам Наурызбаева  Тұр­дыгүл өте сауатты, байсалды кісі болатын. Бос уақытында кеудеше, шұлық, қолғап, кілем тоқитын. Әділетсіздік орын алса, соны шешу үшін бар күшін салатын. Әлі күнге дейін қариялардың айтқан мына оқиғасы есімде. 1948 жылы әкемді тұтқындайды. Милиция бөлімінде көрісуге де рұқсат бермейді. Амал жоқ, апам үйге келіп, «Москва, Кремль, Сталину» деп хат жолдайды. Әрине, хат Сталинге жетпеген шығар, бірақ жоғарыдан билік басындағылар келіп, мәселені шешуге кіріседі. Сол күні үйге милиционер әкемді ертіп келіп, бір түсініспеушілік болды, кешіріңіз. Мына қағазға кешірдім деп қол қойыңызшы. Сосын фашистерді жеңген батырыңызды қабыл алыңыз. Кінәсі жоқ екен, айып бізден, кешіріңіз тағы да, – деп әкемді қайтарған екен.
Уақыт өте келе, соғыста алған жарақаттар белгі бере бастайды. 1974 жылы сол жағы жансызданып қалды. Отан соғысының II топтағы  мүгедектігін I топқа ауыстыру керек болды. Бұл жағдайда соңғы сөз аудандық бас дәрігерге байланысты. Дәрігер уақыт өте келе сарғайып кеткен әскери құжаттарды оқып: «орыс тілінде «голень» деген сөз жоқ, «колено» деген сөз бар. Военкоматқа барып, өзгертіп келіңіз» – деп апама құжаттарды қайта тапсырды. Ол кезде екі ауданға бір военкомат қызмет ететін. Сонымен не керек, апам жұмыстан сұранып, көрші ауданда орналасқан военкоматқа жетіп, жағдайды айтады. Военком таңғалып, «бұл не деген ақымақшылық, не деген надандық» деп ренжиді. Дегенмен, «құжаттарда қате жоқ» деп қол қойып, мөрін басып апамды автобус аялдамасына дейін шығарып салады.
Бас дәрігерге қайта келіп құжатты көрсетсе, дәрігер дегенінен қайтпай тұрып алады. Сонда апам:
– Балам, біріншіден, Отанды қорғау үшін барлық халық бір болып жұмылды.  Жасы да, кәрісі де, ұлты пен дінге бөлінбей соғысқа аттанды. Сол кезде жараланған сарбаздың құжаттарын өзге ұлт өкілі жазып, ісқағаз жүргізу тілі орыс тілі болғандықтан, мұндай қателік күні-түні жалғасып жатқан  сұрапыл соғыс уақытында болуы мүмкін. Екіншіден, соғысқа аттанғандар олар­дың болашақта балалары, немерелері жақсы өмір сүрсін, өссін, өркенедесін деп өз өмірлерін қатерге тігуден еш тайынбады. Үшіншіден, балам, орыс тілінде «голень» деген сөз бар. Мен өзім орыс тілі пәнінің мұғалімімін. Голень мен коленоның айырмашылығын өзіңізді ертіп, Отан соғысы ардагеріне алып барып көрсетіп берейін, – деп сөзін аяқтапты.    
Сол күні түс ауа үйге бас дәрігер келіп, әкемнің керуетінің бас жағына отырып «Кешіріңіз, ака! Шайтан жолдан тайдырды. Кешіріңіз балаңызды» деп кешірім сұрады. Ертесіне өзі келіп Ұлы Отан соғысының I топтағы мү­гедектігі туралы куәлігін табыс­тады.
Уақыт деген зымырап өте шығады екен. Тошмат аканың анасы бізді өз балаларынан кем көрмей жүруші еді, бірақ мына жалғаннан ол кісі де  өтті. Балаларының өскенін, оқып азамат болғанын көріп, оларды үйлендіріп Тошмат аканың өзі де өмірден озды.  
1976 жылы «Есің барда еліңді тап» деп әкем өзінің туған жері – Қармақшы ауданына жеткізуді сұрайды. Көпұлтты көшенің тұрғындары, Тошмат аканың балалары, туысқандары әкемді Қазақстанға шығарып салады. «Райпотребобщество» мекемесінің ұжымы митинг ұйымдастырады. Оған соғыс ардагерлері, еңбек ерлері, дос­тары келіп, жылы лебіздерін білдіріп, вагонға шығарып салды.
Поезда да Ұлы Отан со­ғысы ардагеріне сый-құрмет көрсетілді. Жосалыға келгенде туған-туыстар күтіп алып, қамқорлықтарын көрсетті. Иә, әкемнің арманы орындалды. Елге келді, балаларын елге қос­ты, туған жерінде 1983 жыл­дың қыркүйек айының 11-жұл­дызында жерленді. Менің апам Наурызбаева Тұрдыгүл әкем өмірден озғанша қасында кү­тушісі, тазалаушысы, бір сөзбен айтқанда, адал жары бола біл­ді. Ол кісі 1991 жылдың  тамыз айының 19-жұлдызында дү­ниеден өтті. Жандары жән­наттық болғай!
Жарқын мейрам – Ұлы Же­ңіс күніне 75 жыл толды. Әкелеріміз қасық қаны қалған­ша күресіп, алып берген бұл Ұлы Жеңістің  жемісін  қазір ұр­пақтары егеменді елде кө­ріп отыр. Ұрпақтарының әрқай­сысы – әр саланың майталман мамандары.
«Ер есімі – ел есінде» де­мекші, бізге жарқын болашақ, бақытты ғұмыр сыйлаған ардагер ата-аналарымыздың ерлігі ешқашан ұмытылмайды.
Мұхамед САРЫБАЕВ.
Қармақшы ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<