Жазушы, ғалым, ұстаз

707

0

Белгілі қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Тоқболат Еңсегенұлы 80 жасқа толды. «Сыр бойы» газетінде ширек ғасырдай еңбек еткен журналист кейін ғылым жолына бет бұрып, әдебиеттің түрлі жанрларына қалам тартты. Ол 30-дан астам кітап, 8 көркем шығарма, 16 монография, бір оқулық, 11 оқу-әдістемелік құрал, оған қоса 260-тан астам ғылыми, 70-тен астам көркем сын мақала, 40-тан астам әңгіме жариялаған. Эссе, өлеңдер топтамалары мен бірнеше әндері жарық көрді.   

Жуырда ғалыммен жүздесудің сәті түсіп, өз шығармаларына арқау болған ой сараптарынан бірқатар сауалдарды қойған едік.

– Сіз өзіңізді «Ерте туып кеш қалғандар» қатарына қосыпсыз, неліктен?

− Дүние үштіктен құралған −Аспан − Жер, екеуінің ортасында Адамұлы. Неге? Өйткені, әлемдегі тірі жаратылыстың ішінде тек адамға ғана ақыл мен ой сыйлаған. Оған қоса, өмір қайшылықтан тұрады. Бұл – ақиқат. Табиғат болмысындағы жарық пен қараңғы, жақсылық пен жамандық, су мен өрт, шың мен құз өзара қарама-қарсы. Соған орай, әрбір адам ақыл мен ой және  құштарлықты өріп ұстауға ұмтылуы қажет екен. Олай жасауға менің кезінде дәрменім жетпеді. Себебі, өткен  жолыма, басқан ізіме қарап, өзімді «Ерте туып кеш қалғандар» қатарына қосамын. Солай болуыма қара бастағы табиғи болмысым және тіршілік еткен кезең мен әлгі ғұмыр кешкен орта, жаратушы сыйлаған мінез-құлық себепкер деп санаймын.

Бұған дәлел келтірейін. Өмір ағысына қарап кейде өзіме ренжи, жақтырмай қараймын. Өйткені, мен дүниеге келгеннен кейін Ұлы Отан соғысы басталды. Иә, алғаш соғыс бас­талысымен әкем майданға алынған. Оның жер жыртатын соқасы мен қосқа жегетін өгізіне шешем ие болған. Үйде үнем етер ештеңе болмапты. Отбасында төрт бала бар, алды сегіз жаста. Шешем бригадирден жалынып сұрап, қаптағы егуге әкелген жүгеріден жарты уысын қалтасына салып алады. Әйтпесе балаларын ажал жалмап кету қаупі төніп тұр. Сол дәнді үйге келуіне диірменге тартып, қазандағы суға себелеп салып қайнатады. Шөмішке жұқпайтын шайманы тегешке құйып балалардың алдына қояды. Ертеңіне сәбилердің бәрі төсектен тұрмай қалады. Байқаса, сол қиын шақта егетін дәнді улап жерге себеді екен. Шешем тұрмысы тәуір үйден сүт сұрап әкеліп, балаларына ішкізіп, біздердің жанымызды сақтап қалады. Анандай шақта анасы таңсәріден жер жыртып, өзі бесікке таңылған сәбидің тағдырын көз алдыңызға елестетіңізші? Ауылды аштық жайлады. Сол тұста сегіз жастағы әпкем қоғажай басын күнде жинап келіп және былтырғы қырмандағы сабанды қағып, біздің үйге ажалды жолатпауға тырысты.

1947 жылы мектепке бардым. Оған  жалаңаяқ кіргенім есімде. Егін жинау алғашқы қар жауғанға дейін созылады. Қыстауға көшіп келгеннен кейін күн қатты суыды, аяқ киім болмай мектепке бару маған  тоқтатылды. Сабақтан қалғаным өксік болып сыртқа шығып, ащы жас болып төгілді. Мектепке бара жатқан  балалардың ізінен жалаңаяқ қуа жөнелдім. Шаңырақтың тұңғышы, Қанзия әпкем соңымнан қалмай уәдеге байытып, алдарқатып, айтқанына көндірді. Ол да мен үшін жалаңаяқ қар кешіп жүр. Әкем түнделетіп жұмыстан келген соң менің жасаған қиғылығымды естіген бойда ошақ басында жатқан тулақтан шарық бүріп берді. Адам аязға қатты тоңғанда дене түгел қызара бөртіп, тұла бойың отқа қақтағандай ыси бастайды. Қыстың бетті күйдірер аязы екі ауылды жалғаған арық ішіне еріксіз тығады. Естияр балалар арық табанындағы мұзды ойып, суды бетіне шығарды. Амалсыз аяғың суға малшынады. Сабақтан оралып, шарықты шешкенде тобықтан төменгі жақ түгелдей ақ жемі шығып үлбіреп тұрады.

50-жылдың басында 4 колхоз оғыздардың астанасы болған Жанкент қорғанына қарай шұбыра көшті. Арбадағы жүкті ауылдың шетіндегі көне жертөле қасына жинап, әкем сол маңнан сонан айнымайтын бастырма соға бастады. Анау жертөледе белі бүкірейген, саусақтары қисайып кеткен, таяққа сүйенген жалғыз басты кемпір тұратынын білдім. Байқасам, бұл кемпір күзеткен  шаңырақ отағасысы  бізбен аталас екен. Әженің төрт баласы бірдей соғысқа кетіп оралмапты. Үйдегілер сол ананың отбасы тірлігін түгел атқаруды маған тапсырды. Бұл әже таң атысымен ортасын пешпен бөлген біздің үйге кіріп келеді, оған ілескен бірнеше қап аяз баспана ішін түгелдей тіміскілеп, біздерді төсектен еріксіз тұрғызады. Қаныгүл кемпір қолындағы қисық тал ағашпен жерді қатулана нұқып қалып: «Қош,  ойдан-қырдан не хабар бар, біздің балалардан не хабар бар», – дейді бар салмағын таяғына артып.

– Таң енді атты, сабыр сақта­саңызшы, бәрі ойдағыдай болады, – дейді әкем. Әжем басын төмен салбыратып: – туысың емес пе неге іздемейсің, менің де ғұмырым қыс­қарып келе жатқанын байқа­майсың ба? Жүзден әрі жасайтын қарға емеспін ғой, – дейді.

− Беу Қаныгүл-ай, күйік қайғының шапанын бүркене беретінің не? Осылай қапаға малынып мында тұр­ғаныңда балаларың үйіңе сау етіп кіріп келіп отырса қайтер ең?

 – Аузыңа май, айтқаның айнымай келсін, – деп әже шынымен төрт перзенті өз баспанасына жайғасып, мұны күтіп отырғандай, далаға қарай еңбектегендей қалпында асыға ұмты­лады. Содан кейін бұл әже күндегі әдетінше Қазалы қаласынан келетін қасқа жолдың жиегіндегі биік төбенің басына шығып алып, алыстан көрінген жүргіншіні тағатсыздана күтіп, қасына тақау келгенде өзі отырған төбеден сырғанай түсіп:

– Қош, ойдан-қырдан не жаңалық, біздің балалардан не хабар бар? – дейді. Ал сұр шенел киген адамды көрсе, одан балаларын сұрап ізінен қалмайды. Қаныгүл әже кешкі асын күн қызылы қоюланбай-ақ ішіп алады. Сондайда қарап отырмай әжемнен неге бұлай жасайтынының себебін сұрадым.

– Балаларым соғысқа кеткелі үйге шам жаққан емеспін. Содан бері қырық жыл болды. Өз ойымша төрт баланың ең болмаса біреуі тірі, келеді, сол кезде ғана үйге шам жағамын, – деді Қаныгүл әже. Тағдыр кейде шектен шыққан қаталдығын жазықсыз адамның мойнына қабаттастыра іле салады ғой. Бұл әженің төрт баласының бірі де оралмады. Жиырмасыншы ғасырдың 60-жылдарының ортасында Алматыдағы жалғыз университетке түсіп,  бір курсын бітіріп елге оралсам, суық хабар сумаңдап алдымнан шықты. Қаныгүл әжемнің баспанасын өрт жалмап өзі қоса жанып кетіпті. Мен Қаныгүл мұңлықты анамдай  ардақ тұтатын едім.

Бір қызығы жүз миллиондаған халқы бар Ресей жұртшылығы майданнан қайтпаған жауынгерлерінің мүрдесін іздеп тауып, ескерткіш, белгілер орнатып, қандастарының атын жоғалтпаудың жарасымды жолын тапқан. Біз ше?

Бойымдағы тағы бір таңба болып жабысқан қасиет – сәби кезімде Қанзия әпкемнің ізіне еріп жүріп үй шаруашылығына, отбасы тірлігіне әбден бейім болдым. Сол бауырым өткен ғасырдың елуінші жылдың ортасында тұрмысқа шыққанда отбасының күйбең тірлігінің салмағы менің мойныма түсті. Бұғанам қатпаса да сол бейнетке көндім. Бұл, әрине, заманға қарай көнбістік пен момындықтың маған тартқан сыйы деп есептеймін.  Қатар балалар қара тер болып есіліп ойнап жүргенде мен диірмен тартып, келі түйіп, бала жұбатып, сан-сапалақ жұмысты атқарғанмын. Мұның зиян­ды жағы – ынжық, ұялшақ болып өседі екенсің. Әке-шеше таң атумен жұмысқа кетіп, кетпенмен жер қазса да, орақпен егін орса да көз көрмейтін қараңғылық түскенде барып үйге қайтып, түн ортасында қосқа кіреді.  Олар келгенше өзім шиінді түйіп, оны диірменге тартып, тамақ асып, тапаға нан салып қоямын. Кей күндері арық қазып жатқан анама барамын. Мен шешем жиекке тастаған топырақты жоғары тартып көмектесемін. Әйтпесе қазған жер топырағы қайтадан ішке құлайды. Әрі бөліп берген жерді қазып болмай үйге қайтармайтын еді.

– «Жұмысшы мамандық өмірмен жеке беттесу екен» депсіз. Тарата түссеңіз…

– Қазалы ауданындағы «Өркендеу» ауылынан Энгельс атындағы шаруа­шылықтағы мектепке қатынап оқып, 1957 жылы онжылдықты қырық шақты бала тәмамдадық. Совхоз арасы 15 шақырымдай. Орта білім алғандар өндірісте қалып жұмыс істейді деген үндеу Қазалы аудандық «Ленин туы» газеті бетінде жарқ ете қалды. Бұл бастама қолдау тапты, ауылдағы сан -сапалақ жұмыстар ырқыңа қарамай қарбалас тірлікке еріксіз сүйреп апарып, сүңгітіп жіберді. Сол жылдың күзінде комсомолдық жолдамамен Қызылордадағы экскаваторлық курсқа баратын болдым. Оған кім ұсынғанын білмеймін. Комсомол мүшесімін, өз ойымша бас тартуға болмайды. Оқып келіп Қазалы құрылыс учаскесінде экскаватор машинисінің көмекшісі қызметін атқардым. Әлі паспорт алуға жас жетпеген, мектеп қабырғасынан енді шыққан бізге экскаватордың ауыр бөлшегін арқалауға тура келді.

1958 жылдың күзінде Кеңес армиясы қатарына шақырды. Мұнда тәртіп қатаң сақталады. Қазіргі таңда әсіресе бізге, барлық қандастарға, заңды армия уставын игергендей жатқа білуі керек. 1961 жылы әскер қатарынан оралу бойда темір жол бо­йында істеуді ұнаттым. Өйткені, бұл салада еңбек тәртібі әскердегі сияқты біршама қатаңдау сақталған. Тәртіп сақталмаған жерде береке болуы мүмкін емес. 60-шы жылдары Қазалы, Қызылорда станциясында кондукторлар резерві деген мекеме бар еді. Қазалыдағы сондай кәсіпорында  бас кондуктор болып істедім. Жүк пойы­зы мен жүргіншілер пойызын ірі станцияға дейін аман-сау жеткізуге жауаптымыз. Маған үнемі жүк пойы­зын алып жүру, соған жауап беру жүктелді. Онда составтың ең соңғы вагонында тұрып пойыз амандығын бақылаймыз. Кондуктор орналасатын вагон айналасы ашық, жазда аптап жел соғады, қыста қақаған суық қыспағына түсеміз. Жерде 15 градус аяз болса, пойыз зулап жүрген кезде 40 градус аяз құрсауына алады. Межелі станцияға жетіп, шамалы жүргеннен кейін дене жыли бастайды. Жүк пойызының сапар барысында тоқтап тұруы жетерлік. Көбіне жолаушылар пойызына  жол беріп, бекеттерде ұзақ тұрып қалады. Жаздыкүні сондай сәтті пайдаланып, өлең жазуға кірісемін.  Көңілің жарқын, шайдай ашық болса, сәтті жыр  шумақтары төгіле қалады. Сөйтіп жүріп біраз өлең жазып тас­таппын. Жергілікті  «Ленин жолы» газеті арқылы мәпелеуге жарайтын қабілетім бар екенін байқадым. Үкілі үмітті ұштай түсу үшін журналист дайындайтын жалғыз университетке түсу арманға айналды. Оның үстіне мектепті бітіргендерге арналған үндеу ырқына көнбей, ебін тауып аттестатын алып, оқуға түскен парталастардың алды бітіріп келе бастады.

– Тағы бір сөзіңізде «Журналист  – мейірбан, әділ, қабілетті жан» дегенді айтасыз. Осының сырын ашып бере­сіз бе?

– Меніңше, журналистердің бо­йында да табиғат сыйлаған, ата-анадан дарыған қабілет бар. Талантты жастардың журналистика мамандығын игеруге ұмтылатындығының сыры осында шығар. Әрине, таланттың үлкен-кішісі, ет пен терінің арасындағы жел сияқты көбік қабілет те кездеседі. «Журналист – мейірімді, әділ, адал, қабілетті жандар» деп айтуымыздың төркіні осыған келіп тіреледі.

Журналист – халық қамқоршысы. Осындай абыройлы мамандыққа түсу үшін жүрексініп біраз уақыт дайындалдым. Ақыры өлең жазған қалың дәптерімді, жергілікті басылымдарда жарияланған мақалаларымды жинақ­тап Алматыға қарай тарттым. Ол кезде журналистикаға түсетіндердің көбісі ақын, кейбіреулерінің кеудесінде қы­рық қап жел бар.

Емтихан тапсыру уақыты тақалған шақта журналистика мамандығына  бір орынға 25 адамнан келгенін ресми түрде хабарлады. Ал бұл мамандыққа барлығы 25 адам қабылдайды екен. Конкурстан өтіп студент атандым. Өмірімдегі алғашқы шаттана қуанған сәтім. Ұнатқан кәсібіме қол жеткеннен бе, лекция оқылған әр сабаққа бекем дайындалам. Орталық кітапхананы жапқанша отыра берем. Әр күнге алдын ала жоспар жасағанмын. Мақала жазу үшін өндіріс орындарын аралаймын.  Алғашқы семестрде «Лениншіл жас»,  «Жетісу» газеттеріне бірнеше хабар-ошарым шықты. Ол кезде декан Т.Амандосов «Баспасөз жанрла­рынан» лекция оқиды. Ол сол пәннен емтихан алғанда жарық көрген мақа­лаларымды түгелдей көріп шықты да билеттегі сұрақты айтқызбай сынақ кітапшама жоғары баға қойып берді. Ол кісі аяғыңды қия бассаң,  дәлізде де  сұстана қарап, ұрыса салатын. Бәлкім, ұнамсыз әрекеттен алдын ала сақтандырғаны шығар. Әйтсе де, баға қоюда әділдікті сақтайтын, бұл қасиет қажет қой. Әуелгі өндірістік практиканы 1965 жылы Қазалы аудандық «Ленин туы» газетінде өткіздім. Басылым редакторы бір бума еңбекші хаттарына жауап жазуға маған берді. Екі апта уақытым соған кетті. Одан кейін көптен жатып қалған бес-алты бет арызды тексеруді  әдейі қадап тұрып  маған тапсырды және шағым иесі кемшілікке төзбейтін, заңға жетік адам екенін әдейі ескертті. Сол кісіні қолға түсіру қиын болды,  зейнет жасындағы ақсақал жан-жаққа қыдырып кетіп қалады.

 Редактордың орынбасары сол арыз нәтижесін күн аралата сұрайды. Алған бетімнен қайтпай арызды түбіне тақап тексердім. Шағым  иесі аудандық мекеме  басшысының көзге сүйелдей қадалатын былығын ашып көрсеткен. Арыздың сыр-сипатын шынайы күйінде дәлелдеп жазып, редактордың қолына  ұстаттым.  Осы шағымды тексеруге бір ай уақытым кетті. Сонымен өндірістік практика уақыты да тақалды.  Тұшымды мақала жазудың сәті түспеді.

Бұдан кейінгі өндірістік практиканы облыстық газетте өткіздім. Реті келгенде өз аулыма бардым. Апам «Ана Сәуле шешеңе  сәлем бергенің дұрыс, мені іздейтін адам бар екен ғой деп қуанып қалсын» деді. Ол ана совхоздағы Жеткербай көкенің сара­йына қоныс теуіпті. Оның жары Тайшабар Қоразбайұлы Сәуле екеуі отау тіккеннен кейін көп ұзамай майданға аттанған, қайтып оралмады. Сәуле шеше үнемі шаруашылықтың қауырт жұмыстарының басында таяққа сүйеніп қалғанға дейін жүрді. Себебі,  сол іштегі қасірет дертін еңбек ету арқылы басып, ұмытуға тырысты. Күйеуі кеткелі шаңырақты жалғыз кү­зетті, ақ босағаны кірлетпеді. Бұл ана арқылы ауылдың сан тарау проб­лемалары қоса көрсетіліп, «Ақ босаға» атты лирикалық очерк «Ленин жолы» газетінде жарияланды.  Сөз арасында бұл мұңлықтың күш-қуатынан айырылғанда бас сұғатын баспанасы болмағаны  қабаттаса айтылды. Қазалы аудандық әлеуметтік қамсыздандыру мекемесі Сәуле Қо­разбаеваға «Өркендеу» совхозының орталығынан бір бөлме үй салынып берілгенін «Ленин жолы» газетіне хабарлады. Лирикалық очеркке мекеме жауап береді деп ойламаппын.

Меніңше, журналисттің қаламынан туған кез келген хабар-ошар да жұрт­шылықты сілкілеп оятатындай қуатты болғаны жақсы. Алматыдағы  ұлттық университетті бітірердегі соң­ғы дипломдық практиканы Қызыл­орда облыстық «Ленин жолы» газе­тінде өткізудемін. Редакторы – атақты журналист Ұзақ Бағаев. Ол кісі өте әділ, қаламы жүйрік, ақындығы да бар, дарынды азамат еді. Ұзақ Бағаев адамгершілікке шаң түсірмеген таза, жаны сұлу болғандығынан ба, ре­дакция ұжымы бұл басшыға тік тұрып бағынып, сыйлайтын. Бір күні апталық шығармашылық жұ­мы­­сы­ның қорытындысына талдау жасайтын кезекті жиналыс өтіп жат­қанда қабылдау бөлмесіндегі хатшы келіншек сыртта жүрген маған: «Сізді редактор шақырып жатыр, тез жетіңіз» деді. Бойымды аздаған үрей биледі, себебі, одан бірер күн бұрын сол басылымда көлемді материалым жарияланған болатын. Ішке ендім. Жиналысты редактор қорытып (ол кезде «Бас редактор» деген сөз «Правда» газетінде ғана жазылатын): «Алдарыңызда тұрған студент-практиканттың мына жазған очеркі оқырманын сүйсіндіретін дүние. Дәл осындай  етіп редакция  қыз­­­мет­­керлерінің  көбісі жаза алмай­тынын білем. Бұл студентке біз жай­ғасып жұмыс істейтін орындық та бермеппіз. Мұндай қабілетті жастарға қолдау көрсету қажет-ақ» деді. Университетті бітірер шақта редактор Ұзақ Бағаев қол қойған «Ленин жолы» газетіне қызметке шақырған қатынас қағаз келіпті. Факультет деканы Т.Амандосов бұл жайтқа балаша қуанды. Ұзекең кейін Қазақстандағы баспасөз атасы – қазіргі «Егемен Қазақстан» газетіне басшы болды.  1968 жылы «Ленин жолы» газетіне әдеби қызметкер болып орналастым. «Партия тұрмысы» бөлімінің бастығы – қара қылды қақ жарып сөйлеуге құштар Досмағамбет Тасекеев, соғыс ардагері. Ол ой-өрісі төмен, білімі тайыз, сырты жылтыр адамды әсте ұнатпайды. Бұл бөлім меңгерушісі талғамынан өтіп, ол кісімен бір бөлімде  жұмыс істегеніме редакциядағылар маған ризалық біл­дірді. Өткен ғасырдың жетпісінші жылының басында Қызылорда қа­ласында  шағын аудандар салына бас­тады. Бірақ шырпының қорабындай, бір қалыптан шыққан көпқабатты үйлер тығылыстырып бой көтерді. Әйтеуір іші қуыс. Көп ұзамай «Мик­роаудан қандай болуы керек?» деген мақала жаздым. Қала басшысы Ыдырыс Қалиев жұмыста отырған маған телефон соқты. Аса қажет мәселені газет бетінде көтергенге ризалығын білдіріп, таяуда осы мақала өз бюросында қаралатынын айтып, соған қатысуға шақырды.

 Өмір қайшылықтан тұрады, бұған қолдан келсе опынбаған, жүрекке сақтамаған дұрыс. Осындайда таңдаған мамандығыңның халыққа қамқорлық жасау бағытына бет бұрған кәсіп екені  сүйсіндіреді. Өйткені,  журналистер шығаратын газет ешқандай дақ түспеген ақ қағазға басылып, халыққа тарайды… Осы «Ленин жолы» («Сыр бойы») газетінде 24 жыл қызмет атқарыппын. Сол ұзақ уақыттың әр күнінде атқарылған еңбек қорғасын болып балқып, газет бетіне әріп болып құйылатын еді. Шынында да ол кезде газетке басылатын әріп балқып құйылған қорғасыннан жасалынатын. Ойланайықшы, ұқсастық па? Сан салалы өндіріс, кәсіпорын, құрылыс, білім, мәдениет орындарын аралағанда кездескен барша адамдар жұмыстан кейін еркін тынығып, ұйықтап жатқанда өзім солар туралы терең толғанып, шындықпен суарылған ойымды ақ қағаз бетіне шұқшия түсіріп отыратынмын. Өйткені, газет шапшаңдықпен қоректенеді…

– Көркем шығарманың бірнеше жанрына қалам тарттыңыз. Прозада алты кітап шығарыпсыз, 16 монография, 11 оқу құралы бар екен. Осылардың арасында жаныңызға жақыны қайсы?

− Ашығын айтқанда, әуелі жыр мен ән толқын болып жүректі тербеді. Себебі, поэзия айдынында еркін жүзген әулеттен шықпасам да, әкем Жанбатырұлы Еңсеген ауыл-аймаққа ақындығымен кең танылған кісі еді. Көкем өз көңіліне сезім толқынын тудырған жайтты әп-сәтте жырға айналдыруға бейімділігі басым болатын. Ал шешем Үрімкүл Меңдібекқызы ұтқыр, ойлы сөйлейтін, жұртты аузына қаратқан, «Ауыл апасы» атанған, жүзінен мейірім төгілген, кең пейілді ана еді. Көкем де, анам да қой аузынан шөп алмайтын момын адамдар болатын. Содан ба, социализм орнатуда Кеңес  өкіметінің шиқылдақ арбасына өгіздей болып өмірден өткенше жегілді. Жыр мен әнге құштарлығым менің өмірдегі жолымды табуға, мақсатымды айқындауға мүмкіндік жасады. Өзім 6-сыныптан бастап өлең жаза бастадым. Бірақ сол жырларымды бала күнімнен-ақ біреуге көрсетуге ұяламын. Анда-санда өлеңдерімді топтап Қазалы аудандық «Ленин туы» газетіне жіберетінмін. Араға айлар, жылдар салып бір-екі туындыларым қылт етіп газет бетінен көрінеді. Бірте-бірте өзге газеттерге қарай мойын созуды әдетке айналдырдым. 1961 жылы әскер қатарынан оралғаннан кейін жыр жазуды үдете түстім. Оған, әрине, жан дүниеңді түгел өртеп жіберердей болатын ғашықтық алауы себепші болса керек. Болашағы бұлыңғырлау жырдың жетегіне еріп, ұйқы көрмеген талай апта, айлар зымырап өте шықты. Сол махаббат жайлы жырлардың ішін­де бір өлең Сыр өңіріндегі аймақтық басылымның назарына ілігіпті.                            

«Ынжықтық» деген туындымды облыстық «Ленин жолы» газетіне жібердім. Ішекті үзердей ұзақ уақыт­тан кейін сол басылымнан хат алдым. Онда: «Өлеңіңді оқыдым. Өзіңе сонша налып, сары уайымға салыныпсыз, жаратпадық»,– деп жазып, әдеби қызметкер Р.Бекбергенова қол қойыпты. Содан біразға дейін қалам ұстамай жүрдім. Кейін Қазалы вагон депосына қарайтын мекемеде жұмыс істегенде республикалық «Темір жол газетіне» үйірсектік таныттым. Сол басылымға «Аяз бен кондуктор» деген өлеңім жарқ ете қалды. Айым оңымнан туғандай, қайтадан шабыттана кедір-бұдырлы жыр шумақтарын ұйқы көрмей  сызбайлай бастадым. Осылай жырға деген ғашықтық мені журналист етіп шығарды. Студент атанған соң бұл бағытта ізденіс күшейді.

Прозадағы ауқым кеңдігін, психо­логиялық, философиялық тереңдікті ұнатамын. Ақиқатты білдірсек, өмір сүру – революция сияқты. Бұл табиғи заңдылық. 40-тан астам әңгіме, 3 повесть, екі роман жазылып, жарық көрді.

– Сатира мен юмор дүниенің сұлулығын, тыныштығын қорғай­ды деген. Бұл ұстанымға сіз де өз еңбектеріңізбен үлес қосып, осы бағытта көбірек қалам тартқан секілдісіз…

– Оның рас, бұл салада көбірек қалам тарттым. «Шайтан бөрі» атты кітапқа сатиралық поэмалар мен сатиралық повестер, сықақ өлеңдер, әзіл әңгімелер, шартты фельетондар енді.  «Сықақ өлеңдер» бөлімінде 14 өлең,  «Әзіл әңгімелер, мысқыл,  фельетон»  бөлімінде 16 шығарма, «Алаяқтар жайлы хикаялар» бөлімінде үш сатиралық повесть бар. Шығармаларда өмірдің көлеңкелі жағына тасаланып, жағымпаз, жылпос, парақор, мансапқорлығымен жыландай жөрмелеп, білдіртпей шағып, уын жайып жүретін қара ниеттілерді жағасынан ұстап, жұрт алдына сүйреп шығарып, аямай әшкерелеуге тырыс­тым.

Жыртқыш, ет жейтін, қан соратын хайуанаттар қараңғыға бой тасалап жүріп әрекет жасайтын болса, адамдар арасындағы  арамтамақ  пенделер де содан айнымайды. Олардың әлгіндей залымдық, қиянатшыл болмысы мұндағы шығармалардың көбінде образды түрде бейнеленді-ау деймін. Жинақтағы әрбір шығармаға өмірдің шынайы көрінісі арқау болып тартылып, көркем тілмен жазылғандықтан оқырман көңілін оятып, айызын қандыра берер деген үміттемін.  Сатиралық юмор – жақсылықты, шындықты, адалдықты, дүниенің сұлулығын  қорғайтынын ұнатам, әйтпесе жамандық төбеге өрлеп кетер еді.

– «Авеста» шығармасын зерт­теудегі еңбегіңіз ұлттық ғылымға қосылған жаңалық болды. Осы турасында түйіндей айта кетсеңіз.

– «Авеста» – тәңірлік дін негізі, қазақ әдебиеті мен философиясының архетиптері» деген монографиялық еңбекте түркілер табынған тәңір­лік діннің, қазақ әдебиеті мен филосо­фиясының түп-төркіні әлемдегі тұң­ғыш қасиетті шығарма, 21 кітаптан құралған, поэзия тілінде жазылған, дүние мәдениетін шырқау биікке көтерген «Авеста» кітабында жатқа­ны тұңғыш рет ғылыми негізде дәлелденді. Осы айтқанымызға бұл кітаптың алғашқы бетіндегі терең зерттеуден туған «біздің бабаларымыз – көне түркілер бағзы заманда-ақ көшпенділер тұрмысына сай түр­­кілік-ұлттық дәстүрін, наным-сені­мін, әдет-ғұрпын, тәңірлік дінін, фи­ло­­софиялық, күнтізбе жасау жол­дарын ойлап тауып, жаһан таныған жетістіктер қатарына елеулі үлестерін қосты» деген тұжырым толық дәлел болады.  Сол ежелгі бабалар жасаған елеулі жетістіктерді кезінде жете зерттеп, игермегендіктен күшті им­пе­рияның намысқа тиер кекету сөз­деріне тап болдық. Содан көне мәде­ниетімізді тереңдете игеруге күш салдым. Осы қасиетті  шығарманың  дәуірін, туған жерін, кім жасағанын,  қай аймақтарға тарағанын және біздің бабаларымыздың осы дінге табынғанын, ежелгі ата дәстүрі, дана­лық мұралары, мифтік шығар­малары, келелі аңыздары табиғатқа табыну нанымдары, негізгі кәсіптері сол  қасиетті шығарманы жасауға арқау болғанын тарихи-типологиялық, син­тездік негізде тереңдете талдау жасау арқылы мәлімденудің нәтижесінде әдебиетіміздің түп-төркіні 10 ғасырға ұзартылды. Тәңірлік дін негізі жа­зыл­ған «Авеста» және көркемдік әлеміндегі архетиптер  біздің әдебиет­тану ғылымында тұңғыш рет зерттелді.

 «Авестадағы заңдар жинағы және қазақ әдет-ғұрып қағидалары» деген еңбек – менің ұзақ уақыт зерттеуімнен туған құнды жұмыс. Бұрын білдір­гендей, «Авеста» кітабының бес бө­лімі ғана бізге жеткен. Соның ішінде толық күйінде сақталғаны «Авеста» «Жаманшылық жасаушыларға қарсы заң» атты бөлім. Түйіп айтсақ,  «Авес­та» шығармасында түркілердің көне тәңірлік дінінің негізі жатқанын па­йым­­дадық.

 «Авеста» шығармасындағы заңдар жинағын жеке алып зерттеудегі басты мақсат – бірінші, бұл бөлімді тұтастай алып тексеріп, оның дәуірін, туындау себебін, жасалған аймағын анықтап, жинақталған ғылыми қорытынды жасау еді. Екінші, сол заңдар бөліміндегі 22 тарауды түгелдей қазақшаға аударып, бұл жыр үлгісінде жазылған мұраның көркемдік деңгейін, диалогқа құрылу мәнін, жанрын, ғасырларды аттап бізге жеткендегі құндылықтарын саралау болды. Үшінші, «Авестадағы» заңдар бөлімінің қазақ халқының ежелден қалыптасқан дәстүр, ырым, әдет-ғұрып, жораларымен және даланың әділет, құқық, билік заңдарымен салыстырып зерттеп, бағзы замандағы аталар жасаған мәдениет, әдебиет, тарихымыздың төркіні тереңде жатқанын ғылыми негізде дәлелдеу еді. «Авеста» шығармасы әлемде ба­қытты заман орнатуды, адам ғұмырын ұзартуды, тыныш заман қалып­тастыруды  көздейді. Сол үшін жаман­шылыққа қарсы заң шығарған. Демек, бұл еңбек әрбір адамға саналылықпен өмір сүрудің жолын меңзейді. Осындай құндылықтар көп. «Авеста» кітабындағы заңдар жинағы қазақ жұртына тұңғыш рет жеткізіліп, қазақ дәстүрі, дала заңдарымен алғаш рет салыстыра қарастырылды. Бұл – ұлттық ғылымға қосылған тың жаңалық.

«Сыр бойы ақын-жыраулары, олар жасаған шығармалар  ерекшеліктері» атты еңбекте шамамен ХІХ ғасырдың  бірінші жартысы мен ХХ ғасырдың екінші жартысы аралығында өмір сүрген, табиғи дарындылығымен ерекше танылып, ел есінде сақталған Сыр бойы ақын-жырауларының артында қалдырған рухани мұралары алғаш рет толымды түрде, ғылыми негізде жеке алынып, жүйелі зерттелді. Сол ғасырлар арасындағы қазақ әдебиеті тарихының іргелі мәселелері қоса көтерілді. Ең бастысы, бұл жыр дүлдүлдерінің  ұмытыла бастаған есімдері  қайта тіріліп, екінші  рухани ғұмыры басталды.  Осы өнер бәйгесінде суырылып алға озып, ерен дарындылығымен танылғандардың есімі  ел аузында жатталады. Сыр бойы ақын-жыраулары дәуір шын­дығын жырлауда эстетикалық талғам биігінен танылып, мәңгі тозбайтын мол мұралар жасады. Өлең, дастандарды өнер аспабымен толғап туындатып, тың мақамдарды дүниеге әкелді. Қорқыт ата сарынын жалғастырып, философиялық жырлар арнасын кеңейтті. Жазба айтыстың бірнеше түрлерін өмірге енгізді. Сыр сүлейлерінің рухани мұралары ұлттық құндылықтардың жауһарына айналды. Тұңғыш рет толымды түрде зерттеліп, ғылыми бағасы берілді.

– Сыр-сұхбатыңызға рахмет. 

Әңгімелескен

Қ.Әбішұлы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<