Жеңіске жетелеген жігер

1617

0

Тарихтың тереңіне кете бастаған тұлғалар есімі айшықтала түсуі үшін оның іздеуші-жанашырлары болуы керек. Биылғы Ұлы Жеңістің 75 жылдығында Отан соғысында ел болашағы үшін қан төккен ағаларымызды ұлықтау шаралары өтті. Десе-дағы жерлес ағамыз, Кеңес Одағының батыры Жаппасбай Нұсейітов жайлы 1941-1945 жылдарғы «Ленин жолы» газетін ақтарып, батыр ағамыз туралы біршама материалдарға кезіктім. (1923-1997 жж) Олардың біразын сол кездегі газеттің тілшісі, Жаппасбай ағаның жерлесі Жарылқасын Шөкенов жазыпты. Олар: «Біздің Жаппасбай», «Батырды қарсы алу», «Жаппасбай батыр стахановшыларда құрметті қонақта», «Батырдың ауылында» сынды мақалалар. Әрине, ондағы материалдар дұрыс болғанымен, батырдың өз аузынан айтылған жайттардан алшақтау болатыны да шындық.

Жаппасбай Нұрсейітов бұрынғы Тереңөзек ауданына қарасты Бесөзек ауыл кеңесіне қарайтын: Қызылту, Қызылжалау, Қурайлы, Талап ұжымшарларының бірі Қурайлыда 1923 жылы 9 мамырда өмірге келген. Әкесі Нұрсейіт 1933 жылы қайтыс болғанда, Жаппасбай 9 жасар бала екен. Отбасының үлкені болғандықтан ол 6 сыныпты бітірісімен еңбекке ерте араласады. Анасы Бәйменқызы Айша кеселді болған. 1942 жылы 18 жасар Жаппасбай соғысқа аттанып, Днепрден өту үшін бірнеше күнге созылған шайқаста көрсеткен ерлігі үшін Кеңес  Одағының Батыры атағы берілген. Бұл ерлігі жайлы менің туған жеңгем Нұрсейітова Күлжаһан Төлешқызы ағасы Жаппасбайдың өз аузынан естіген. Жеңгемнің әкесі Төлеш пен Жаппасбай бір әкеден өмірге келген Нұрсейітовтер. Днепрден өту кезіндегі батырдың ағасы Төлешке айтқан әңгімесі, жеңгемнің айтуынша, төмендегідей өрбиді.

Днепрден өту үшін болған қанды шайқас біраз уақытқа созылыпты. Арғы бетке барынша бекінген немістер өтуге талаптанған Кеңес солдаттарын қалт жібермей атқылап тұрған. Жоғарыдан келген бұйрықты орындау – әскердің қатал заңы. Бұған дейін де көзге түсіп соғыс өнерін жете меңгерген Жаппасбайға қалайда өзеннен өту жайлы қатал тапсырма беріледі. Қасына бес пулемётші солдат қосып, таң алдында қарсы жағаға қайықпен өтуге талпынғандарды сезіп қалған немістер оқтың астына алады. Қайық тесіліп, серіктерінің барлығы оққа ұшып, жалғыз Жаппасбай ғана өзеннен өтеді. Жанұшыра қимылдаған ол, алты пулемётті қатар қойып, әрқайсысынан жүгіре жүріп оқ жаудырады. Мұндайды күтпеген немістер абдырап, шегіне бастағанда қарсы беттегі кеңес солдаттары шабуылға шығады. Осы кезде Жаппасбай аяғынан жараланып, бірнеше күннен кейін госпитальда есін жияды. Жаралыларға жеткен әскери газеттен Днепрден бірінші болып өткен солдаттарға өлгеннен кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілгенін оқиды. Ал осы бір аласапыран кезде алыстағы Қурайлы ауылына Жаппасбайдың қазасы жайлы «қара қағаз» да жетеді. Күлжаһан жеңгем Жаппасбайдай боздағын жоғалтқан Айша апамыздың жоқтау зары осы күнге дейін құлағымнан кетпейді деп көңілін босатып та алды. Кейін белгілі болғандай, үш  күнде немістер 13 рет шабуылға шыққанымен, нәтижесінде көптеген солдатынан айырылған. Ал Жаппасбайдың өзі 150 неміс солдатының көзін жойыпты.

Жаппасбайдың екінші ерлігі алты неміс офицер-солдатын айдап келгені жайлы батырдың  өз аузынан ағасы Төлешке айтқан әңгімесін жеңгем Күлжаһан былайша жеткізді.

Днепрден өткеннен кейін Кеңес солдаттары Украина жерін немістерден босатып, жеңістен жеңіске жете бастайды. Бір деревняда Жаппасбай қатты шырылдап жылаған нәрестенің дауысын естіп жақындаса, немістер емізулі сәбидің анасының кеудесін тіліп, азаптап өлтіріпті. Сол маңда украин кемпірі сөйлемей қолымен бір жерді көрсетеді. Жақындап келіп сұраса, картоп сақтайтын бөлмеде мұздай қаруланған алты неміс солдаты жатқанын айтады. Жаппасбай баланы кемпірге құшақтатып, үндемей кетуін талап етеді. Сөйтіп мысықша басып сақтықпен бөлмеге енсе, алты неміс автоматтарын жиып қойып, қаннен-қаперсіз ұйықтап жатады. Барынша сақтықпен жау қаруын жиып алып, «қолдарыңды көтеріңдер!» деп немісше айқайға басқанда есеңгіреген олар, қалш-қалш етіп қолдарын көтереді. Сөйтіп алтауын да көгендеген қойдай етіп, штабқа жеткізеді. Кейін белгілі болғандай, Жаппасбай тұтқындап әкелген жоғары шенді неміс офицерлерінен біраз әскери мәліметтер алынады. Кеңес солдаттарының келесі жеңістерін қамтамасыз етуге ол мәліметтердің біраз пайдасы тиеді. «Жаппасбай ағаның бұл әңгімесін әкем Төлешке айтқанын жас болсам да мұқият тыңдағандықтан, осы уақытқа дейін көңілімде сайрап тұр» дейді жеңгем.

Енді сол кездегі газет бетіндегі Жаппасбай жайлы материалдарға үңілсек. Жаппасбай батыр 26 мамыр 1944 жылы 56-жүйрік пойызбен Тереңөзекке демалысқа келеді. Вагоннан түсер-түспестен жақын ағасы Әбдірейім Ахметов көтеріп алып, анасы Айшамен көрістіреді. Аудандық партком хатшысы Шәріпов сөз сөйлеп, батырды қарсы алуға арналған салтанатты жиынды ашып, Жаппасбайға сөз береді. Ол қысқаша соғыстағы ерліктерін жерлестеріне жеткізеді. Келесі күні аудан орталығындағы мектепте стахановшылармен кездесіп, аудандық Кеңес атқару комитетінің төрағасы Сегізовтың үйінде қонақта болады.

Онан кейін ауылы Қурайлыға келгенде ақын, күрішші Қалилаев Сыздық мынадай жыр шашуын ұсынған екен.

О, әлеумет, әлеумет,

Міне, алдыңда қыраның,

Колхозы еді көрнекті,

Қыран ұшқан ұяның.

Қызып жатыр, мінекей,

Көктемгі майдан егісің,

Жұмылыңдар еңбекке

Бірің қалмай тегісің.

Жеңіс үшін, ел үшін

Есепсіз еңбек қылайық,

Мол өнім биыл алайық,

Батыр туған колхозға

Боламыз сонда ылайық.

«Ленин жолы» газетіндегі Ж.Шөкеновтің «Орындалған серт» атты мақаласында (7 қараша 1944 жыл) Қурайлы колхозының табыстары кеңінен айтылған.

«Батырдың туған ауылында­ғы салтанатты жиынды Терең­өзек аудандық партком хатшысы Дүйсенбай Рахметов ашып, сонда өткен барлық шараларға басшылық етті. Ауылдағы жеті­жылдық мектептің үйін босатып, көптеген ұжымшардан келген қонақтарды қабылдап, халық ойындарын ұйымдастырды. Әзберген ақсақалдың батасымен көкпар басталып кетеді. Жаппасбай аға туған үйіне келгенде мені шақырып алып, құшақтап, соғыста жүрген Төлеш ағамнан не хабар бар деп көзіне жас алғанын ұмытпаймын», – деп еске алады жеңгем Күлжаһан. Жаппасбай батырдың туған еліне келуіне байланысты өткен іс-шаралардың бар­лығында немере ағам Жақып Ыдырысовтың болғанын мақтан етемін. Ол кісі сол уақытта аудандық партия ұйымында насихатшы болатын.

Сол кездегі газет бетінде ақын Меңдияр Киікбаевтың Жаппасбай Нұрсейітовке арнаған «Қарсы алу жыры» жарық көріпті.

Батырға арналған іс-шаралардың барлығының ұйытқысы, ұйымдас­тырушысы аудандық партия ұйымы­ның идеология жөніндегі хатшысы Дүйсенбай Рахметов есімді азамат. Әкем Құдайбергеннің айтуынша, Дүйсенбай аға қызуқанды, елжанды азамат екен. Сол кезде облыстық партия ұйымының басшылығымен сөзге келіп, түсініспестік тереңдей түседі. Соғыс кезінде өткізілген Жаппасбай батырға арналған ауқымды шараларды сылтау етіп, Дүйсенбайды Ауғанстандағы қазақтар арасына іріткі салу мақсатында партиялық тапсырмамен тыңшы ретінде сонда жіберткізеді. Туған топырағы бұйырмай, асыл аға Ауғанстанда қаза табады. Дүйсенбай ағаның Кеңескүл, Келдібай атты ұл-қыздарының ұрпақтары Шіркейлі ауылы мен Қызылорда қаласында тұрады. Ал немере ағасы, Отан соғысының ардагері Ахметов Оңғарбай ағадан тараған ұрпақтар да баршылық.

Қызылорда қаласында Жаппасбай ағаның есімімен аталған көше мен мектеп бар. Соғыс кезінің өзінде Кеңес Одағының батыры Нұрсейітов атты сүңгуір қайық жасау қорына 470598 сом ақша жиналыпты. Аталған сүңгуір қайық жасалып, қазір Мурманск қаласында Солтүстік флотының мұражайы алдына қойылған. Кезінде сол сүңгуір қайықтың макетін алып келіп, осындағы мұражайға тапсырмақшы болған Жанпейіс атты інімнің әрекетінің қалай болғанын білмеймін. Жаппасбай батыр есімі берілген сүңгуір қайық 1955 жылдың аяғына дейін Солтүстік флоттың құрамында қызмет еткен.

Жаппасбай ағаның туған ағасы, жеңгемнің әкесі Төлеш соғыстың басынан аяғына дейін қатысып, Берлинге жетіп, елге аман-есен оралған. «Ленин жолы» газетінің арнайы нөмірі (3 маусым, 1945 жыл) «Жеңген елдің ақыны, жеңіс жырын жырлайды», деген айдармен ақын Төлеубай Үркімбаев, Нартай Бекежановтың өлеңдерімен бірге қазақ педучили­щесінің 2-курс студенті Әбірәш Жәмішовтің «Жеңісіме шаттанам» атты өлеңі басылыпты.

Жайнаған Ұлы отанға,

Соғыс өртін ашқан жол.

Адамзаттың өміріне,

Ажал оғын шашқан жол.

Әлсіз елді отарлап,

Мастанып, көңілі тасқан жау,

Ентелеп кіріп жеріме,

Төріме қадам басқан жау.

Жеңілмейтін, жеңетін

Жеңімпаз елге кездесті,

Ел үшін жанды қиятын,

Қаһарман ерге кездесті.

Асу бермес үстінен,

Биік белге кездесті,

Таңдандырып әлемді,

Өлім мен өмір белдесті.

Төрт жыл бойы батырлар,

Жан аямай күресті.

Қылышы қанға сіресті.

Қолдан бермей намысты,

Ерлер жаумен алысты,

Отанын қорғап ұлдары,

Жауын сөйтіп жанышты.

Жер жастанды дұшпандар,

Өмірі ұзақ болмады,

Бақытты өмір оралды.

Зор майданның жеңісін,

Бүкіл дүние бойлады,

Мен де ортақ бұл тойға,

Еліммен бірге мақтанам,

Жыр бұлағын ақтарам,

Қуаныш бөлеп жүректі,

Жеңісіме шаттанам.

Сол уақытта аты Қазақстанды шарлап кеткен Төлеубай, Нартай ақындармен қатар өлең жазған Әбірәш ағамыз 17 жаста екен. Өмір дәлелдегендей, кейін қазақтың лирик ақындарының қатарынан орын алған Әбірәш Жәмішовтың есімі елге танылды.

Жоғарыда атап өткеніміздей, облыс орталығында Кеңес Одағының батыры Жаппасбай Нұрсейітовтың есімімен аталатын көше мен мектеп бар. Қазір тек облыс емес, Қазақстанға белгілі болған Шіркейлі ауылының жұрты Жаппасбай батыр­дың есімін кіндік қаны тамған туған топырағында ұлықтауға не дер екен?! Осы бір сауалмен елді елең еткізетін хабарды асыға күтетінімізді еске салып, сөзімізді түйіндейміз.

Қазбай ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,

профессор,

«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<