Жеңісті жақындатқан жеңгелер-ай!

842

0

Майдан даласында от пен оқ кешіп, өлім мен өмірдің арасында болған ағаларымыздың біразы оққа ұшып, кейбірі мүгедек болып елге оралды. Жауынгерлердің соғыстағы жеңісін қамтамасыз еткен тылдағы еңбек майданында тер төккен, қиындықты қайсарлықпен құрықтаған асыл жеңгелеріміз ғой! Солардың кейбіреулеріне тоқ­талмақпын.


Немере ағам Ыдырысов Әбдеш (Әбдіхалық) Қызылорданың пе­да­гогикалық училищесін 1939 жылы бітірісімен, әскер қатарына алынған. Көп ұзамай Фин соғысы, одан кейін Отан соғысы басталып кеткені белгілі. Ол уақытта жауынгерлердің көпшілігінде бі­лім болмағандықтан, Әбдеш ағам полктегі мемлекеттік қауіп­сіздік бөлімінде қызмет етеді. Қайнаған соғыс кезінде бұл саланың немен айналысқанын тәптіштеп айта алмаймын. Украинада әскери қыз­метте жүріп, жеңгеміз Анна Васильевнаға (біз Галина дейміз) үйленіп, соғыс ауыртпалығын бірге бөлісіп, жеңіс күнін жақын­датуға атсалысқаны айтпаса да түсінікті.


Жеңіс күнін Украина жерінде жеңгемізбен бірге қарсы алып, тағы да екі жылға әскери қызметте қалдырылады. Тек 1947 жылдың соңында тұңғышы Уалиханмен аман-есен Қазақстанға келген. Алғашқы жылдары Алматы облысының аудандарында, кейін өмірінің соңына дейін республикалық мемлекеттік қауіп­сіздік комитетінде жоғары шенді офицер болып қызмет етті.
Жеңгемнің ұлты бөлек бол­ғанмен, қазақтың салт-дәс­түріне құрметпен қарап, оны бойына сіңіре білді. Тәжірибелі чекистің жұбайы болғандықтан, соғыс жайлы, ағамыздың қызметі туралы тіс жарып ештеңе айтпайтын. КазГУ-дың (қазіргі әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) студенті кезімде ағамның үйінде жатып оқыдым. От пен оқтың ортасында жүріп, бірін-бірі сүйіп қосылған Әбдеш ағам мен Галина жеңгемнің шыңдалған шынайы махаббатының куәгері болдым. Алматыға барған сайын бейіттеріне құран бағыштаймын. Жеңісті жақындатуға ағаммен қатар жүріп оқ пен от кешкен жеңгемнің біздерге қамқорлығын ұрпақтарыма айтып отырамын.


Бабамыз Күдеріқожа Көшек­ұлының үшінші ұрпағы Ыбырайым атамыздың Қасым атты баласынан Үбіш, Әшімінен Зейнолла, Файзолла ағаларымыз өмірге келген. Үбіш – Қасым атамыздың жалғыз ұлы. 1942 жылы соғысқа аттанғанда, жұбайы Нәзипа жеңгем үш жасар Несібелі мен бір жастағы Күлжанмен елде қала берді. Үйелмелі-сүйелмелі нәрестелері болғанмен, белді бекем буып «Бәрі майдан үшін, жеңіс үшін!» деген ұранды бетке ұстап, дала жұмыстарына шығады. Күлжанын көлеңкеге жатқызып қойып, әлсін-әлсін емізіп жүргенін байқаған бригадир Жұманазар әкей:


– Қарағым, бұл тірлігің болмас, Үбіштен қалған екі нәрестені жеткізуің керек, үйде отырып, майдандағы жауынгерлерге жылы шұлық, қолғап тоқығаның дұрыс болар, – деп зорға көндіреді.

Үбіш ағайдан алғашқы кездері хат келіп тұрғанмен, кейін еш хабар болмай, 1944 жылы «қара қағаз» келеді. Хат тасушылар Мүсәллә әже мен Қалтай аға (қазақтың Қалтайы) ауылсоветпен ақылдасып, әзірше қаралы хабарды Нәзипа жеңгейге естіртпеуге уәделеседі. Соғыс аяқталмай жатып, бір қолын, не аяғын я көзін құрбан еткен жауынгерлер елге келе бастайды. Ал күйеуі Үбішті асыға күткен Нәзипа жеңгеміз үкілі үмітін үзбегенменен, өзін-өзі сабырға шақырып, екі перзентінің барына шүкірлік жасап, шыдамын шыңдай түсті. Көп ұзамай, майдан даласында ерлікпен қаза тапқан күйеуінің қаралы хабарын да естиді.


Көп күткен Жеңіс күні де келді. Шыдамын шыңдап, соғыс­тан кейінгі жылдарда да Нәзипа жеңгеміз колхоз жұмысынан қол үзбеді. Несібелі мен Күлжаны бойжетіп, тұрмыс құрды. Қар­тайған шағында үлкен қызы Несібелімен бірге тұрды. Нәзипа жеңгеміз қатты науқас деген хабарды естіп, Хамит, Мәжит ағаларыммен мен де көңілін сұрауға Шіркейліге бардық. Қатты қуанған асыл жеңгем:


– Келгендерің дұрыс болды, сендерге рахмет. Мен Күдерінің келінімін. Сүйегімді сатпаймын. Ағаларың Үбіштің рухымен табысатын күнім жақын. Жат жерде қалса да, ол мені күтуде. Сендерден өтінішім, кеткеннен кейінгі болатын барлық мүсипаттарға өздерің басшылық жасаңдар. Мені Сарбасаттағы қайны-қайна­ға­ла­рым жатқан жерге жерлеңдер, – деді.


Күйеу баласы Сағымбай бар­лық жағдайын жасағанмен, Күдері әулетінен шыққан Үбіш ағамызға деген жеңгеміздің адалдығын сезіндік. Нәзипа жеңгеміз осы қайтпас қай­сар­лығымен барлық қиын­дықтарды жеңген ғой деген ой түйдік. Көп ұзамай Нәзипа жеңгеміз дүние салды. Қалғандарымыз оның аманатын орындадық.


Әшім атамыздың ұлы Зейнолла аға да соғысқа алынды. Уыздай жас қалған Күлтай жеңгем де Нәзипа жеңгеміздің соғыс жағдайындағы қиын өмірін қайталады десем, артық айтқандық емес. Емшектегі Әсемкүлін бесікке таңбай, беліне байлап, еңбектен қол үзбеді. Сол қолын жартылай соғыс құр­бан­дығына беріп, Зейнолла аға 1944 жылы елге оралады. Мүге­дек­тігіне қарамастан Күлтай жең­гемізбен тыл майданында еңбек етті. Екеуі де Жеңіс күнін туған ауылында қарсы алып, қос қуа­ныштың куәсі болды. 1945 жылдың 9 мамырында дүние есігін ашқан тұңғыш ұлдың есімін Жеңіс деп қойды. Менің ізімді басып келе жатқан Жеңіс Зейноллаұлы – қазір зейнеткер. Зейнолла ағамның шаңырағын шайқалтпай, оның ұрпақтарын өсіріп-өндіріп, жетілдіруде. Қы­зылорда қаласында тұрады.


Соғыс кезіндегі қазақ қыз­дарының майдан даласындағы ерлігі Әлия, Мәншүк, Хиуаздардан бастау алса, тылдағы ерен ерлік иелері күйеулерін Отан қорғауға аттандырған жеңгелеріміз екеніне дау жоқ. Мен Күдеріден тарайтын шамалы ғана отбасындағы жеңгелеріміз туралы айттым. Олар мыңдап, миллиондап саналады. Бес жылға созылған, елімізді шығынға ұшыратқан, талай жас жайсаңдарымызды жалмаған со­ғыстағы жеңісті жақындатқан жең­гелеріміздің қайтпас қажыр­лы­лығы, шыңдалған шыдамы, қайсар­лығы қазіргі жастарға үлгі болса деген тілек.


Биыл Ұлы Жеңістің 76 жыл­дығы! Бұл айтулы күні соғыс қаһар­мандарының есімі қайта жаңғырып, ұлықтала бермек! Солардың қа­та­рында жеңісті жа­қындатуға аянбай тер төккен жеңгелеріміздің орны бір бөлек! Олардың өмірден озғандарының алды жарық болсын, ал қазіргі Жеңіс күнін тойлап отырғандарға ұзақ ғұмыр тілеймін.

Қ.ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда

университетінің профессоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<