Жеңісті жақындатқан жан

422

0

Адамзат тарихында өшпес із қалдырған, әр­бір жанның жүрегіне жара салып кеткен, ең суық та сұра­пыл соғыс­тың аяқталғанына 74 жыл толғалы отыр. Ұлы Отан соғысына, қан май­­дан­­ға жастары 18-19-ға толар-тол­­мас­тан ат­танған­дардың өзі қа­зірде тоқсанды орталады. Олардың қатары уақыт өт­кен сайын сиреп, азайып бара жа­тыр. Биыл облыс бойынша небәрі 25 соғыс ардагері қалыпты. Сондықтан да сұм соғыстың қасіреті мен бабалар ерлігін жазу, кейінгі ұрпаққа дәріптеу – бүгінгі күннің талабы. Өйткені, қасиетті Отаны­мыздың қорға­ны болып, қан­құйлы соғыста жеңіс­ке жеткен май­дангерлердің сол бір ауыр жылдар туралы айтқан естелік­тері бүгінгі және келешек ұрпақ үшін құнды екен­дігі даусыз.

Майданның бел ортасында бо­лып, ел басына күн туғанда етігімен су кешкен жеңіс үшін кеудесін отқа төсеп, ерлігінің арқасында елге аман-есен ора­лып халыққа қыз­­мет еткен қазақтың қайсар ұл­дарының бірі – Төлеген Жүні­сов ақсақал. Ол кісімен әңгімелесу үшін үйіне телефон шалып, немересімен тілдестік. Ардагер ем қабылдап жүр екен. Ести салысымен атаны іздеп «Ардагерлер үйіне» бардым. Емнен шығамын дегенше атал­ған мекемеде дәрігерлік қызмет атқаратын қызы Гүлмира Төле­ген­қызымен әңгі­ме­лестім.

– Әкемнің жағдайы шүкір жақсы. Қанша дегенмен жасы келген кісі. Бұрынғыдай емес көзінің көру қабі­леті төмендеді. Қазір кенже ұлының қолында тұрады. Өзі ата-анадан жетім қалып, ашаршылық пен со­ғысты басы­нан өткерген соң  бізге үнемі жақсы өмір тілеп отырады,– деді.

Осы кезде Төлеген ата да ішке келіп, жақсы көңіл күймен қарсы алды. Келе салысымен батасын бе­ріп, елдің амандығын тілеп жатты. Жаны­мызға отырып әңгімесін өзінің туған өлкесінен бастап кетті.

Төлеген Жүнісов Тереңөзек ау­­даны, бұрынғы Жаңаарық кол­хо­зында дүниеге келіп, тағ­дыр­дың жа­зуымен балалар үйін­де тәр­бие­ленген екен. Оған себеп, 1933 жы­лы орын алған жап­пай ашар­шылық Төлеген атаны ата-ана­дан айырады. Ба­у­ырларымен жетімдер үйіне ор­нығады. Бесіктен белі шық­пай жа­тып, тағдырдан таяқ жеген ба­ла Төлеген осы жетімдер үйінде қарындасы Гүлайханнан тірі­дей айырылады. Бауы­рын еске алғанда әлі күнге дейін қария­ның жанарынан еріксіз жас тамады. Өмірдегі жалғыз­дық, қарындасына деген сағыныш, оны бір көрсем деген арманы әлі күнге дейін ол кісінің көкірегін сыз­датады. Осы тұста айта кету керек, бертін келе қарындасына іздеу салып, Мәскеуге дейін барып көреді. Бірақ одан еш нәтиже шықпаған. Сонда да  ара­мыз­да жүрген шығар деген үміті әлі де сөнген емес.

Төлеген Жүнісов соғыс бас­тал­­­­ған жылы небәрі он сегіз жас­та болатын. 1942 жылы он тоғыз жасында армия қатарына алынып, Өзбекс­танның Самар­қандт қала­сына келеді. Әскерде жүргенінде білімі жетік­ластық болғаннан кейін 8 айға кіші командирлікке оқуға жі­бе­­ріледі. Алайда, оқығанына 5 ай толғанда соғысқа ат­та­нып, Украинаның Луговой стансасына келіп, неміс әскерін тал­қандауға бел шеше кірісіп кетеді. Бұл Төлеген атаның алғаш қан майданға араласқан жері болды. Жаяу әс­кердің қатарында болған кіші сержант шеніндегі қария мұнан кейін Украинаның Харь­ков қаласынан бастап, Прис­куров, Тер­но­поль, Львов маңын­дағы ұрыс­тарға қатысып, шайқаста ал­дыңғы шеп­те жүреді. Автомат пен қол пуле­метін еркін меңгерген қазақ баласы осы­лайша, Украинаны жаудан азат ету жолында ер­ліктің ерекше үлгісін көрсетеді. Фа­шис­терге қарсы күрестегі ерлігі үшін майдангер «I дәрежелі Ұлы Отан соғысы» ордені, «Германияны жең­гені үшін», «За боевые заслуги» және «За отвагу», «КСРО Қарулы күштеріне – 60 жыл», «КСРО Қарулы күштеріне – 70 жыл», «Еңбек ардагері» және «Астанаға – 10 жыл» секілді орден-медаль­дармен марапатталады. Төлеген Жүні­совке «І дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордені» ұрыс кезінде жау­дың соғыс қимылына қажетті құ­рал-жабдықпен жасақ­талған және жан-жағын, алды-артын жіті қарап, бақылай алатын «Тигр» атты қос танкісін жарып жібергені үшін беріледі. Өз міндетіне адал болған қария үшін бұл марапаттың орны бөлек.

Елге оралған бойдан Төлеген қария бейбіт еңбекке бірден ара­ласып кетті. Ешқандай жұмыс талғамады. Алдымен колхозда қара жұмысшы болды, мұнан кейін дүкенші бо­лып қызмет атқарады. Есепке қабі­летінің, икемінің барлығы біраз уақыт өткен соң бухгалтер болып жұмыс жасауына жол ашады. Содан кейін 1978 жылдан бастап темір жол саласына келіп, монтер болды. Қай жерде жүрсе де, өзінің іскерлігін көрсете білген. Жайдары ашық мінезі мен қарапайымдылығы он­ың көпшілікпен тіл табысуына үл­кен септігін тигізеді. Осылайша, саналы ғұмырында еңбекке ара­ласып, елінің абыройлы аза­маты атанды.

–  Қазір жастар жалқау, барлық нәрсе дайын болса екен деп оты­рады. Кішкене қиындыққа да тө­зе ал­май­ды. Біздің көргенімізді олар­дың басына бермесін. Ме­нің заман­дастарым қан­шама қиын­дықты бастан кешті. Аштық­ты да, қан төгісті де көрдік. Бірақ біз еш мойымадық, ке­рісінше, ата-баба­мыз­дың аманат етіп кеткен жерін қорғап қалдық, – деді.

Соғыс ардагері Төлеген Жүні­совтің жасы бүгінгі таңда тоқсан алтыда. Зайыбы Жәмилә екеуі екі ұл, екі қыз өсі­ріп, тәрбиелеп, олардан немере көріп отырған абыройлы ақсақал. Қы­рық жыл отасқан жары өмірден ерте озған.

Жастайынан отызыншы жыл­дар­дың аштығы мен ел басына төнген нәубет жылдарды басынан кешіріп, одан соң сұрапыл соғыс­тың қан майданында оқ пен оттың арасынан аман қалып, соғыстан соңғы жыл­дардағы ауыртпалық тақсіретін тарт­са да, Төлеген ақ­сақал­дың қа­шан да рухы түскен емес. Қай кезде де тағдырдың тап кел­ген қа­тал сынын қайыспай қар­сы алып, қас­қая қарап, еңсесін тік ұстап, тек алға қарай жүре білді. Сол тік тұлғалы қалпынан таймаған күйінде жүз деген ғасырлық ғұмырға қарай ширақ адымдап келеді.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<