Жырдан алқа таққан күн

1837

0

Сыр елі – сонау Қорқыт бабадан бастау алған өлең-жырдың арқау жібін үзбей бүгінге жеткізген аймақ. Қызылордадай қазақтың рухани орталығында Сыр сүлейлерінің қалдырған қазынасы мол. Осы тұрғыда облыстық филармонияның 50 жылдығы аясында жыраулық өнерді насихаттау мақсатында Базар жырау Оңдасұлының 180 жылдығына арналған «Құмарын тарқат алқаның» атты концерт өтті. Ұлт өнері ұлықталған іс-шараға жыр өнерінің өкілдері қатысып, тарихи тұлғаның мол мұрасын көрермен қауымға паш етті.

Ұлттық өнердің қашанда шоқтығы биік. Сырдың жыршы-жыраулары әр жылдары шет мемлекеттерде өткен фольклорлық фестивальдар мен халықаралық байқауларда өнер көрсетіп, дәстүрлі өнерді әлемдік деңгейде насихаттап келеді.

Концерттің алғы сөзін филолгия ғылымдарының докторы, профессор Бағдат Кәрібозұлы алып, жыр саңлағы туралы тағылымды ойларын жеткізді.

– Базар Оңдасұлы – Сыр сүлейлерінің көшін бастап кеткен даңға­йыр жырау, саңлақ суреткер. Жыраулық поэзияның дамуындағы қол жетпестей биіктікпен ғана белгіленер оның шығармалары қазақ халқының қандай ұрпағының болмасын жанына сәуле, рухына қуат құя беретініне ешқандай күмән жоқ, – деді.

Расымен алтындай жарқыраған, мазмұнды әрі мағыналы, бейнелі де шырайлы сөз мәйегі мен асылы – Базар жыраудың әдеби мұрасының айрықша сипаты. Мөлдіреген сұлу сөз, тағылымды тәрбие үлгісі дала жырауларының соңғы өкілі Базар жыраудың шығармашылығында тұнып тұр.

Концертте Мәдениет саласының үздігі Руслан Ахметов, Ақмарал Ноғайбаева, Серік Жақсығұлов, Шолпан Бимбетова, Майра Сәрсенбаева, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Марат Сүгірбай, Әділхан Қуаңбаев, Бисенбек Төлеубай, Жәнібек Жақсан, Зүльфия Баймұрзаева және Амандық Бүрлібаев Базар жыраудың шығармаларын орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Айта кету керек, биыл филармония басшысының жетекшілігімен Өзбекстан елінде «Жыр керуені» концерттік және шығармашылық зерттеу экспедициясы арда жырдың абызы Базар жыраудың басына барып, зиярат етіп қайтты. Осыған орай, іс-шара барысында аталған сапарда түсірілген деректі фильм көпшілік назарына ұсынылды.

Концерт соңында көрермендер жырдан алқа таққан өнерпаздарға алғыс айтып, естелік суретке түсті.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<