13 тамыз – Халықаралық Солақайлар күні

907

0

Әр жылы 13 тамыз бейресми түрде «Халықаралық Солақайлар күні» (International Lefthanders Day) атап өтіледі. 1984 жылы ЮНЕСКО 13 тамызда Солақайлар күнін атап өту туралы шешім шығарды. Мұндағы көзделетін негізгі мақсат сол қолын көбірек пайдаланатын адамдарға әлем назарын аударту және олар үшін арнайы өнімдерді жасап шығаруды қолға алу.  Тарихтан мәлім, орта ғасырларда солақайларды жезтырнақ немесе қара сиқырмен айналысатындар деп отқа өртеген. Қазір де бірқатар мемлекеттерде солақай балаларды күштеп оң қолмен жазуға мәжбүрлейді. 
Халықаралық Солақайлар күнін атап өтудің мақсаты да осындай келеңсіз жағдайлардың алдын алу. Шешім қабылданғаннан кейін алғашқы онжылдықта мереке ауқымды түрде тойланбаған. Әлем ұзақ уақытқа дейін Солақайлар күнініне назарын аудармай келді.  Кейбір мәліметтерге қарағанда, алғашқы Солақайлар күні 1976 жылы 13 тамызда «Lefthanders International» ұйымының ұйымдастыруымен атап өтілген. Енді бір деректер алғашқы Солақайлар мерекесі 1992 жылы 13 тамызда ағылшын солақайлар клубының ұйымдастыруымен тойланғанын айтады. 1991 жылғы АҚШ-тағы зерттеулерге қарағанда, оңқайларға қарағанда солақайлар түрлі жаңа құрылғылардан зардап шегіп, кей жағдайларда соның кесірінен қайтыс болады екен.  Зерттеушілердің пікірінше, солақайлар жер шарындағы адамдардың шамамен 15 пайызын құрайды немесе әр 7 адамның бірі солақай. Солақайлар тамақ, жазу, басқа да қолмен атқарылатын істің барлығын сол қолмен орындайды. Сондықтан өмірде бірқатар қиыншылықтарға тап келеді. Мысалы, жазу құралдары, компьютер тінтуірі, асхана жиһаздары және басқа да түрлі бұйымдар оңқайларға арнап шығарылады.
Көбінесе әйелдерге қарағанда ерлер солақай болады екен. Солақайлар ең көп кездесетін мекен – Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия, Шығыс Еуропа, Австралия мемлекеттері. Жер шарының солтүстікке қарағанда оңтүстік бөлігінде солақайлар көп кездеседі. Қазіргі күнде жер бетіндегі солақайлар саны 1 миллиардқа жақын. Еуропадағы туған сәбилердің 10 пайызы солақай боп өседі. Жыл сайын солақайлардың саны көбейіп келе жатыр. Сондықтан Халықаралық Солақайлар күні миллиондардың мерекесі десек қателеспейміз.  Солақай балалар әртіс, суретші, жазушы сияқты өнер адамдары болуға бейім. Олар қылыштасу өнерімен, үстел теннисімен де көбірек айналысады. 2014 жылғы статистикаға қарағанда, әлемдегі ең мықты 20 тенисші солақай. Сондай-ақ, оңқайларға  қарағанда солақайлардың арасында жоғарғы санаттағы мамандар көп кездеседі. 
Психологтардың айтуынша, солақайлар мінезді және зор шығармашылық мүмкіндіктерге ие болады екен. Мысалы, Нұрғиса Тілендиев, Аристотель, Марк Твен, Леонардо да Винчи, Бетховен, Пол Маккартни, Мерилин Монро, Роберт де Ниро, Юлий Цезарь, Александр Македонский, Наполеон Бонапарт, Уинстон Черчилль, Ньютон, Буонароти Микеланжело, Вольфганг Амадей Моцарт, Людвиг Ван Бетховен, Петр I, Чарли Чаплин, Мэрилин Монро, Джим Кэрри, Пол Маккартни, Том Круз, Билл Гейтс, Роберт Де Ниро, Брэд Питт, Киану Ривз, Микки Рурк, Сильвестр Сталлоне, Брюс Уиллис, Анжелина Джоли, Николь Кидман, Деми Мур, Джулиан Мур, Джулия Робертс, Франц Кафка, Джеймс Кэмерон, ханзада Уильям, Ханшайым Виктория, Уинстон Черчилль және Жанна Д\’Арктар солардың қатарында. АҚШ президенттері – Джеральд Форд, Рональд Рейган, Үлкен Джорш Буш, Билл Клинтон, Барак Обамалар да солақай адамдар қатарына жатады. Атақты Фидель Кастро да солақай болған.  
13 тамызда әлемнің әр түкпірінде мерекеге байланысты түрлі іс-шара өткізіледі. Оған қатысқан оңқайлар тек сол қолын пайдаланады.  Халықаралық Солақайлар ассоциациясының штаб пәтері АҚШ-тың Канзас штатындағы Топика қаласында орналасқан. Осы ұйым тарапынан «Солақайлар жайлы Билль» атты заң қабылданған.  Психологтардың пікірінше, болашақ солақайлардікі. Ғасырлар өтіп оңқайлар азайып кетеді екен. Міне сол кезде бүгінгі Солақайлар сияқты оңқайлар күні аталып өтіле бастауы ғажап емес.  Сол себепті солақайларды кемсітпеу керек. Егер үйіңізде бір адам солақай болса, оған сол қолмен пайдаланатын бірер бұйым сыйлауды ұмытпаңыз. Оларды кемсіту орнына, бәлкім ынталандыру керек. Бұл жағынан АҚШ, Ұлыбритания, Германия сияқты дамыған елдер тәжірибесіне сүйенген абзал. Бұл елдерде солақайларды оң қолмен жұмыс істеуге мәжбүрлемейді, керісінше олар үшін барлық жағдай мен мүмкіндіктер қарастырылған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<