Адасқақ

1114

0

Ауыл шетінде тұрып-ақ тозған аппақ мешіттің жанына бөгелдім. Не нәрсеге де көз көріп, жүйке шыдар. Алайда, имандылық үйі терезесі шағылғанын көргенде, санам суық тартты.

Есіме жақында ауыл адамдарынан естіген әңгіме түсті. Бір жігіттер түн жамылып келіп, мешіт терезесін сындырып, садақа    жәшігіндегі ақшаны ұрлаған. Бұл соның ізі болса керек. Қай заманда да қоғамның күнгейі мен көлеңке тұсының болатынын білетінмін. Алайда, жетім-жесірге, жағдайы жоқ жандарға қол ұшын созуға жиналған пітір-садақаны ұрлайтындай басымызға не күн туды?

Адасқанға айып көп. Алайда, жығылғанға жұдырық болу жат. Бәлкім, алдағы уақытта имандылық жаңғырар. Сол мезетте мешіттің терезесі де бүтінделетін болар. Кім біледі?

Азғындық

Кеше әлеуметтік желіден мынадай ақпарат оқыдым. Біздің елде тәулігіне 30 қыз зорлық-зомбылықтан зардап шегеді екен. Басым бөлігі ересектер болса, қалғаны – кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер. Қорқынышты көрсеткіш, иә?

Мұндайларды заңға өзгеріс енгізіп, жазалау керек дедік. Жоғарыдағылар химиялық кастрация дұрыс деп шешім шығарды. Дұрыс. Бірақ оған қайырылып жатқан жан бар ма? Әрине, жоқ. Әйтпесе мына көрсеткіш қайдан шықты? Енді қайтпек керек? Мүмкін бізге өзге елдерден педофилияны қалай тиятынын үйрену керек шығар.

Мысалы Қытайдан. Бұл елде педофилияға жол берген еркек міндетті түрде ату жазасына кесіледі. Ойланбастан. Африкада да заң қатал. Біреудің ар-ожданын таптағанға бей-жай қарамайды. Қызды арынан айырғанды тірілей өртеп жібереді. Ал АҚШ-та педофил түрмеде мерзімін өтеп шықты екен деп жібере салмайды. Оны үнемі бақылауда ұстайды, яғни, көршілеріне не сол тұратын ауданға оның немен істі болғанын, қаншалықты қауіпті екенін жеткізеді. Оған қоса  қолына электронды браслет орнатып қояды екен. Егер қылмыскер балалар ойнайтын  немесе олардың оқитын жеріне жақындаса, қолындағы әлгі қондырғы сигнал береді. Дәл сол мезетте тәртіп сақшылары да оны қайтадан қамап тастайды. Енді Еуропа елдеріне келейік. Мәселен, педофилияға қатал қарайтын Германия мен Чехияны алайық. Олардың әдісі мүлдем басқа. Педофил түрмеден шыққаннан кейін де, дәрігерлер оны қоғамға қауіпті деп есептесе, онда оны жындыханаға жатқызып тастайды.

Бір қызығы, осындай қатал заңы бар елдерде ғана зорлық фактісі едәуір азайған. Азғындықты азайтудың жолы қатал заңға тірелсе, неге қолға алмасқа?

Көшедегі қате

Алакеуім уақыт болған соң ба, көшеде көлік көп. Қала іші кептеліс. Таксист қуыс-қолтық көшелерге түсіп жүйтки жөнелді. Бір уақытта Қорқыт ата университетінің Студенттер сарайынан өтіп, ақын Сырбай Мәуленов көшесіне түстік.

Көшенің тең жартысында «С.Мәуленов» дегеннің орнына «С.Мәуленова» деп жазылған тақтайша ілініпті. Ер адамның атына берілген бұл көшені әркім әрқалай қабылдайтын шығар-ау. Турасын айтсақ, тақтайшаны оқып әйел адам екен деп ойлап қалуы ғажап емес. Бұл ақынды танымағандықтан, оны білуге ұмтылмағандықтан дегеннің өзінде, мынадай салғырттыққа жол беруге болмайды ғой.

Баяғыда ауылдан келген бір қазақ Алматыны аралап келе жатып, көше бойындағы М.Мақатаева деген жазуды көріп: «Апыр-ай, Алматы үлкен екен ғой расында. Мұқағали Мақатаевпен қоса әйеліне де көше беріпті ғой» депті таңданып. Бұл да соның кері ғой.

Көп адам көше тақтайшаларын орнатқан кезде осылай селқостық танытады. Оған себеп тұрғындардың кәсіби шеберханалардың көмегіне жүгінбеуі секілді. Өйткені тұрғындар ақша үнемдеу мақсатында жұмысты бейберекет істейтін таныс шеберлерге тапсырыс беретінін естіп жатамыз. Оның үстіне, таныс шебердің қазақ тілі орфографиясын білетініне немесе сол көшенің аты берілген адамды танитынына ешкім кепілдік бере алмайды. Мән бермей жасалған жұмыстан осындай өрескел қателіктер кетіп жататыны рас. Сондықтан әр адам өз үйіндегі көше атауы жазылатын тақтайшаға назар аударғаны жөн секілді. Әйтпесе, бұл – біз мысалға алған бір ғана жайт.

Көкен АҚТАН

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<