Әлемді мейірім құтқарады

2406

0

Әлемжеліде адамдарды жақсылыққа үндейтін, мейірім-шапағат жоғалып кетпегенін, қайырымның қайтарымы болатынын дәлелдейтін жазбалар кезігіп қалады. Кейбіреуі ойдан шығарылған болуы да әбден мүмкін. Дегенмен оларды оқып отырып,  қараңғы мен жарық, ызғар мен жылы, қара мен ақ, жоқ пен бар итжығыс түсіп жататын тіршіліктің жарқын тұсы таразы басын басып кететініне еріксіз сенесіз. Солардың бірнешеуін оқып көріңіз.         

Уинтонның балалары

Желіде тараған бұл бейнеүзікті бәріміз көрдік. Қарт кісіні қаумалаған адамдар… Бірінен кейін бірі орнынан тұрып жатты. Әлгі қарт көңілі босап, көзіне жас алды. Бұл – 2015 жылы 106 жаста өмірден өткен сэр Николас Уинтон, ал қасындағылар өзі өлімнен құтқарған  адамдар еді. 

Сэр Уинтон 1939 жылы Чехословакияның нацистер басып алған аймақтарынан 669 баланы алып шыққаны туралы жарты ғасыр бойы ешкімге тіс жармаған. Оның ерлігі туралы дерек ойламаған жерден жария болды. 1988 жылы әйелі үй шатырынан басқа зат іздеп жүріп ескі альбом тауып алады. Балалардың суреттері, құжаттар және өше бастаған жазбалар… Бұл альбом табылмағанда осынау құтқару операциясы туралы білмейтін едік. 

1938 жылы еврейлер фашистерден қашқанда арасында бала көп еді. Уинтон осы балаларды құтқаруға бел буды. Жалғыз өзі оларды елден шығарудың жоспарын жасады. Прагадағы қонақ үй нөмірін дүкен сияқты етіп ашты. Онда ұрпағын құтқару үшін ата-аналар ағылып келді. Николас балалардың аты-жөнін жазып алып, суреттерін жинады. Күдік тудырмау әрі уақыт ұту үшін шенділерге оңды-солды ақша берді. Сөйтіп аз уақытта 900-ге жуық баланы тіркеп үлгерді.

Лондонға оралып, өзін «Чехословакия қашқындары ісі бойынша британдық комитет. Балалар бөлімі» деп атап, балаларды қабылдайтын отбасылар мен қаржы іздейді. Газет-журналдарға хабарландырулар басып шығарып, көп отбасыны келістіреді. Ұлыбритания Сыртқы істер министрлігіне балаларға виза рәсімдеу туралы өтінішпен барады. Шенеуніктер асықпайды, бірақ уақыт қысып бара жатты. 

Гестапо шенділерімен ретін тауып балалар мінген пойыздарды тоқтатпау туралы келісімге келеді. 1939  жылы 14 наурызда 20 бала мінген алғашқы пойыз Прагадан шықты. Николас Уинтон мен оның серіктестері осындай 8 сапар ұйымдастырып,  қалған балаларды да алып шығады.

Лондонда балаларды жаңа отбасылары күтіп алды. Әр қашқын баланың киімінде аты кестеленіп жазылған. Жоғарыда аталған 8 пойыздың 7-еуі  Лондонға жетіп, 669 бала құтқарылған. Қалған сегізінші пойыздағы 250-нің тағдыры белгісіз. 

Құтқарылған жеткіншектердің бәрінің ата-анасы Освенцим, Берген-Бельзене, тағы басқа лагерьлерде өлтірілген. Ал құтқарылған балалардың кейбіреулері соғыстан кейін Ұлыбританияда қалды, көбі АҚШ, Австралия, Израильге көшті. Олардың арасынан түрлі мамандық иелері, режиссер, физик-теоретик, астроном, дәрігер-генетик, бірнеше Нобель сыйлығының иегері шыққан. Олар «Уинтонның балалары» деп аталды.

Жоғарыда айтқанымыздай, Уинтонның ерлігі туралы альбом табылған соң ғана мәлім болды. Онда балаларды асырап алған отбасылардың мекен-жайлары да жазылған екен. Барлығына хат жіберіледі де, 80-дей адамның дерегі анықталды. BBC-де көрсетілетін  That’s Life! ток-шоуына Уинтон студия көрермені ретінде шақырылды. Алғашында ол жүргізуші Эстер Ранценнің өзі туралы айтып жатқанын аңғармады. Әңгіменің ұзынырғасы айтылып болысымен шағын студиядағы 20-дан астам адам орнынан тұрды. Бұлар Уинтон құтқарған балалар еді. 

Уинтон 1994 жылы Израиль президентінен алғыс хат алды, 1998 жылы чех орденімен марапатталды. 2002 жылы ІІ Елизавета патшайым оны рыцарь деп жариялады, ал 2014 жылы 105 жасында Чехияның ең жоғары наградасын алды. 

Николастан осынша қауіпті қадамға қалай тәуекел еткені туралы сұрағанда, ол жай ғана: «Өлім аузындағы балаларды құтқару керек болды, басқа ешкім ол жайлы ойламаса амал нешік» депті.

Өшпенділікті жеңген өнер құдіреті

Әлемдік классикалық музыканың алыптары, ұлы тенорлар Пласидо Доминго мен Хосе Каррерастың достығы мен жауласуы туралы оқиға да көпшілікке мәлім. Испания тарихын білетіндер Каталония мен Мадрид арасы автономияға байланысты қырғи-қабақ екенінен де хабардар.

Хосе Каррерас – каталондық, Пласидо Доминго Мадридте туған. Саяси себеп 1984 жылы екі ұлы тенорды бір-біріне жауластырды. Екі әншінің де келісім-шарттарына «әлемнің қай түкпірінде өнер көрсетсе де, бірі ән шырқайтын концертке екіншісі шақырылмауы тиіс» деген ерекше тарау жазылды.

Алайда 1987 жылы Каррерастың Домингодан да асқан «жауы» пайда болды. Ол – аса қатерлі лейкемия ауруы. Әншінің барлық уақыты мен күш-жігері аурумен алысуға кетті. Жілік майын ауыстыру, қан құю сияқты ауыр-ауыр процедуралардан өтті. АҚШ-қа ай сайын ұшуға тура келді. Бұл жағдайымен ән айту қайда? Сол кезге дейін жиған-тергені де таусылуға айналды. Қаражаты біткен кезде лейкемиямен ауыратын адамдарды қолдау үшін ашылған Мадридтегі «Хермоза» қоры туралы біледі. Сөйтіп осы қордың қаржысына емін жалғастырады.

Ержүрек каталондық Каррерас өзінің миллионнан бір адамға берілген ғажап даусын бұзып алмас үшін анестизиядан бас тартты. Жанын жеген дертпен осылайша күресіп жеңіп шықты. Сөйтіп қайтадан өмірінің мәні – өнерін жалғастырды. Қайтадан жоғары гонорар алып, барлығы жолға қойылған соң өзін құтқарған қордың жұмысына көмектескісі келген. Қор жарғысын оқығанда ғана оның құрылтайшысы, президенті әрі бас демеушісі Пласидо Доминго екенін біледі. Ол ол ма, «Хермоза» қоры әу баста өзін, яғни Хосе Каррерасты  емдеу үшін құрылған екен. Доминго жауынан көмек сұрауға арланатын Каррерастың намысына тимеу үшін оны емдетуге арнайы қор құрғанын құпия сақтаған. 

Осыдан кейін Хосе Каррерас Мадридте өтіп жатқан Пласидо Домингоның концертіне кіріп келіп, жау санап келген әріптесінің аяғына жығылады да алғысын айтады. Пласидо оны орнынан тұрғызып, құшағына басқан. Осылайша екі ұлы тенордың достығы басталыпты.

Журналистер Домингодан өзімен бәсекелесіп, жауласып келе жатқан  адам үшін «Хермозаны» неге құрғанын сұрағанда: «Мұндай дауыстан айырылып қалуға қақымыз жоқ» деген екен.   

«Бұлай болуы әбден мүмкін»

Кеңестік кезеңнің ең үздік фильмдерінде ойнаған актер Юрий Никулин туралы бұл оқиға ол қайтыс болғаннан кейін айтыла бастады. Оқиғаның нақты болған-болмағанын сұрайтын актер бүгінде өмірде жоқ. Бірақ оны жақын танитындар бірауыздан «бұлай болуы әбден мүмкін» дейді.

«Цветной бульварда»  орналасқан цирктегі жұмысына келе жатып Никулин жол апатына куә болыпты. Көлік жас әйелді жаяу жүргінші жолағында қағып кеткен. Қасындағы 6 жастағы баланы періштесі қаққан шығар, аман-есен. Әйел сол жерде қайтыс болды.   

Актер тез қимылдап, үстіндегі пиджагін шешті де, шешесінің жансыз денесін бала көзінен таса қылу үшін әйелдің үстіне жапты. Жедел жәрдем, милиция, басқа да қызметтер келе бастады. Абыр-сабыр, баламен ешкімнің шаруасы жоқ. Тек Никулин оны әлгі ортадан шетке алып шықты, көңілін аулау үшін мойнындағы араның суреті бар қызыл галстугін шешіп сыйға тартты. Милиционермен сөйлесіп, баланы таксиге салып алды да, әжесіне апарып тапсырды.    

Жұмысына екі сағат кешігіп жеткен цирк директорын жапон делегациясы күтіп отырған еді. Гастроль жайлы сөйлесу алдын ала келісілген. Екі сағат бойы сарылып күткен адам шетелдік делегация алдына пиджаксіз, галстуксіз, жейдесінің жеңі білекке дейін түрілген кейіппен кіріп келіпті. Онсыз да шыдамы таусылып отырған жапондар мына көріністен кейін бірауыз сөзге келместен кабинеттен шығып жүре берген екен.

Арада бес жыл өтеді. Сол жолғы делегацияны бастап барған Ито Кобаяси Никулин куә болған жол апаты туралы естиді де, оның неге кешіккенін түсінеді. Актерге Токиоға келу туралы шақыру жібереді. Никулин әуежайдан түскенде өз көзіне өзі сенбейді. Оны пиджаксіз, галстуксіз, жейдесінің жеңі білегіне дейін түрілген Итоның 78 қызметкері күтіп алады. Жапон дәстүрімен иіліп құрмет көрсетіп, актердің сол жолы жасаған қайырымдылығы үшін алғыс айтыпты.

М.МЕРЕЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<