Әрбір үйде текемет, төселуші еді керемет

1884

0

Бала кезімізде әжелеріміз сырмақ сырып, кілем тоқып, ұршық иіріп, текемет басқанын көріп өстік. Қой қырқу науқаны басталғанда малдың жүнін тастамай жинап қоятын. Кейін оны қолмен тазалап, жуып, түтіп, текемет басатын. Саусағымыз майысып, біз де өзімізге бөлінген міндетті орындайтынбыз. Ақысына өткен жылы қаптың түбінде қалған құртты ұстататын. Тістесең, тісің сынады. Бұл – анамның қулығы ғой. Биылғы құрттың дәмін сезу үшін, бұрынғысын бітіру керек. Амалдың жоғынан қалтаға саласың. Есесіне, көршінің қауынқағына айырбастап мәзсің. Сіресіп, қанша ауызға салсаң да, жібімейтін құрттан тәуірі осы.

       Ауылдағы мерекенің бірі – текемет басу. Асарға жиылған әйелдер екі иығынан әрең демалып тұрған самаурыннан күрең қою шайды терлеп-тепшіп ішеді. Өткенкеткенді айтады. Екінші жағынан текемет басудан тәжірибесі бар, оюөрнегін қайталамай ерекше жасайтын Салима апаның көзіне түсу – жас келіндерге үлкен мақтаныш. Өткен жолы көрші Сарыжайлау апаның текеметін басқанда Әнипаның ұзын келіні ептілігін көрсетіп, алғыс алған. Оның алатын жөні бар. Шапшаңдығында шек жоқ. Әңгіме мен тіршілікке келгенде алдына жан салмайды. Сонда біршама жас келіндер іштей қызғанып қалғаны бар. Бұл жолы көшенің басында тұратын пошташы Сақыпжамал апаға екі текемет басу керек. Бір күн бұрын немересі көше-көшені жағалап хабардар еткен. Азанда апам сонда жиналды. Үстіне айына бір рет ауданға баратын кездегі әдемі көйлегі мен шашақты орамалын ілді. Тойға бара жатқан секілді. Текемет басуға барарда осылай киінеді, бірақ үстіне бір қылшық қонбайды. Өзі мәз. Төркінге баратын қыздай. Мен де ілесе, артынан жүгірдім. Бұл қылығы сыртымыздан қарап тұрған әкеме ғана ұнамағаны анық. Басын бір шайқап, шырт түкіріп, қораға беттеді. Демек, бүгін оның жайы болмайды деген сөз.

      Сақыпжамал апаның екі қара қазаны қайнап тұр. Керектінің бәрін сайлап қойыпты. Ауылдың біршама келіндері мен үлкендері жиналыпты. Үлкендер жағы өзара ақылдасып, келіндерге бағыт бергендей болды. Сонымен мереке басталды. Балашаға асыр салып жүр. Жүнді сабап, басын біріктіріп, келіндер бар өнерін салуда. Кемпірлер әңгіменің қызығына түскен. Арасында көз қылып, Жанай әженің үзіліп кетуге әзер тұрған келінін сөзбен түйреп қояды. Ол да көштен қалмай, тырысып бағуда. Бәрі тізіліп, тізерлеп отырып, білекке күш салып, істі де тындырып, әнді де айтып жатыр. Келіндер аянып қалмады. Соңғы сәт… Тарихи сәт деуге болады. Бәрі жиналып, текеметтің қалай шыққанын көрді. Біз де жапа-тармағай, бірдеңеден құр қалғандай, үлкендердің арасынан сығылысып, алға шықтық. Керемет текемет! Ою-өрнегін айтсаңызшы. Түстері де көздің жауын алады. Үлкендер де қуанып, оң бағасын берді. Енді арқаны кеңге салуға болады. Самаурынды көтерген келін тапшанға жайғасты. Кесе қолдан қолға өтіп, тамаша көрініс жалғасын тапты.

       Міне, текемет осылай басылатын. Ол әрбір үйдің байлығы іспетті, ерекше құрметке ие болатын. Оны күтіп ұстаудың өзі үлкен еңбек. Текеметтің тарихы ерте дәуірдегі өмір тұрмысынан тамыр тартады. Бетіндегі түр-түс үйлесімі мен оюөрнекті орналастырудағы тәсілдер халықтың ертедегі мәдениеті мен дүниетанымынан хабар береді. Сол себепті, ондағы ою-өрнектің астары мен мәні зор.

       Кім білген кейін осы дүниенің пайдаға жарамай ескі сарайда жататынын?! Қазір текемет төсей­ тіндер сирек. Бір ойым, кейінгілер текеметті музейден көріп, тамаша­лайтын шығар.

     Анамның қазіргі кілемдерге көңілі толмайды. Үстіне қос-қостан көрпе салсаң да, тақыр жерде жатқандай боласың дейді. Ал, текемет жылы әрі жайлы, жұмсақ. Бір қабат төсеніш салып, жата бересің деп салыстырып отырады. Білегінің күшімен, маңдайының терімен басылған текемет ыстық қой…

Сара  АДАЙБАЕВА

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<