АЛМАС АЛМАТОВ АҒАМЫЗДЫҢ АЙТҚАНЫ

1415

0

Осыдан біраз жыл бұрын жырау Алмас Алматов ағамыз қалада шаштаразға барыпты. Шаштараз қыз Алмас ағамызды танып, теледидардан көріп тұратынын, шығармашылығымен таныс екенін айтып, қызметіне кірісіп кетсе керек. Алмас ағамыздың да көңілі марқайып, шашын алдырып болған соң, шаштараздан еңбекақысы қанша болғанын сұрамай ма.
Әлгі шаштараз қыз да есебіне түгел болса керек: «екі мың теңге болды, аға» депті. Ол кезде теңгенің құны бұл кезден әлдеқайда жоғары. Екі мың теңге аз ақша емес. Неге сонша қымбат деп сұрайын десе, тағы ыңғайсыз. Оның үстіне «сізді жақсы танимын, сізбен мақтанамыз» – деп тұрса.
Алдын ала бағасын сұрап, келісіп алмаған соң амал жоқ, Алмас ағамыз әмиянынан екі мың теңгені суырып алып шығып, шаштараздың қолына ұстатыпты.
Кетерінде жырау ағамыз әдеттегі шақпа тілімен шаштаразға қарап: «Айналайын, қарындасым-ау, еркектің басының бағасын білетін сендей қыздар жоқ қой қазір. Біз бес жүз теңгеге алдырып қор қылып жүр екенбіз ғой алтын басымызды, бұрын қалай мән бермегенбіз. Аман бол, айналайын» – деген екен.
Мейірбек Сұлтанхан

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<