Ақиректен шыққан азамат

673

0

Ескіден қалған есті сөз бойынша әуелгі сөз, төрдегі орын әуелі ұстазға тиісті. Екі аяқты жұмырбасты пенде біткеннің бәрі ұстаз алдын көрген болып есептеледі. Егеменді еліміздің жас ұрпағына жаңаша білім, ұлттық тәрбие беруге  атсалысып келе жатқан ұстаздар қауымы қандай құрметке де лайықты. Содан да болар, оларға мемлекет ұдайы қамқорлық жасауды ұмытқан емес. Мұндай құрметке аға буын ұстаздар да ортақ.

Кезінде жас ұстаз­дардың тағылымы мол тәлімгері атанған  қармақ­шылық  Сар­қыт­бай Діл­мағамбет­ұлының есімі аудан мұғалімдерінің әлі есінде.

Арал ауданының Ақирек, Ақбай алқабында Ұлы Жеңіс­тен бір апта бұрын Ділма­ғамбет қарттың қара шаңырағында дүниеге келген  Сарқытбай алдындағы ағасы  Қарасай сияқты қарша­дайынан білімге құмар болып өсті. Ағалы-інілі екеуіне әкелері кішкентайынан ел мен жер тарихы туралы құлақтарына құюдан еш жалыққан емес. Ділмағамбет қарт ертелі-кеш балаларына арғы аталары ақ сауытты Айдарбек батыр, бергі аталары көнсадақты Андағұл батыр (кейін есімін соған орай Көнсадақ атап кеткен деседі) және өздерінің кіндік қаны тамған Ақирек алқабының жер жұмағы екенін айтып отырады екен. Қазақ әдебиетіне прозалық, поэзиялық қырыққа жуық кітап жазып, мол олжа салған, «Құрыш қазақ» атанған жерлесіміз Зейнолла Шүкіровтің Ақирек туралы төмендегі жырын Сарқытбай ұстаз тірісінде еш ұмытқан емес көрінеді.

«Ақирек … шіркін, Ақирек!

Төсіңнен ұшып қиқулап жататын еді-ау қаз-үйрек…

Жапырылған көк шалғын.

Жарқырап жатқан ақ айдын…

Елеңдеп алға қараймын.

Етене таныс өзіме,

Ескі бір көзді іздеймін.

Кешкілік көлдің үстінде қиқулап қызып жәрмеңке,

Сағынтты-ау сол бір сәнді өлке!»

Сарқытбай алпыс-жетпіс жастан асқанда баяғы өзі туып-өскен атамекені Ақиректі аңсап жүрді. Адам қартайғанда кіндік қаны тамған туған жерін шынымен-ақ сағынып іздейді екен ғой.

Орта мектепті ойдағыдай аяқтаған Сәкең 1964 жылы Н.Гоголь атындағы пединс­титуттың математика факу­льтетіне оқуға қабылданып, осы білім ордасын 1968 жылы тәмамдап шықты. Сол жылы Арал қаласындағы байырғы №13 орта мектепте еңбек жолын бастады. Жоғары оқу орнын жаңа бітіріп келген жас ұстазды мектептің тәжірибелі мұғалімдері жатырқамай қар­сы алды. Қатарларына қосты. Кезінде бұл білім ұясын Қазақ­стан Республикасының Тұң­ғыш Премьер-Министрі Ұзақ­бай Қараманов және есімі әлем оқырмандарына кеңінен танымал классик қаламгер Әбдіжәміл Нұрпейісов бітіргені белгілі.

Осы мектепте үш жыл тәжірибеден өткен С.Ділма­ғамбетұлы 1971 жылы Жосалы кентіне қоныс аударып, №105 мектепте ұстаздық жолын жал­ғастырды.

Ұстаз ізденісі бір сәт іркілген емес. Жоғары оқу орнынан басталған білім негізі одан әрі жалғасын тапты. Әуелгіде 5-6 сынып оқушыларына математика ілімін  іркіліссіз үйреткен жас ұстазға мектеп басшылығы зор сенім көрсетті. Сөйтіп, Сарқытбай ұстаз енді жоғары сынып шәкірттерін математика әлемінің қы­ры-сырына баулыды, өз білгенін осы саладағы мектептен тыс оқулықтармен сабақтастырды.

«Ізденген жетер мұратқа» демекші, көп кешікпей Сарқытбай баулыған шәкірт­тердің алды аудандық, об­лыстық олимпиадаларда топ жарып, көпшілік көз­­айы­­­мына айналды. Ұстаз ең­бегі ұлықталып, Қар­мақшы аудандық білім бөлімінің инспек­торлығына ұсынылды. Бұл қыз­метті екі-үш жыл мінсіз атқарған С.Ділмағамбетұлы ау­дан орталығынан шалғайда орналасқан Қуаңдария ауы­лын­дағы орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қыз­метін жемісті атқарды. Соның нәтижесінде шалғайдағы шопан ауылдарының балалары арасынан  бұл мектептен математика мамандығын таңдаған болашақ ұстаздар аз шыққан жоқ.

Мұнан соң он жылға жуық сол аудандағы қазіргі Төребай би ауылындағы №199 орта мектепке басшылық жасады. Білім ұясының материалдық-техникалық базасын нығай­тып, оқушыларын сабақтан тыс уақыттарда еңбекпен шұ­ғылдануға үйретті. 6-7 мәрте үздіксіз «Қызыл Жұлдыз» ауылдық кеңесінің депутаты болып сайланды. Сайлаушылар аманатына сәйкес ауыл адамдарының үй аумағынан бау-бақша өсіруі үшін аяқсу, жер телімін иеленуіне қол жеткізді. 1983-1985 жыл­дары «Қызыл Жұлдыз» ауыл­дық кеңесінің төрағасы қызметінде жүріп ауыл тұрғындарының игілігі үшін атқарған жұмыс­тары өз алдына бір төбе. Ауыл келбетін көркейтуде, тұрғындардың қалыпты өмір сүруі үшін ауылдық кеңес төр­ағасына қолдау білдірген сол кездегі кеңшар директорлары О.Қазиев, Ж.Жалғасбаевтар, ауыл белсенділері П.Бай­шораев, А.Қошантаев, Т.Дә­лиева, Қ.Дәуменов,  Қ.Ибраев, А.Итбаев, аға­йынды А.Есқа­лиевтардың ақыл-кеңестерін Сар­қытбай аға­мыз ұзақ уақыт есінде сақтады.

1998 жылы Қызылорда қаласы Тасбөгет кентіне қоныс аударған Сарқытбай ағамыз бұрынғы №6 кәсіптік-техни­ка­лық училищеде студенттерге құрметті демалысқа шыққанша дәріс берді.

Үстіміздегі жылы жетпіс алты жасында дүниеден өткен ұлағатты ұстаздың артында қалған қосағы, ардагер ұстаз Раушан жеңгеміз және сегіз перзенті ағамыздың орнын жоқтатпай отыр. Балаларының бәрі жоғары білімді. Қызылорда қаласында және егеменді елі­міздің түкпір-түкпірінде тәуел­сіз Отанымыздың игілігі жолында тер төгіп жүр.

Т.Бөгенов

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<