Баспа машинасы туралы не білеміз?

11736

0

Үлкендер көзімен көрген, қолданған бұл құрылғыны қазіргі буын біле қоймас. Дегенмен көнені көзіндей сақтайтын музей бар ғой. Осындай машинканың бізде екі түрі бар. Оған қызыға қарайтын бала көп. Тарихпен сусындасын деп жылжымалы көрмелерге шығарып тұрамыз.

Ол – пернелер жиынтығымен жабдықталған механикалық, электромеханикалық немесе электронды-механикалық құрылғы. XIX-XX ғасырларда кеңінен қолданылды. Қазір жазу машиналары қолданыстан шығып қалды. Оның жұмыс принципі – металл немесе пластикалық литерлері бар арнайы тұтқалардың көмегімен қағазға таңба басу. Тиісті пернені басқан кезде, рычаг сияға малынған таспаны ұрады, осылайша жеткізілетін қағазға литераның ізін қалдырады. Келесі таңбаны басып шығармас бұрын, парақ автоматты түрде жылжиды. Бір құжаттың бірнеше көшірмесін басып шығару үшін парақ арасына көшірме қағаз қолданылады.

Механикалық жазу машинкасының тарихы үш жүз жылдан асады. Алғаш рет мұндай машинаның патентін 1714 жылы Англия патшайымы Анна Генри Миллге берген болатын. Өнертапқыш тек машинаны ғана емес, сонымен қатар таңбаларды қағазға дәйекті түрде басып шығару әдісін де патенттеді. Алайда оның өнертабысы туралы егжей-тегжейлі ақпарат, сондай-ақ машинаның нақты жасалуы мен қолданылуы туралы мәліметтер сақталмаған. Тек 100 жылдан кейін адамдар тез басып шығару мүмкіндігіне қайта қызығушылық танытты. Шамамен 1808 жылы көшірме қағазының өнертапқышы ретінде белгілі Пеллегрино Турри өзінің баспа машинасын жасады. Оның өнертабысы туралы мәліметтер бүгінде белгісіз, бірақ осы құрылғыда басылған мәтіндер біздің уақытқа дейін сақталған. 1868 жылы 23 маусымда Висконсин штатындағы Кристофер Лэтхэм Шоулз өзінің жазу машинкасын патенттеді.

Уақыт өте келе, жазу машинкасы бүкіл әлемді жаулап алды және кәсіпорындардың бәрі өздерінің құжат айналымын осы құрылғы арқылы жүзеге асыра бастады. Бүгін біз Ғ.Мұратбаевтың мемориалдық музейінің негізгі қорында сақтаулы тұрған «Ятрань» және «М.Э.П.М. 8 м» модельді баспа машинкасы туралы айтамыз.

«Ятрань» маркалы жазу машиналары Кировоградта 1975 жылдан 1995 жылға дейін шығарылды. Осы қаладағы Ятрань өзенінің құрметіне аталған. ХХ ғасырдың аяғында КСРО-да кеңестік топонимиканы мәңгілікке қалдыру үшін машиналарға өзендердің, қалалардың, республикалардың атын беретін болған.

Зауытта машиналардың әртүрлі модельдері жасалды. Олардың кейбіреулері алюминий корпусымен, ал басқалары пластиктен жасалған. Кареткасы  ұзын, орташа немесе қысқа болуы мүмкін. Көптеген модельдер кириллицамен жазылады: олар орыс, украин, беларусь және қазақ тілдерінде басылып шығарылды. Неміс, латын және литва тілдерінде басып шығаруға да мүмкіндік бар.

«Ятрань» машинкасының негізінде шар тәрізді шрифт тасымалдағышы бар «Ятрань-С» нұсқасы жасалды. Бұл модельдің ерекшелігі, мысалы, американдық «BM Selectric» машинасынан айырмашылығы, басып шығару кезінде шар  емес, кареткасы қозғалады. Дизайнының артықшылығы, өлшемдерін өзгертпестен кез келген рұқсат етілген ені бар каретка орнатылады, сонымен қатар стандартты табуляторды қолдануға болады. Сондай-ақ, зағиптарға арналған «Брайль» шрифтімен «Ятрани» моделі шығарылды.

Біздің музейдегі жазу машинкасының екінші түрінде ақ әріптер мен белгішелер салынған қара пернелері, жоғары қатарда тыныс белгілері мен сандар бар. Келесі үш қатарда әріптер. Ең төменгі қатар бос орын пернесіне арналған. Екі жағында екі перне бар, олардың көмегімен регистрді өзгертеді. Корпустың жоғары жағында каретка орналасқан, оның құрамына қағаз білігі, сызғыш, роликті жылжытуға арналған түймелер және баспа таспасы үшін орын кіреді. Бұл электрлі баспа машинасы жұмысты бастау үшін розеткаға қосылады.

Бір қызығы, баспа машинасымен әріп тергенде қатеге бой алдырмау қажет. Себебі қазіргідей заманауи пернетақтамен өшіру батырмасын баса алмайсыз. Көненің көзіндей болған жазба машинасының тарихтағы орны ерекше болып қала бермек. Себебі, қазіргі пернетақталар сол баспа машинкаларынан бастау алды емес пе?

Жұлдыз Ерболқызы,

Ғ.Мұратбаевтың мемориалдық музейінің қор сақтаушысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<