Біз «білетін» топансу

1338

0

Топансуға дейінгі адамзат өмірінің сондай бір деректері нақты жағрафиялық кеңістікке меңзейді. Ол – кең-байтақ Еуразияның шамамен 30-60˚ солтүстік ендігі арасы. Ол кездің ауа райы қазіргіден өзгешелеу, аса ыстық та, суық та емес, өмірге қолайлы қоңыржай климаттық белдеу болған сияқты. Осы тұста ғылым назарында бар бір жорамалды айтсақ: Аталмыш аумақта, бұдан 20-30 миллион жыл бұрын көсілген Тетис мұхитынан жәдігер – Арал-Каспий теңізі (мен оны «Тұран теңізі» дер едім) қалған. Ал оны соңғы палеолитте (10-12 мың жыл бұрын) апатты түрде тасытқан – Торғай дуалын бұзып, Торғай қолатын қаза, бері лап берген Батыс Сібір (гиперборей) теңізінің тасқыны еді. Міне, нағыз Топансу мінез күрт оқиға… Ұлытауға шейін шалқыған Арал Узбой аңғарынан құлап, Хвалын суын Арал-Каспий теңізіне айналдырды. Бұған Валдай мұздығының еруі де қосылды. Мұнан арғы «сценарий» – жоғарыдағыша.

Бұл жорамал Батыс Сібірдегі гипер­борей өркениеті қисынымен үндеседі.

Әлемдік пікірлер тізгінін ұстаған батыс ілімдері қазақта Топансу туралы дерек мардымсыз деген ойда сияқты. Ал ол оқиғаның қазақтағы суреттері тым жанды да, айшықты. Топансудың кейде бұлдыр ишаралы, кейде қанық сюжеттермен өрнектелген нұсқалары, бәлкім, өзіндік төлтума, бәлкім, әлем аңыздарынан сабақ тартқан Топансу туралы аңыздары қай қазаққа да таныс. Негізі Рабғузи пірәдардан дегенмен, қа­зақтың өз әпсанасы іспет сөз: Нұх пайғамбардың тәуекел жолындағы кемесінде мақұлықтығын қоя алмаған тіршілік иелері де болған. Тұжырып айтқанда, соның бірі – ынсапсыз тышқан  кеменің ағаш қабырғасын кеміріп тесіп, әупірім-үмітті тіршілікті суға набыт етердей болғанда, мысық тышқанды тыю міндетін алып, есесіне пайғамбардан тар жерде емін-еркін мауығу мүмкіндігін сұрайды. Пайғамбардың наразылығымен берілген ұрықсат себебінен мысық-мақлұқаттың тым мазасыз қауышуы және мысық-тышқан жағдайы сонан қалған деген бар. Ал қабырғадан атқақтаған судың жолын денесімен ширатылып бекіткен жылан, осы қызметінің ақысына дүниедегі ең тәтті қаннан қорегі болуын сұрайды. Пайғамбар шарасыздықта бұған да келіседі. Әрине, тәтті қан адамдікі еді… Мұнан әрі «Қарлығаштың құйрығы неге айыр» аңызына өзек болған жылан, маса және қарлығаш оқиғасы жалғасады… Тышқан, доңыз, піл сияқты мақлұқаттар осы аңызда өзінің негізді болмыстарын табады… Көне сөз өзге қай-қай аумақтан да гөрі, өзіміздің сары сахараны меңзеп тұрғандай. Топансу апатынан хабарсыз, тек сиырының құйрығы батпаққа малшынып кеп жүргенін байқаған бір кемпір туралы тағы бір қысқа әпсанада, бәлкім біраз жұмбақтың кілті болуға…

Нұх пайғамбар кемесінің тұрағына әлемде, біз білерде, үш орын «таласады». Қасиетті Құран бойынша – Жөді тауы, сосын, Батыс пікірі табан тіреген армениялық Үлкен Арарат (Библия), сосын, біздің Қазықұрт.  Қасиетті Құран айтқан Жөді тауы – Сарандиб қыраты сияқты сакральді ұғым. Ал, батыстекті ойлар ұстанатын Үлкен Арарат туралы ойымызды төменірек таратамыз.

Арарат тауын, Библия сілтеуімен қанша «шұқылағанмен», неше ғасыр бойы іздеуші-ізденуші ғылым бұл жерден Нұх пайғамбар кемесінің бірде-бір белгісін тапқан емес. Ондай белгі Қазықұртта да жоқ. Оны іздеп те қажеті жоқ. Тез тасып, тез қайтқан судан (150-180 күн жатқан) белгі қалмайды. Сарқылып, жылдап-ғасырлап жатыңқыраған су Маңғыстау, Арал маңы тауларындағыдай бедер қалдырады. Қазықұрт басынан Топансу белгісін және ағаш кеме қалдығын іздеу мәнсіз. Ал, Торғай аңғарындағы ерек табиғатты төрткілдер – сол тұтас дуалдың апатты тасқынынан қалған жұрнақтары деу орынды.

Әрісі әлемдік, берісі Тұрандағы То­пансу нәтижесінде Нұх кемесі Қазықұртқа тоқталды десек,  мұнан кейінгі тарихтың даму үдерісі сындарлы бір ізге түсе бастар еді. Ол – Ұлы Даладан тараған адамзат қозғалысының негізділігі, бірін-бірі бекемдейтін қисындар жалғастылығы. Бұл бірізділікті Ұлы Тұранның бір пұшпағы – Мұған жазығынан (Әзірбайжан) 350 шақырым алыста тұрған Арарат тауы түсіндіре алмайды. (Анығында, осы Арарат – «Ари ара тау» деген прототүркі сөзі). Ал, «Жөді» атауы ше? Құрандағы Жөді тауы, қасиетті кітапта нақты түрде айтылатын эт-Таиф, Арафат сияқты нақтылыққа меңзей ме? (Араб түбегіндегі Жөді – қасиетті ат қойылған жер аты ғана сияқты, оның басына кеме тоқтады деген нақты кесім жоқ). Кеме тоқтаған Жөді тауы, сірә, Мағырып-Машырып, Шын, Машын сияқты атаулар мен кеңістіктердің бір тұсында жатқан бір жер.  Ендеше, сол қасиетті Жөді – біздің киелі Қазықұрт емес пе деген қисын сұранады. Имани шартқа адал, асылық сөз бен ойға жоқ көнелер пайғамбар кемесінің тарихын айтқанда, Құран уәжіне таласпаса керек-ті. Ал, «Қазықұрттың басында кеме қалған…» – әлімсақтан келе жатқан аса көне сөз. Ол – бүгінгі «Қазықұрт».

Шын мәнінде, тарихтың мыңдаған жылдарында мағынасы көп өзгермеген осы төл сөзіміздің түп-төркіні – Қазық Жұрт. Адамзаттың Қазық Жұрты!

Мифтер гиперболасының астарында ұлы шындықтар жатыр.

Объективті (материалдық) себептер­ден бұрын, имани-өнегелік жағдайлар сұрапыл апатқа себеп болған болса, сол қисынмен, материалды дүние факторын бұза, жатаған, бірақ иманы биік Қазықұрт тауына пайғамбар кемесінің келіп тұрақтауы таңқаларлық іс деуге бола ма?

Әлемдік ойлардың қисын-қауметтісі бізге де бөтен емес.

Қасиетті Кітаптарда Топансудың әлемдік ауқымы анық. «…И продолжалось на земле наводнение сорок дней [и сорок ночей], и умножилась вода, и подняла ковчег, и он возвысился над землею; (Быт 7, 17) вода же усиливалась и весьма умножалась на земле, и ковчег плавал по поверхности вод. (Быт 7, 18) И усилилась вода на земле чрезвычайно, так что покрылись все высокие горы, какие есть под всем небом; (Быт 7, 19) на пятнадцать локтей поднялась над ними вода, и покрылись [все высокие] горы. (Быт 7, 20) И лишилась жизни всякая плоть, движущаяся по земле, и птицы, и скоты, и звери, и все гады, ползающие по земле, и все люди; (Быт 7, 21) все, что имело дыхание духа жизни в ноздрях своих на суше, умерло. (Быт 7, 22) Истребилось всякое существо, которое было на поверхности [всей] земли; от человека до скота, и гадов, и птиц небесных, – все истребилось с земли, остался только Ной и что было с ним в ковчеге. (Быт 7, 23.)Вода же усиливалась на земле сто пятьдесят дней…» (Быт 7, 24) («Библия о Потопе». Мәтін кітаптағы техникалық қалыбы сақтай алынды).

Батыс зерттеушілері («Потоп в коране») Топансу туралы ислам сөзін екі тұрғыда қарастырады: біріншісі, клас­сикалық Бүкіләлемдік тасқын; екіншісі ежелгі ислам аймағы – Қосөзен аумағында болған локальді тасқын. Олар осы соңғы нұсқаны шындыққа жақын тұтынады. Біздіңше, бұнымен келісудің реті жоқ. Бәріне негіз – айқын Құран сөзі және тағы да біздің киелі Қазығұрт факторы. Сұрапыл Топансу қазіргі Ирак жерінде өткен шағын тасқын болса, Нұх пайғамбар кемесінің онан 3 мың шақырымдай Қазықұрттан келіп шығуы қалай?!. Екі арада су аса алмас қанша шөл, қанша тау жатыр!.. Әлемдік Топансуды зерделеудегі бір негізді уәжі осы болуға тиіс.

«Пайғамбар хиссасы» былай баян етеді: «…Ал Ад қауымы, олар да  ысқырып, гуілдеген, құйындаған дауылмен жоқ етілді. Оларға бұл дауылды Аллаһу та’ала жеті түн, сегіз күн үздіксіз жіберді. (Сондай аласапыран халге түскені соншалық, ол жерде болсаң) олардың тамырынан жұлынып жерге төселген іші бос құрма ағаштары сияқты қалай өліп, қирағанын көрер едің! Қазір олардың артынан қалған бірде-бір адамды көре аласың ба?

Перғауын да, одан бұрынғылар да астаң-кестең болған мекендердің хал­қы да (Лұт қауымы), барлығы сол қатені (ширк пен қарсы келушілікті) қайталады… Осылайша, Раббыларының пай­ғамбарына (Лұт алейһиссаламға және басқа пайғамбарларға) қарсы шықты. Сондықтан да оларға бұрынғы үммет­терге келген азаптан да ауыр азап төнді… Шынында біз, (Нұх топанында) барлық жерді су басқан уақытта, сендерге ғибрат болсын және оны естігендер де есінде сақтасын деп, (тіршіліктеріңе себеп болған аталарыңды) кемеде алып қалдық…» «Таулар құмға айналғанда». (Мәтін кітаптағы техникалық қалыбы сақтай алынды). Қасиетті Құрани-кәрімдегі «Һуд», «Нұх» сүрелері осы шындықтың басты негізі.

Ең биік таудың үстінен «40 аршын биік» көтерілген су мәліметі де аңыздарда бар… Құран апатты судың Жерде 180 күн жатқанын айтады.

Топансу әлемдік апат болған.

Хикмет үкімі сұрапыл. Жексұрын қауымдар мен өркениеттерден «сабақтық жіп» қалмай құрыған. Апаттан аман қалған тұяқтар – иманды адамдар, еркек-ұрғашылы бейкүнә тіршілік қана. Басқасы жойылған. Жойқын апаттардың жүзеге асу шарты сондай.

Адам Атаның ұрпағы төменгі палеолит  «жабайысы» болып жер басса (35 мың жыл), Нұх үммәті мезолит-неолит (12-10 мың жыл шамасы) жабайысы боп, солай, тағы бір жер басты. Осы күні палеолит (2,6 миллион – 35 мың жыл), төменгі палеолит (35 – 8 мың жыл) кезеңі тұрғындарынан көрнекі артефактылар (тас, сүйек құралдар) әр жерден табылып жатқанда, сонша дәуірлеген Топансу алды өркениет-технологиядан (муландия-атлантида-гиперборея-лемурия) неге елеулі жәдігер жоқ деген сұрақ туады. Заңды сұрақ. Үлкен сұрақ. Ғылым ол кезеңдерді «мезолит», «неолит» деп анықтайды. Сірә, сондайлық хикмети апаттың ұлы шарты – алдыңғы өркениеттен із қалдырмау ниеті болса керек. («Бүлінгеннен бүлдіргі алмау» фәлсафасы). Міне, осы сакральді уәж біздің пікірлеріміздің бір қанаты түрінде біраз шетін ойларымызды демеуге сеп. Астам өркениеттер жәдігерлері ғайыпқа жұтылған! Бір Топансу емес, басқа да апаттарда солай болған… Әйтсе де, Сахара шөлінен табылды делінетін ғарыш айлағына ұқсас бір нысан, Перу шөліндегі гулливерлік таңбалар, Жерорта, Қара теңіз астынан табылып жатқан көне мекен іздері, өте ертедегі термоядролық соғыс белгілері, берісі, Торғай, Арал ұлтанынан ашылған табиғаты белгісіз таңбаларда (геоглифтер) не жұмбақ? Тұмшалы Жер бедері не құпия жасырып жатыр?..

Библия Нойдың үш баласымен шектеледі. Ислам ілімі Нұх әулетімен тағы 80 мұсылманның құтылғанын айтады. Қалай болғанда да, бүгінгі адамзаттың әлемге тараған қалың қарамы – сол пайғамбар үммәті. Міне, осы жұрттың Ұлы Даладан тарап, дүниеге тек адам ұрпағы ғана емес, дамыған өркениет, алуан мәдениет және парасатты ой бастауларын ала кеткенін заманауи ғылым енді батыл айта бастады. Егер Адам Ата баласы хоме сапиенстің ізі ғылым назарына ілігуі үшін 5 мың жылдай уақыт қажет болған болса, Нұх ұрпақтарының «анығырақ көзге түсуіне» де сол шама мерзім өткен сыңайлы. Осыдан 10-12 мың жылдай бұрыннан әредік шаң беріп (мезолит дәуірінің артефактылары), 8-7 мың жыл бұрын ұлы көштер түрінде із қалдырса, онан кейін Қосөзен, Ніл, Кіші Азия, Оңтүстік, Оңтүстік-Шығыс Азия мәдениеттері мен өркениеттерінің бұрқ етіп, жарқырай гүлдене көзге ұруы, ол – сол ұлы көштер мен үдерістердің айтулы кезеңдері.

Ғылым «Арий» деп атаған халық сол Топансудан кейін ұлы далада бой көрсетіп, зерде назарына іліккен бірден-бір тарихи деректі жұрт. Топансуға дейінгі және кейінгі аңыз-тарихтарды селбестіре-ұшқастырып көрсек, ілкі мәліметі бар гиперборей мен нақты деректі арий жұрты арасында әлемдік Топансу, мәлімсіз ғасырлар мен мыңжылдықтар және арысы беймәлім, берісі нақты ғажап жағрафия (Тұран) жатыр. Кең далада бөтен-бастақ жұрт емес, сол ежел өркениеттердің, кейінгі тарихтар көп мән бермей, әлденеге айнала өтіп, үстіртін айтып келген бір елеусіз, бірақ, діліне берік мұрагері қалды. Ол бүгін ақиқат жолын қинала аршып жатыр.

Өткен Сөзінің бүгінге салмағы қандай?

Ұлы Дала, Тұран кеңістігі. Бұл алтын жүлгелі өлке бәз біреулердің еркінен тыс, кей саяси коньюнктураларға тәуелсіз түрде ежелгі Тарих аренасына біртіндеп, сенімді түрде көтеріліп келеді. Адамзат тағдырындағы Дала, Тұран феномені бүгін кеңінен және объективті түрде мойындала бастады. Осы шындық – бізді, біз – сол үдерісті қолдап, көтермелеп әкететін қос қанат іспетті енді.

Дала сөйлейді. Ақиқатқа барып маңдай тірейтін соны шындықтармен сөйлейді. Күрделі, қиын, бірақ, даму және ақиқат қажеттілігі сондай.

Қазықұрт. Бізге сондай қастерлі, бірақ сол қасиетін дүние танып мойындай қоймаған (біз мойындата алмай келе жатқан) киелі мекен. Ол Ұлы Тұранда сабыр көрпесін жамылып, өз уақытын күтіп жатыр. Осал рухани әлеует емес ол. Бұл қатарда өлкеміздегі «Адам Ата қорымы», «Адам Ата дариясы», «Сам құмы» сияқты, аттарында алуан сыр тұнған жерлерді енді назарға алмау әбестік.

Табиғи Тарих терең қазып, кең қамтуды тілейтін игерілмеген тың.

Діни догматтар, аңыздар және тарихи дәйектер бір «мәмілелі нүктеде» бас қосса –  көп ғылымның жеңіс мерекесі тойланар еді. Сөйткенде, адам қол жеткізген көптеген фәнилік жеңістер ақиқат табиғатты болмақ. Бүткіл болмыс біз үшін әзір тұғыры тым биік хикметтік Ақиқатқа табан тіреп тұр. Оның жолында ізденуші талап көп. Әлемде, түрлі саяси шектеулер мен теперіштер көрмеген қауымдарда, жоғарыда айтқан игі «мәмілелі әріптес­тіктің» бірегей нәтиже-жемістері бар екеніне күмән жоқ. Сонымен бірге, өзіндік түрлі астарлы коньюнктуралармен бұрмаланған әдейіліктер мен қиыс кетулер де аз емес. Сол сипатты ниеттер мен әрекеттер нуында ақиқат ауылына деген өз жолымызды қиыннан қиып салу – біз үшін үлкен міндет.

Мақсат – адамзаттың ерек ынта-көңіліндегі Ұлы Топансу оқиғасының қай­дан басталып, қалай болғанын өз өре-дейгейімізде қолға ұстатып беру емес (әрине, олай ете алсақ кәне!),  мүмкін­дігінше, біз білетін шындық ауылына жақын нұсқасында жорамалдау. Бұл біздің ежел тарихымызды, ғалам-тарихтағы орнымызды, Ұлы Даламыздың мәртебесін тану, таныту талпыныстарымызға жол ашатын бір талап. Шындық тілегі, ақиқат мұраты биік.

Солай екен, азат тарихымыз ағымында сан-түрлі монополиялық «центризмдерге» өз «қазақцентризмімізді» аламандатып қосу да сән емес. Тек, айтпасқа болмайтын, біз айтуға тиіс  шындықтар тілегі жаңа, еркін тарих ауанында бізден не талап етіп тұр – сол мәнді, сол қозғаушы күш деп білген мақұл. 

Бұл орайда адамзат ойы жинақтаған еңбектер мен мәліметтер теңізінен біздің алғанымыз тамшылар ғана. Соларды өз тұғыр-талпынысымызда ұқсата пайда­ланған болдық. Мақсат – ізденсем, тап­сам деген беймаза талпыныстарды, әсіресе, жас көңілдер ойын қозғау, қиялдар желкеніне жел беру. Салынбаған соқпақтарға қанатты көңілдерді шақыру. Қаламгер ретінде ой қаузаған біздікі сол тілек. «Таза» ғалым емес және ғылыми зерттеулерге көп бара бермеген, қисын мен философияға арқа сүйеген қаламгер ойлары бұл.                    

Жер үстінде ұлы апаттардың хикметтік от тұтатқышы бүгін де сонша алыс тұрған жоқ. Ғаламшарымызға әр сәтте төніп келіп өтіп жатқан ғарыш тастары, ұйқысынан ояну алдындағы супервулкан Йллистоун, соңғы кезеңде белең алып бара жатқан құрғақшылық пен алапат өрттер, су-тасқындар, жер бетіндегі мұздықтардың азып-тозуы мен сулар сарқыла бастауы… Айқын белгілер көп-ақ. Яғни, объективті себептер «дайын». Адамзат уайым айтады, бірақ бәрібір, іс-әрекеттерінде осы апаттар ушығуын ұшындыра түсетін парықсыздық ісі басымдау. Ізгілік амалдары қорғаншақ… Апаттардың хикметтік себептері «…ширк қосу, Құдайға қарсы келу…» астарында пенделер парықсыздығы, онсегіз мың ғаламдағы жалғыз мекен Жерді аздырып-тоздыру, тойымсыз-ашкөздік, тек өзіме ғана болсын деген эго-прагматизм, моральдік азғындаулар жатыр…

Адам жады ғасырлар ескертуін тез ұмытқыш.

Сайлаубай Жұбатырұлы,

жазушы, эколог

(Соңы. Басы өткен санда)

Мақала баспаға дайындалып жатқан «Топансу жүзін жуған Ұлы Дала» атты кітапқа енген «Арий-Заратуштра-Сақ», «Ұлы Дала өркендер бастауы», «Әлемнен жеткен туыстық үндер» мақалалары қатарынан алынды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<