Имаш мұғалім

1026

1

Менің атам Имаш Нақыпұлы 1893 жылы Қара­өзек болысы Айнакөл ауылында елге танымал Нақып жыраудың отбасында дүниеге келіпті.  Алғашқы діни сауатын өз әкесінен алып, оны үш-төрт жылда меңгерген ол әке ақылымен  білімін тереңдете, дамыта түседі, өз бетімен діни-тарихи кітаптарды оқиды. Сөйтіп мектепте әкесін алмастыра алатындай дәрежеге жетіп, «кішкентай молда» атанады. Баласының талабын байқаған Нақып жырау оны Бұқара қаласындағы Көкілташ  медресесіне  оқуға жібереді.

Осы медресеге оқуға түсіп, оны 1913 жылы дамолла атағымен бітірген Имашты Досжан хазіреттің адамдары қалап, Ақтөбе қаласына алып кетеді. 1913-1918 жылдары Имаш Дос­жан хазірет медресесінде дамолла дәрежесінде дәріс береді. Адайдың сұлуы Әлимаға үйленеді. 1918 жылғы ақ пен қызыл айқасқан  аласапыран кезеңде Имаш елге оралады. Педагогикалық училищені бітіреді. Иіркөлдегі Сейітназар Мусанниб мектеп-медресесінде мұғалім болады. Ал 1928 жылы елдегі кәмпескелеу ойранынан бас сауғалап, жазушы С.Сейфуллин мен аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі ­С.Айзоновтың көмегімен Қазақ халық ағарту  институтына оқуға түседі. Сонда жүріп басқа авторлармен бірігіп, мектеп, педучилище оқулықтарын жаза бастайды. Әсіресе, бастауыш сынып методикасына көп көңіл бөледі. Алайда, 1930 жылғы алғашқы реп­рессия  толқынында  Имаш молда баласы да өзі де молда болғандықтан институттан да, авторлық құрамнан да қуылады. Оған Досжан хазірет медресесінде біраз уақыт дамолла дәрежесінде дәріс бергені, балалардың діни сауатын ашқаны пәле болып жабысқан еді.

Дін жолын насихаттағандарға, мешіт пен медреседе қызмет еткендерге деген Кеңес үкіметінің көзқарасы белгілі-тұғын. Өмірден көп тепіреш көрген Имаш көптің бірі болып, елеусіздеу жүруге де үйренді. Сөйтіп араға уақыт салып барып, Имаш Нақыпұлы 1923 жылы Абдолла Ағайдарұлы негізін қалаған Зіңкетердегі бастауыш мектепке мұғалім болып орналасты. 1936 жылы 7 жылдық мектепке айналады. Оның алғашқы директоры болған Қайырхан  Қайыр­лапов Ұлы Отан соғысында қаза тапты. Одан кейін Қалмақ Сексенбаев мектеп директоры болады. Міне, осы мектепте Имаштың ұстаздық жолы қалыптасып, ауыл балаларының бастауыш білім алуына өзіндік үлес қосты.

1940-1947 жылдары Сәйдінің қыстауындағы Асау мектебінде 1-7 сынып оқушыларына үй жағдайында мұғалімдік етті, яғни, мектеп жасындағы балаларды бір жерден екінші жерге көшіп, үй жағалап жүріп оқытқан. Қырқыншы жылдардың соңы  мен елуінші жылдардың бас кезінде қазіргі Аманкелді, Жетікөл, Айдарлы ауылдарының табанында 11 шағын  колхоз болыпты. Имаш мұғалім осы ауыл балаларын оқытуды өз міндетіне алса керек.

1944 жылғы қыркүйек­те Жаңарық ауылының балалары «Қызыл Ту»  мектебіне барып оқиды. Мектеп дегеніміз Дүйсен молданың мешіті болған, екі бөлмелі шағын ғимарат еді. Орындық аз, екі-үш баладан отыратын. Имаш атам ақын Қуаныш Баймағанбетов  екеуі үй-үйді жағалап, балаларды мектепке оқуға шақырады. Соғыстың уақыты, жоқшылық, киім-кешек тапшы, балалардың көпшілігі мектепке жалаңаяқ келген екен. Қағаз-қалам жетіспейді, атам бір қаламды үшке бөліп, ұштап, әр балаға екі парақтан бергенін айтып отыратын.

– Сендерді оқушы, мені мұғалім дейді. Күнде осында келесіңдер, мен сендерге әріп танытып, кітап оқытамын, алу, қосу амалдарын үйретемін, – дейді екен. Тақтаға алғашқы әріптерді жазып, оны жаздырғанын, әрбірінің қасына барып, қалам ұстауды, параққа қалай жазу керектігін үйреткенін айтатын. Сол жылдары мектепте оқыған Мүкаш Жү­сіп­ова­ның (марқұм) естелігіне назар аударсақ.

– Күз болды, жерге қырау түсті, күн суытты. Мектеп енді «Бестөбе» деген жерге көшірілді. Парта мен тақтаны, столды екі жағынан  көтеріп жүре береміз. Сақылдаған сары аяз, отын жоқ, киіміміз жұқа, ағай 1-4 сынып оқушыларын өз үйіне кіргізді. Бір қабырғаны түгелімен алып отырамыз. Өздері, балалары бар, сонда да ағай біздің сабақ оқуымызға мүмкіндік  жасайды. «Мынаны жаз, мынаны шығар, енді мынаны жатта» дейді, соны орындаймыз. Қараңғыға қалсақ, өзі үйімізге дейін жеткізіп салады. Алыстан қатынап оқитын балаларға әлдекімдердің есегін сұрап алып, бір-біріне серік етіп жібереді.

1945 жылғы 9 мамыр күні Калинин  ауылындағы Калинин атындағы мектепке  сабаққа келген бізді ұстазымыз: «Бүгін  сабақ болмайды, Жеңіс, біз жеңдік, үйлеріңе барып, ата-аналарыңнан сүйінші сұраңдар» деп қайтарып жіберді. Өзі де қуанышты, шағын денелі, қағылез адамның жүзі бал-бұл жайнайды.  Жүгіріп үйге жетсек, ата-аналарымыз бен көрші-көлем бір-бірінен сүйінші сұрап, құшақтасып, көрісіп жатыр екен.

Имаш мұғалімнен сабақ алып, әріп таныған ауылдың көнекөз қариялары Әбсаттар Әбдірәсілов, Серікбай Тәшімов пен Дүйсен Ысмағұлов атам туралы үнемі жылы пікірлерін білдіретін.

– Майданда ұсталған сумкаға жазып, оны ылғал шүберекпен сүртетінбіз,– деп еске алады Әбсаттар ақсақал. – Кейін аңғарып отырсам, ағайдың Омар есімді жалғыз ұлы соғыстан оралған екен, соның сумкасы болуы керек. Мен өз басым Сәйдінің қыстауындағы Асау мектебіне бардым. Мектебіміз кейін қай жерге көшірілсе, сол жердің атын иеленетін. Көбінесе бұрын мешіт  болған үйлерде оқитынбыз. Әр сыныпта 3-4, кейде 7-8 бала болатын еді.

Осы кісілердің естеліктерінің өзінен аңғарғанымыз, мектептің атауы үнемі өзгеріп отырған. Мектеп алдымен, «Қызыл Ту» деп аталса, келе-келе  Асау, Зіңкетер, Бестөбе, Сатыпалды, Қарашоқы аталған екен, сосын Калинин, Ленин атын иеленіпті. Осының бәрі – қазіргі Қуаныш Баймағанбетов атындағы №42 орта мектебінің негізі.

1951 жылғы 1 қыркүйекте «Қызыл Ту» мектебінің мұғалімі Имаш Нақыпұлы ұзақ жылғы ұстаздық қызметі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесінің  бұйрығымен «Ленин» орденімен марапатталған.

Имаш ұстаздың жалғыз ұлы, менің әкем Омар Нақыпов соғысқа дейін атасы Нақып жыраудың тәрбие­сінде болған. Бала жасынан атасының жыр-дастандарын тыңдап өскен Омар Ұлы Отан соғысына қатысып, Невель-Псков қаласы үшін жан алып, жан беріскен соғыс­та жараланып, госпиталға түседі. «Қызыл Жұлдыз» орденін және 1941-1945 жылдары «Кеңес Одағы әскерінің Герман фашистерін жеңгені үшін» медалін иеленген Омар соғыстан 1944 жылы оралып, ішкі істер бөлімінде қызмет етті. Қырықтан енді асқан шағында жол апатынан қайтыс болды. Егер әкем тірі болғанда ауылда мұғалімдер арасында тұңғыш «Ленин» орденін алған әкесі туралы көп дүние тындырар ма еді деп ойлаймын. Әттең, кезінде еліміздің  ең жоғары наградаларының бірі  болып саналатын марапатты иеленген ардақты ұстаз есімі ескерусіз қалып барады.

Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған жанның есімі ел есінде қайта  жаңғыруы үшін ол кісінің атына аудандағы бір білім ұйымының не бір көшені беруге ұсыныс жасалған еді. Ол да аяқсыз қалды.

Сырдария ауданы мен Тереңөзек аудандары қосылғанда бұ­рынғы Сырдария аудандық білім бөлімінің  құжаттары толық сақталмауына орай, атам Имаш Нақыпұлының еңбек жолы да әртүрлі көрсетілген. Бізге берген архив құжаттарында «1920 жылдан бастап 4 жылдық мектепке меңгеруші болып қызмет істеген, 1935-1949 жылдар аралығында Зіңкетер мектебінде бастауыш сыныптарға сабақ берді, 1942-1946 жылдар аралығында Қызылордадағы №6 қыздар мектебінде директорлық қызмет етті, 1950 жылдан бастап Аманкелді ауылындағы Ленин атындағы  №42 орта мектепте сабақ берді» делінген. Қалай болғанда да  атамның өмір бойы тек ұстаздықпен айналысқаны, келешек ұрпақты білім нәрімен сусындатқаны белгілі. Отыз бір жылдық ұстаздық өмірінде талай теперіш көргені де анық. 1954 жылы Аманкелді ауылында ауыр науқастан қайтыс болды.

Шындығында, атам Имаш Нақыпұлы ел басына күн туған ауыр кезеңде ұс­таз­дық етті. Қиындықтан қиын­дыққа кезігіп,  бір жерден екінші жерге көшіп жүріп, мұғалім деген ардақты атты қастерлеп өтті. Сырдария ауданындағы бі­лім ұйымдарының біріне, ең болмаса өзі тұрып, өмір бойы еңбек еткен ауылдың бір көшесіне атын берсе, алдағы 120 жылдығын ауыл, аудан көлемінде атап өтсе деймін.  Сырдария ауданының әкімі, аудан мен  ауылдың өткені мен келешегін саралап отыратын аудандық, ауылдық  ардагерлер кеңесі, өзге де жанашыр жандар менің бұл ұсынысыма оң қабақ танытады деген сенімдемін.

Зағипа  ИМАШЕВА,

немересі, зейнеткер ұстаз.

Қызылорда қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<