Кебеже бетіндегі көркемдік

2424

0

Ежелгі халықтардың қай-қайсысы болса да негізгі күнкөріс кәсібін аңшылық пен мал өсіруден бастаған. Cондықтан хайуанаттардың етін, майын, ішек-қарнын, терісін, жүнін, тарамысын пайдаға асыра білуімен қатар олардың сүйегінен, мүйізінен көптеген мүліктер, қару, жабдықтар жасаған. Алғашқыда сойылған малдың қабырғаларын пышақ орнына, жауырынын қалақ орнына пайдаланған. Келе-келе адам баласы сүйекті сүйекпен жону, таспен егеу, отқа күйдіру сияқты әдістерді тапты. Ақырында сүйектен, мүйізден түрлі қолөнер туындылары жасалды.

Негізінен үй бұйымдарын әсемдеуге жылқы мен түйе сүйектері ғана жараған. Оның өзінде ең алдымен, олардың жауырын сүйектері мен қабырғалары қолданылса, кейде әсемдеу үшін жіліктің қақ сүйегі іске асқан. Әдетте, қыстыгүні соғымға сойылатын ірі жылқы мен түйе сүйектерінің жарамдыларын тастамай жинаған. Шеберлердің айтуы бойынша шикі сүйектен гөрі асылған еттің сүйегі өңдеуге қолайлы болған. Семіз соғымның сүйектері тым майлы болған жағдайда, оларды артық майдан арылту үшін өңдеу алдында тағы да бірнеше сағат суға қайнатып алған. Әсемдейтін бұйымдардың ыңғайына қарай дайындалған сүйектерден мүмкіндігінше көлемі жағынан біркелкі тік бұрышты, төрт бұрыш, шаршы, үш бұрыш, ромбы тәрізденген әшекейлер кесіліп алынады, олардың беттері тегістеледі, мұқият өңделеді.

Қазақ халқының қолөнерінің ішінде, өнер туындыларына жататын бұйымдардың бірі – кебеже. Оны ежелден азық-түлік сақтауға пайдаланған. Этнографиялық деректерге қарағанда сүйектелген кебеже Сырдарияның төменгі ағысын мекендейтін жұртшылықта көптеп кездеседі. Бізге келіп жеткен, қазіргі музейлер қорында сақтаулы кебежелер өте әсем көркемделген. Көлемі жағынан да, сыртқы сәндік жағынан да бірін-бірі қайталамайтын сан түрлі.

Облыстық тарихи-өлкетану музейі қорында өте құнды сүйектелген кебежелердің және жүкаяқтардың бірнеше түрі сақтаулы. Беткі жағы әртүрлі геометриялық фигуралар формасында жонылып, өрнектелген сүйек әшекейлермен жабылған. Ақсары сүйек түстері өте жақсы үйлесім табуының өзі кебеже жасаушы шебердің талғамының жоғары болғандығын дәлелдейді. Сонымен қатар кебеженің сыртқы көркемдік бейнесіне қарап, мерзімі ХІХ ғасырдың аяғы ХХ ғасырдың бас кезі екендігі байқалады.

Этнографтардың айтуы бойынша, кебеженің жалпы формасы және жасалу әдісі барлық өңірлерде бірдей. Кебеженің биіктігі – 45 сантиметр, көлденеңнен – 80 сантиметр. Төрт қабырғасы, түбі мен қақпағы төрт қырлы төрт қазық арқылы біріктірілген. Тек бет жағы ғана әсемделген. Ал, артқы беті мен екі жаны қызыл, қоңыр бояумен боялып, 12 тікбұрышты сүйек әшекейлері зергерлікпен қиюластырылған. Бұлардың астына қызыл шұға мата төселген. Бетінің ең ортасына үш жерден төрт-төрттен біріктірілген сыңар мүйіз тәрізденіп жонылған сүйек әшекейлер орнатылған.  1982 жылы желтоқсан айында Шиелі ауданының тұрғынынан музей қорына түскен.

Дәл осындай келесі кебеженің бет жағындағы өрнегі ромбы тәрізденген әшекейлер кесіліп өрнектеліп, 17 тікбұрышты және 12 үшбұрышты сүйек әшекейлері зергерлікпен қиюластырылып, екі жаны қоңыр түсті бояумен боялған. Оны бұдан 60-70 жыл бұрын  ағаш  шебері  жасаған.

Ерекше тоқтала кететін бұйымның бір түрі – сүйектелген жүкаяқ. Қазақстанның барлық өңірінде көп жасалған қажетті үй жиһазы. Аты айтып тұрғандай, бұл жиһазға  жүк жиналады. Ағаш ұсталары оны жасауда қыруар еңбек сіңірген. Әрқайсысы өз әлінше көркемдеп жасауға ұмтылған. Шексіз қиялға ерік беріп, шынайы шеберлігімен жүкаяқтың сан алуан үлгілерін қалдырды. Қазір музей қорында сақтаулы тұрған сүйектелген жүкаяқ 4 бөлшектен құрастырылған. Аяқтары үстіңгі ағаштың екі шетіне қиыстырылған. Екі аяқтың арасы төменгі жағынан жіңішке тақтаймен қосылған. Бет жағы түгелдей түсті бояулармен әдемі өрнектелген. Әр композиция өз алдына бөлек орындалған. Ою ерекшеліктеріне келсек, екі аяқ беттеріне ботакөз өрнегі бейнеленген. Үстіңгі ұзын ағашының беттеріне өсімдік тектес әдемі ою-өрнек жүргізілген. Жүкаяқтың ұзын тұрқы 104 сантиметр де, биіктігі 50 сантиметр шамасында жасалған. Қолөнер шеберлерінің бұйымды көркемдеуде, ою-өрнектерді орналастыруда симметриялық заңдылықтарды қатаң сақтағанына қарап нағыз өнер адамдары екенін білуге болады. Қарапайым ғана тұрмыстық бұйымдардың өзінен, табиғат аясында өскен ата-бабаларымыздың сұлулық дүниесіне жаны жақын, эстетикалық талғамы жоғары болғандығын аңғартады. Музей қорында сақтаулы мұндай жәдігерлеріміздің барлығы баға жетпес асыл құндылықтарымыз екені сөзсіз.

Еңлік Баймұрзаева,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<