Кесене көркейе түсті

344

0

Халқының қорғаны болған әулие әрі батыр Жанқожа Нұрмұхамедұлы бабамыздың даңқы алты Алашқа жақсы мәлім. Ерлігі ұрпақтың ұранына айналған саңлақ сардардың есімі ғасырдан ғасырға жалғасып келеді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ел-халықтың де­меу­шілігімен Қазалы ауданы орталығында Жанқожа батыр бабамызға арналып салынған келбетті кесене көпшіліктің қастер тұтар мекеніне айналды. Кейінгі кезде қабырғадағы ашық қапталдардан ішке қарлы дауыл, шаң борап, жаңбыр бүркіп жүрген еді.

Осы қолайсыздықты аң­ғарған батыр ұрпақтары қар­жы жинап, кесененің төрт қап­талын қалың әйнекпен жабуды ұйғарды. Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі облыстық комиссия бұл ұсы­нысты қолдады.

«Жанқожа батыр» қоғамдық қорының президенті Нұрсұлтан Мұратбаев ақсақал игі  қадамға   батасын  берген соң,  кесене  басында  қызу жұмыс бас­талды. Әсіресе, Шарападин Таласов, Дәуренбек Әбдіхалық, ағайынды Айберген, Күн­берген Ділімбетовтер, Ералы, Нұралы Дәуренбекұлылар, басқа де баба ұрпақтары білек сыбана еңбек етті. Сондай-ақ Қайрақбай Орын­басаров басшылық жасайтын кент әкімдігі ұжымының да көмегі тигенін айта кеткен жөн.

Батыр ұрпақтарының ауыз­біршілігі арқасында санау­лы күнде үлкен шаруа тындырылды. Жоғарыда есімдері аталған азаматтардың кәсіби шеберлігімен кесе­ненің төрт қапталы әсем пішінделген темір бөліктер арқылы қалың әйнекпен жабылды. Кесенеге арнайы келген Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Ораз­баев көпшіліктің ісіне сәттілік тіледі.

«Төртеу түгел болса, төбе­дегі келеді» дегендей, көптен армандаған іс жүзеге асты. Өт­кен сенбіде Жанқожа батыр кесенесінде карантин талаптарын сақтай отырып, баба ар­уағына арналып ас берілді.

– Кесенеге күн шапағы түскенде бір ғажайып көріністі байқауға болады. Сол сәтте баба кесенесі өзгеше сипатқа енеді. Зер салып қараған жанға кесене молдас құрып, екі қолын екі тізесіне салып, шынтақтарын сәл көтере ұстап, сонау қиырға қадала қараған батыр бейнесіндей елестейді. Құдды, зеңгір көктен жауына шүйілген қыран құстай тым айбатты, – дейді Күнберген Ділімбетов.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы»

Қазалы ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз