ӘЛЕМДІ “АҚЫЛДЫ” ҚҰРЫЛҒЫЛАР ӨЗГЕРТЕДІ

1794

0

Әлемде  түрлі ақылды технологиялар дамып, бүгінде қолданысқа енуде. Олардың көпшілігі қажетті қызметті тез арада жүзеге асырады. Ең кереметі, олар арқылы уақыт үнемдейсіз және керек мәліметті тез арада алуға мүмкіндік мол. Солардың бірі – Қытайдың CHIGO компаниясы шығарған  “Smart King” кондиционері. Бұл әлемдегі ең ақылды кондиционер болып есептеледі. Себебі, оны ұялы телефон сияқты сандық құрылғылар арқылы басқаруға болады. 

Ақылды технологияның шыңына жеткен мұндай алпауыт компаниялар жетерлік. Қазіргі таңда олардың бірқатары спорттық ақылды аяқ киімдер шығаруда.

Мәселен, Xiaomi Free Tie Leather Shoes  компаниясы смартфондар мен телефон аксессуарларын ғана шығарып қоймай, интеллектуалды спорт аяқ киімдерін ұсынып отыр. Бұл аяқ киім жүрген қадамыңды есептей алатын ішкі жадысымен ерекшеленеді. Сондай-ақ, орнатылған сенсор арқылы жүрілген жол мен жұмсалған энергияны анықтай аласыз. Сонымен қатар, ақылды аяқ киім физикалық жетістіктеріңіз жөніндегі ақпаратты өзіңіздің смартфоныңызға Bluetooth-модуль арқылы жеткізіп отырады. Мұның бағасы 300 долларды құрайды.

Ал, Smart Rhythm Shoes  компаниясы иесіне билеуді үйрететін ақылды аяқ киімдерді шығаруды жоспарлап отыр. Компанияның смартфон бағдарламасына бай­ланысатын спорттық аяқ киімдеріне  бақылау құрылғысы орнатылады. Аяқ киім телефонға Bluetooth арқылы қосылады. Смартфонға орнатылған бағдарлама әуенді естіген бойда «аяққа» белгі береді. Ақылды аяқ киімге кіріктірілген сенсорға табанның әр жерінен діріл беріледі. Содан би қимылдары іске асады. Смартфон қосымшасы арқылы би үйрететін интеллектуалды спорттық кроссовка бір мезетте  джаз, сальса, бачата, вальс, хип-хоп, танго секілді билерді үйрете алады.

Vixole Matrix ойлап тапқан аяқ киімге телевизор орнатылған. Спорттық аяқ киімнің артқы бөлігіне жарық диодты панел біріктірілген. Сол арқылы сіз аяқ киіміңіздегі LED экранға өз смартфоныңыз арқылы керекті видеоны жазсаңыз болады. Бұл иілгіш экран судан қорғалған. Оны жаңбыр мен қарда да кие беруге болады екен. Оған қоса түс, дыбыс анықтайтын, ауа дымқылдығын бақылайтын және магнит өлшегіш құрылғы орнатылған. Осы  қондырғылар арқасында аяқ киім иесінің қимыл қозғалысына қарай суреттің түсін автоматты түрде ауыстырып отырады. Аталған Vixole Matrix өнімін 345 долларға алуға болады.

Мұндай аяқ киімді Томск политехникалық университетінің студенті де ойлап тапты. Бірақ ол ақылды аяқ киімнің денсаулыққа пайдалы түрін көрсетуде. Яғни,   орыс баласының ақылды Смарт-бәтеңкесі адам жүрісін реттейді. Ұлтарақтың астына орналастырылған  құрылғы арқылы табанға түскен салмақты бақылайды. Яғни, бәтеңке егесіне тірек-қимыл жүйесі ауруының алдын алуға көп көмектеседі. Сондай-ақ, инсульт алған адамдарды оңалтуға да көп септігін тигізеді екен. Қазір ақылды аяқ киімдер нарыққа шығуға дайын, бірақ бағасы әлі белгіленбеген.

Pizza Hut Pie Tops өнертапқыштары да  спорттық бәтеңке шығарды. Олардың ойлап тапқан бәтеңкелері арқылы пиццаға тапсырыс беруге болады. Құрастырушылар аяқ киімнің тілшігіне қызыл тетік орнатқан. Сол құрылғыны бассаңыз сіздің аяғыңызбен смартфоныңыз байланыс жасап, тапсырыс береді. Сіз тек тетік басып, пиццаңызды күтсеңіз болғаны. Ал компания қызметкерлері  бәтеңке тұрған орынға сіздің шақыртуыңызбен келген пиццаны әкеледі. Қазіргі таңда аяқ киімдердің 64 жұбы айналымда жүр.

Біріккен Араб Әмірлігінде де «ақылды» қоқыс жәшігі бар. Оның ерекшелігі жәшікке қоқыс тастап қана қоймайсыз, сонымен қатар, ол ақпарат орталығы ретінде де қызмет көрсетеді. Әрбір «ақылды» қоқыс жәшігіне сымсыз ғаламтор роутері қойылған. Сол арқылы құрылғы жанына жақындаған адамның есіне қоршаған ортаны қорғау қажеттілігін салып отырады. Аталған жәшік күн батареясымен жұмыс істейді. Тағы бір артықшылығы: әдеттегі қоқыс жәшігіне қарағанда қоқысты бес есе көп сыйдыра алады. Өйткені, ол ішіне түскен затты сол сәтінде жаншып отырады. Толған сәтте қызмет бригадасына өз бетінше   белгі жібереді. Мұндай қоқыс жәшіктері не­гі­зінен Дубай, Әбу-Даби және Шарж қалаларының туристер көп жүретін орындары мен спорттық нысандарға қойылмақ.

Ақылды технология мазарлардан да айналып өтпеді. Словенияның Марибор қаласындағы Pobrezje бейітінде әлем бойынша тұңғыш рет «ақылды» құлпытас пайда болды. Инновациялық құлпытастар туған-туыстары жүктеген, қайтыс болған адам турасындағы ақпарат қамтылған экранмен жабдықталған. Адам қабірдің басына жақындамайынша ешнәрсені байқамайды, тек жақын келгенде ғана плитада қимыл-қозғалыс датчигі іске қосылып, сенсорлық экран пайда болады. Одан қайтыс болған адамның суретін, видеосын көруге және оның өмірбаянын оқуға болады екен. Осы жобаны ойлап тапқан Bioenergija компаниясы өкілдерінің айтуынша, құлпытастағы экранға су өтпейді, себебі, арнайы жабынмен қапталған. Аталған компания мамандары қазіргі уақытта арнайы мобилді қосымша жасап жатыр. Оның көмегімен «ақылды» құлпытастағы мәліметтерді өзгертуге, толықтыруға, т.б. болады. Бұл инновациялық жобаның құны үш мың доллардан асып жығылады.

Индиялық инженерлер мен медиктер болса, кедергілерді өз бетімен айналып өтетін және арбада отырған емделушінің шаршағандығын немесе қатты алаңдаушылыққа тап болғандығын байқай алатын ақылды мүгедектер арбасын шығаруда. Ақылды арба емделушінің жағдайын толық анықтау үшін дененің температурасын, пульсті, тыныс алуды және бірқатар психологиялық параметрлерді нақты анықтауға бейімді.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

“Сыр бойы”.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<