Луйза Хейдің қанатты сөздері

784

0

Луйза Хейдің қанатты сөздері

30 тамыз күні атақты психолог Луйза Хей дүниеден өтті. Оның кейбір пікірі аңыз болып кетті, кейбірі психология кітаптарының негізін құрады, үшінші бірі адам тағдырының айнасына айналды. «Алыс жолға саяхат алғашқы қадамнан басталады» деген сөзді де Луйза Хей айтқан екен. 

1. «Әр адамның бойында өмір сүруге қорқатын, мейірімге зәру үш жасар бала бар». 

2. «Біздің таңдаған ойымыз – өмір кенебіне сурет салатын қылқалам».

3. «Өзгеріске үй жинауға қарағандай қараңыз. Алдымен бірін, сосын екіншісін өзгертесің, енді бір қарасаң – айналаң жарқырап тұрады». 

4. «Ғаламның қуаты ешқашан адамды сынап, мінемейді. Ғалам бізді бүтін болмысымызбен толық қабылдайды. Сосын көкейдегі жатталып тұрған ұстанымды сол күйінше алдымызға келтіреді».

5. «Мен қиындықты түзетуге тырыспаймын. Мен ойымды түзеймін. Сонда қиындық өздігінше реттеледі». 

6. «Әр адамның бойында ұлы даналық бар. Біз қоятын сұрақтың бәріне жауап дайын». 

7. «Үнемі өткен өміріңді еске алу – біліп тұрып өзіңе қиянат жасау». 

8. «Бір ұстанымға неғұрлым берік болсам, сол ұстанымнан құтылуым керектігін түсінем». 

9. «Бұл өмірге өзгелер үшін келіп, басқалардың көңілін жықпас үшін жүрген жоқсыз. Әр адам өмірін өзінің жеке-дара жолын табу арқылы көркейте алады. Сіздің мақсат – өзіңізді көрсету. Махаббатыңыздың тереңдігін көрсету. Сіз білім алу үшін, жетілу үшін өмір сүресіз. Өмір сүре жүріп түсіністік танытып, көңіл білдіресіз. О дүниеге аттанғанда көлікті, ақшаны, жұмысты ала кетпейсіз. Сіз онда ел-жұртпен қарым-қатынасыңызды да әкете алмайсыз. Сіз әкете алатын бір ғана құндылық бар – ол сүйе білу қабілетіңіз». 

10. «Көңілің түскен шақта өзіңді қатты жақсы көр. Сын адам болмысын бүлдіреді. Өзіңді көргің келетін жайдары қалыпта елестет. Сені жасытатын кейіпті ұмыт».

11. «Кінә — ауыр сезім. Бұл сезім ешқашан ешкімге көмектескен емес. Ол тіпті жағдайды өзгерте алмайды да. Сондықтан өзіңді кінәнің абақтысынан шығар». 

12. «Бұл әлем толған бақ-дәулет. Сол байлық қашан мені келіп көрер екен деп күтіп жатыр. Ақша – сіз жұмсай алатыннан да көп. Адамдар – бүкіл өміріңізде жолықтырғаннан да көп. Қуаныш – қиялыңыз жеткеннен де көп. Осыған сенсеңіз, қалағаныңыз алдыңыздан шыға береді». 

13. «Адам өмірінде берілген екі нүкте бар – туу мен өлу. Сол екі нүктенің арасындағы жолды қалай жүретінін адам өзі таңдайды». 

14. «Сыртқы әлеммен қарым-қатынасымыз өзімізге деген ілтипаттың айнасы». 

15. «Егер басыңа жаман ой келсе, оған «келіп кеткенің үшін рақмет» дей сал». 

Аударған Шынар Әбілдә

Қабылан ақпараттық порталы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<