Ұлы дала өркениетін ұлықтаған ұрпақ

831

0

Қазақ тарихында өзі біліп қана қоймай, жастардың білім алуына қолдау білдірген жанашыр азаматтар өте көп. Алаш қайраткерлерінің көпшілігі Мамания медресесін бітірген түлектер екенін көпшілік мақтанышпен айтады. Сол медресенің білім сапасын көтеруге атсалысқан азаматтар жайлы зерделі зерттеу қажет-ақ. Бір ғана мысал, Жәңгір ханның арнайы стипедиясымен Каирдағы Мысыр университетінің заң факультетін бітірген Ғабдолғазиз Мұсағалиев 1909 жылы осы медресеге мұғалім болып жұмысқа орналасады. Сегіз тілді меңгерген жас маман аз уақыттың ішінде бала тәрбиелеуде көпке танылады. Мұғалім болып қана қоймай, сол кездегі бірнеше қазақ басылымдарына мақала жазып, журналистік қызмет те атқарған Ғ.Мұсағалиев сол кездегі Алаш белсенділерімен бағыттас, үндес болған.
Ел ішінде аңыз әңгімелерді жинап, көпшілікке жеткізіп отыратын белсенді азаматтар болады. Ағартушылық қызметтегі сондай тұлғалардың бірі Сәден Нұртайұлы. Жастайынан елдің, жердің тарихына қызығып өскен ол Сыр өңірінен шыққан танымал адамдар жайлы деректер жинаумен айналысады. Жинаған дүниесін кәсіби тұрғыдан талдау үшін тарихшы мамандығын оқуды жөн санайды. Сөйтіп 1955 жылы Қызылорда қаласындағы бұрынғы Гоголь атындағы педагогикалық институтының тарих факультетін бітіріп, еңбек жолын мектеп мұғалімі болып бастаған. Мектеп мұғалімінен басталған қызмет жолы оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры, өмірінің соңғы кезеңінде зерттеушілікке ұласады.
Сәден Нұртайұлы тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы жылдары ғана ұзақ жылдар бойғы зерттеулерін жинақтап, кітап етіп шығара бастады. Оның себебі, діни бағыттағы зерттеу еңбектері сол кездегі саяси көзқарастарға сәйкес келмеген болуы керек. С.Нұртайұлының 1996 жылы «Ислам және Марал баба», 1997 жылы «Дін кереметі» атты кітаптары көпшілікке ұсынылды. Сондай-ақ, республикалық, облыстық мерзімді басылымдарда Сыр өңірінен шыққан танымал тұлғалар, тәрбие туралы көлемді мақалалары жарық көрді. Ардақты ұстаз С.Нұртайұлы «Оқу ісінің үздігі», Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасының иегері атанды.  
Ұлт тарихына бей-жай қарай алмаған ізденімпаз ұстаз ел арасындағы есті сөзді жанына тоқып, жас ұрпақ тәрбиесіне пайдаланып отыруды дағдыға айналдырған. Кер заманның кереғар ойларына қарсы тұрып, шәкірттеріне тарихи оқиғаларға шынайы баға беруді үйреткен. Бүгінде С.Нұртайұлының алдынан шыққан мыңдаған жас еліміздің әр саласында еңбек етуде. Олар қазақтың қайсарлығын, өрлігі мен ерлігін, кең байтақ даланың мәдениетін бойына сіңіріп өскен жандар. Солардың бірі – танымал жырау Алмас Алматов.
Ұстаз жайлы толғанысында: «осы кісінің сабақ өту, сөйлеу мәнері, түсіндіру, талдау тәсілдері тарихи кезең мен тарих пәнінің маңызын айрықша түсінуімізге тікелей әсер етті. Ағайдың кейбір қатып қалған қағидадан тыс, өзгеше көзқарастары болатын», – деп еске алуы біздің сөзімізге дәлел.
Сәден Нұртайұлының ғибратты ғұмыры бүгінгі жастарға, әсіресе мұғалімдер мен оқушыларға үлкен тәрбие мектебі. Ұстаздың соңында қалған рухани мұрасын ұлықтау арқылы жас ұрпақтың ұлт тарихына деген құрметі қалыптасады.
Ұлы даланың өркениетін қайта жаңғырту – «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі мақсаты. Өз тарихын, мәдениетін, өнерін, әдебиетін терең меңгеріп, ұлттық болмысты бойына жинап, оны көпке көрсете білу – нағыз жаңғырған, жаңарған азаматтың ісі.
Қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған бағдарламаның басым бағыттарының бірі – білімнің салтанат құруы. Білімнің салтанат құруы дегеніміз – заманауи инновациялық технологияларды меңгере отырып, білім сапасын арттыру, өзін үнемі жетілдіру, бәсекелік қабілетін арттыру болып табылады. Жалпы бала тәрбиесінде қай кезде де оның білім алуына ерекше көңіл бөлінген. Кеудесінде сәуле, көзінде оты бар баланы қазақ жетектеп жүріп жетілдірген. Халқымыздың осы бір құндылығы бүгінге дейін үзілмей жалғасып келеді.
Қазірдің өзінде қаншама кәсіпкер, танымал компаниялар жастардың озық білім алуына қаржы бөліп, жағдай жасауда. Сондай жомарт жандардың бірі – Рзақұл Сәденұлы Нұртаев. Жыл сайын Қармақшы ауданы Ақжар ауылындағы №28 мектепке түрлі бағытта демеушілік жасап, оқушылардың сапалы білім, саналы тәрбие алуына баса назар аударып келеді.
Білім бәйгесіне демеушілік жасаған Р.Нұртаевтың айтуынша, өткен оқу жылында аталмыш мектепте заманауи тарих кабинетін жабдықтап, «Қазақстан тарихы» пәнінен цифрлық форматта облыстық олимпиада өткізген. Биылғы жылы білім бәйгесінің ауқымы кеңейіп, тұңғыш рет цифрлық форматта өткен Сәден Нұртайұлы атындағы республикалық олимпиадаға Жамбыл, Атырау, Түркістан, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қызылорда өңірінен оқушылар қатысқан. Жалпы олимпиада өткізудегі мақсатым – балалардың өз тарихына деген қызығушылығын арттыру, өз елінің өткен күніне құрметін қалыптастыру. Соңғы жылдары жасыратыны жоқ, тарихшы пәнінің мұғалімі болуға үміткер жастар күрт төмендеп кетті. Осы жайларды ескере отырып, тарихшы болғысы келетін жастарға қолдау білдіру – басты міндетіміз, – дейді.
Республикалық олимпиадаға «Өрлеу» БАҰО» АҚ Алматы облысы бойынша ПҚ БАИ директоры, Қызылорда және Шымкент қаласы бойынша ПҚ БАИ қызметкерлері, республикамыздың білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтары қазылық жасады. Республикалық «Қазақстан тарихы» пәндік олимпиадасы 9-10-сынып оқушылары арасында өтті.  
Республикалық «Өрлеу» БАҰО» АҚ Қызылорда облысы бойынша ПҚ БАИ директоры Бауыржан Елеусінов олимпиаданың цифрлық форматта өткізілуіне біздің мамандар тікелей атсалысты. Екі кезең бойынша қорытынды ұпай қатысушыларға бірден көрсетіледі. Сондай-ақ, мұндай формат оқушылардың шынайы бағасын алуына септігін тигізеді. Олимпиадаға қатысушы оқушы ғана емес, мұғалімнің білім деңгейі де байқалады. Сондықтан мұндай форматтағы олимпиадаларды жиі өткізіп тұруды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Білім бәсекесіне қатысушылар алғашқы кезеңде ACTIVote құрылғысы арқылы тест сұрақтарына жауап берді. Турдың қорытындысы бойынша жоғары балл жинаған 9-сыныптан 8 (сегіз) және 10-сыныптан 8 (сегіз) қатысушы ақтық турға жолдама алды.
Екінші кезең бойынша жолдама алған қатысушылар Power Point бағдарламасында жасалған деңгейлік тапсырмаларға жауап беру арқылы ұпайлар жинады.
Білім бәйгесінде жоғары көрсеткішке жеткен Шұғыла Тельманқызы цифрлық форматта өткен олимпиаданың оңай болмағанын жеткізді. Алғашында жүрексінгенім рас, алайда сұрақтарға жауап беру барысында өте мұқият болдым. Ең бастысы – оқыған, ізденген, нақты дайындықпен келген оқушылар жеңіске жетті деген ойдамын.
Олимпиада жеңімпаздарына демеушілер тарапынан дипломдар және қаржылай сыйқақылар берді. Айта кетейік, олимпиада қорытындысы бойынша 9-сынып оқушылары арасында Сырдария ауданы № 42 мектеп-лицейінің оқушысы Тельманқызы Шұғыла 1-орын (120 000 теңге), Шиелі ауданы № 157 орта мектебінің оқушысы Молдашова Дильназ Жаңабекқызы 2-орын (70 000 теңге), Қармақшы ауданы № 28 қазақ орта мектебінің оқушысы Сапарғалиқызы Бақерке 3-орын (50 000 теңге) иеленді.
10-сынып оқушылары арасындағы білім бәйгесінде Шымкент қаласы № 90 жалпы орта мектебінің оқушысы Ералиев Бекзад Қайратұлы 1-орын (120 000 теңге),  Сырдария ауданы № 210 орта мектебінің оқушысы Примбетова Ақтоты Серікқызы 2-орын (70 000 теңге), Қармақшы ауданы № 29 Тұрмағанбет Ізтілеуов атындағы қазақ орта мектебінің оқушысы Мырзағалиұлы Қайсар 3-орын (50 000 теңге) иеленіп, сыйақы алды. Сондай-ақ, олимпиадаға қатысқан 10 оқушы алғыс хат, 14 оқушы арнайы сертификаттармен марапатталды.
Сыр өңірінде тұңғыш рет өткен цифрлық форматтағы олимпиада шын жүйрікті анықтады. Ұстаз ұлағатын ұлықтаған ұрпақ озық білімді жастарды қолдап, жігерлендірді. Бұл сайыс мектеп оқушыларының туған жеріне, оның  тарихына қатысты көзқарасы мен таным көкжиегін кеңейтіп, білімін жітілдірді деген ойдамыз.

Гүлмира Әшірбекова,
Облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының
бөлім басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<