Мейірім (Өмірден алынған)

539

0

Суданның бір өңірінде мұғалима оқушылардың білімге ынтасын ояту үшін сыйақы тағайындайтынын айтады. Кім шығарманы жақсы жазса, соған жаңа аяқкиім сыйлаймын дейді. Балалар мұндайды естіп, қатты қуанады. Сыйлық алу үшін бәрі шығарма жазады. Жарты сағаттан соң жазғандарын өткізе бастайды. Барлық шығарманы оқыған мұғалима, сыйлықты кімге берерін білмей, сасады. Сондықтан жеребе жасайық дейді. Оқушыларына аттарыңды жазып, маған өткізіңдер дейді.


Баланың бәрі атын жазып, қорапқа тастайды. Қағаздарды араластырып, бірін суырып алады, жеңімпаз — Вафаа Әбділкерім!! Балалар Вафааны құттықтайды!!!

Бұл қыз өте жақсы оқитын, ол жеңімпаз болуға әбден лайық еді! Вафаа қуанғаннан жылап қалады. Тек аяғындағы ескі бәтіңкесінің тозғаны болмаса… Сонда да ол бәрінен артық оқуға тырысатын. Озат оқушының бірі.


Мұғалима кешке үйіне кеп, болған жағдайды жылап отырып күйеуіне айтып береді. Күйеуі осындай амал тапқан әйеліне разылығын айтады. Әйелінің неге жылағанын түсінбейді. Бұл қыз жақсы оқығанмен, бірақ аяқкиімі жоқ жалғыз оқушы екенін, оның жолы болғаны тамаша емес пе деп сұрайды. Әйелінің жауабы оны одан сайын таң қалдырады.


Мұғалима қораптағы басқа қағаздың бәрін оқып шығады. Сөйтсе оқушылардың бәрі қағазға өз атын емес, Вафаа Әбділкерім деп жазыпты. Балалар өз жолын мұқтаждығы басым Вафааға берген екен.

Аударған Shynar Ábilda

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз