Өмірін әнге арнаған

1291

0

Арал өңірі – ежелден өнер мен дәулет қонған жер. Бұл шы­нында да солай. Кешегі Жа­­ңаберген, Жаппарберді, Бі­тімбай, Жәмет, Дәріқұл, Кәр­боз, Үмбетәлі, Бекбосын, Хам­за, Қуат, Берекет жырау­лар­дан бастап, Бекұзақ, Сұра­ған, Рысбек, Темірхан, Набат, Елмұра, Демеулер осы өңірден өсіп шықты.


Міне, солардың бірі әрі бі­регейі Қазақстан Респуб­лика­сының Мәдениет қайрат­кері, ауданның Қазанғап атындағы ұлт-аспаптар оркестрінде 40 жыл бойы ән айтқан Сейітқали Сейітмұратов еді.


Сейітқали 1941 жылдың 8-ші наурыз күні Сексеуіл кен­тінде дүниеге келген. Тірі болғанда биыл оның 80 жа­сын тойлаған болар едік. Бірақ тағдыр оған жазбады.
Сейітқалидың әкесі үш аға­йынды. Құттымұрат, Өтемұрат, Сейітмұрат.

Құттымұраттан – Әмит, Дәри. Дәри кезінде акробатикадан әлем чемпионы болды. Өтемұраттан – Мәжит, Болат. Мәжит біраз жыл об­лыстың Білім басқармасын басқарды. Өмірден ертелеу кет­ті. Болат болса қазірде Қа­­зақстан экономикасының өсіп-өркендеуіне өз үлесін қо­сып жүрген ірі кәсіпкер. Сейіт­мұраттан Сейітқали.


Сейітқалидың есімін Арал ауданын былай қойғанда, бү­кіл Қызылорда облысының өнер қауымы түгел біледі. Ол барлық саналы ғұмырын өнер мен мәдениетке арна­ған адам. 40 жылдан аса Сек­сеуілдегі мәдениет үйінің ди­ректоры қызметін атқарды. Осы жылдарда Сексеуілден көп­теген талантты өнерпаз жас­тар өсіп шықты. Солар­дың қатарында бүгінде респуб­ликаға танымал жыршы-тер­меші Шолпан Бейімбетова, Қа­занғап оркестрінде ұзақ жыл домбырашы, әнші болған Нұр­болат Лепесов, Бұқарбаева Гүлсара, Жетекеева Гүлжахан және басқа көптеген өнерлі қыз-жігіттер болды. Ал, бала­­сы Нұрболат болса об­лысқа танымал әнші.

Әке жолын қуып, Сәкең зейнет­ке шық­қасын біраз жыл Сексеуіл мә­дениет үйінің директоры қыз­метін атқарды. Қазір Нұр-Сұлтан қаласында тұрады.


Сәкең басқарған жылдарда Сексеуіл мәдениет үйінде 50-ге жуық көркемөнерпаздар мүшесі болды. Өте белсенді ұжым еді. Жыл сайын көркем­өнерпаздардың аудандық бай­қау­ларында жүлделі 1-ші, 2-ші, 3-ші орындардың бірін иеленіп отыратын. Ол кезде бас жүлде болмайтын.


Сәкеңнің дауысы жағым­ды, мықты әнші болатын. 40 жыл бойы Қазанғап оркестрінің бас әншісі болды. Оркестрмен бірге 1974 жылы Мәскеуге, 1978 жылы Қарақалпақстанға барды. Ауданның барлық елді мекендерін, көршілес Қазалы, Қармақшы аудандарын ара­лап, өзінің тамаша әнде­рімен елді сүйсінтті. Оның орында­уындағы М.Сыдықовтың «Ба­­­лықшы қыз», «Сыр гүлі», «Сыр­дария», «Аққуым менің», «Майдангерлер мәңгі жа­сай­ды», Н.Тілендиевтің «Арал­дағы жеңеше-ай», Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас», «Көзімнің қарасы», С.Мәулен­овтың сөзіне жазылған «Со­ғыстан қайтқан солдаттар», М.Төлебаевтың «Кестелі ора­мал», Т.Базарбаевтың «Ауыл­ым», Ш.Қалдаяқовтың «Сыр сұлуы», тағы басқа әндерін қа­лың жұртшылық бүгінге дейін ұмытқан жоқ.


Аралдың абызы атанған, атақты «Аралым – айдын шал­қарым» атты терменің авторы Әбілхан Маханов ағамыз Сейт­­қалидың дауысына тәнті болып,

Қақтырдың аймағыңа


ән қанатың,


Адамның билеп алар
жан-санасын.


«Баласы Кәдекеңнің
ғажап қой» деп,


Даусыңды естігендер
таңданатын.


Жез таңдай, күміс көмей
сыңғырлаған,


Тап-таза тау суындай
сылдыраған.


Асырып көк теңізден
ән салғанда,


Туысқан Қарақалпақ
қол бұлғаған.


Жарасқан туымыңа
тұлға-мүсін,


Даусың бар танытардай
әннің күшін.


Жұрт не десе, о десін,
жұмысым жоқ,


Мен үшін Сырдың саңлақ
Біржанысың.


Білмеппіз келгеніңді
елу жасқа,


Бұл нәубет келетін жайт
әрбір басқа.


Елу түгіл,тоқсанға
келсең-дағы,


Әй, көке, ән дегенде
орның басқа –
деп келетін «Асырып көк теңізден ән салғанда» атты өлеңін арнаған.
Оркестр құрамында Ма­қашбай Алмағанбетов, Қани Баймағанбетов, Құңқияш Ома­рова, Марзия Ізбанова, Жамал Досмамбетова және басқалар ұзақ жылдар бойы жеке дауыста ән айтып, көп құрметіне бөленді. Солардың ішінде Сейітқалидың орны бө­лек, шоқтығы биік тұратын.


Ол бірнеше дүркін рес­пуб­ликалық, облыстық фес­тиваль­дардың лауреаты атан­ды. Оның ұзақ жылғы жемісті еңбегі ескеріліп, оған 2011 жылы ҚР-ның Мәдениет қай­раткері атағы берілді. Дәл осы жылы Сәкең 70 жасқа тол­ды. Нұрболат бастаған ба­лалары әкемізге тосын сый болсын деп, оған білдіртпей, осы жасын тойлауға кіріседі. Тойдың күні белгіленген аса жоғары талғаммен көркем­делген шақыру билетін жасап және әкесіне сыйлыққа деп шетелдік жеңіл автокөлік ала­ды. Көлікті үйге әкелген күні Се­йітқалиға осының бә­рін бір-ақ білдіреді. Дәл сол күні Сә­кеңнің қолындағы ке­ліні де босанып, немерелі бо­лады. «Әке машинаға мін, Сек­се­уілді бір аралап келейік» деп Нұр­болат әкесін машинаға отырғызып кентті аралатады. Үйге келгесін Сәкең, мен кіш­кене демалып алайын, деп өз бөлмесіне кетеді. Қуаныш та, қайғы да бірдей деген емес пе, қайран азамат сол кішкене демалыстан тұра алмай, тойға небәрі бірнеше күн қалғанда бақиға аттанып кете барды. Өкінішті-ақ.


Міне, осындай жаны жай­­саң, жүрегі жомарт аб­зал аза­матты бүгінде ара­мыз­да жоқ дегенге сеңгің де кел­­мейді. Жол түсіп Сек­сеуілге бара қалсақ Сәкең алдымыздан күліп қар­сы алатындай. Нұрболаттай өнерін жалғастырушысы бар­да, біз Сәкеңді әлі де ара­мыз­да деп есептейміз. Кезінде Арал Сейітқалимен мақтанса, бүгінде Нұрболатпен мақта­нады. Қазақтың қоңыр үнді, сұлу дауысты Нұрболаттың барына қуанамыз.


Бүгінде Сәкеңнің жан-жа­ры Бейбіт ұрпақтарының қызы­ғын көріп, қарашаңырақта ба­қуат­ты өмір сүруде.
Сейітқалидың жарқын бей­­несі оның көзін көрген за­ман­­дастарының жүрегінде ұзақ сақталады. Сол Сәкеңнің бей­несін ұзақ сақтау үшін өзі­нің туған жері Сексеуілден атына бір көше берілсе, құба-құп бо­лар еді.

Жақсыбай ТӨРЕБЕКОВ,

мәдениет саласының ардагері.
Арал ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<