Өнерлі ұрпақ өсірем десең, өнегеңді көрсет

815

0

Ұлы даланың ұрпақтары – сақ, ғұн, түркілер мен оғыз-қыпшақтарға жылқыны тізгіндетіп, оларға ат-әбзелдері мен алтынмен апталған киім, аяқтарына етік, қолына бес қаруын дайындап, жарты әлемге өркениет нұрын себуге жағдай жасаған, алтын қолды шеберлері.

Олар табиғи шикізат­тармен қатар, төрт түліктің қажетке жарайтын тері-жүні, тарамыс, сүйек-тұяқ, ішек-қарын секілді бөліктерін өңдеген. Одан тұрмыс қажеті үшін бұйымдар жасауда, заманынан озып, бүгінгі заман ғылымы жетістіктеріне сол кезде жеткен. Кейінгі ұрпаққа орындалу әдіс-тәсілдерін сол қалпында бұзбай, жеткізсе, кейінгі ізбасар өнер шеберлері де ұлттық мұраның алғашқы қалыпын өзгертпей сақтап уақыт талғам-талабына сай түрлендірген. Оны дамытып, ұлттық нақыштағы ою-өрнектерімен безендіріп, эстетикалық талғамға бейім­деп, бізге сол күйінде жеткізді.

Ел құрметіне бөленген Тотпан ұста Шырдабайұлы ел қажетін орындағанда еңбегін сатпай, халқының бергенін қанағат тұтқан жан екен. Ұрпақтары ұста баба дүкенін құрметтеп оны тұтынуда. Кезінде Тотпан ұста замандастары Арқаның атақты алпауыты Құнанбай,  қараөзектік Мырқайдар Жарасбаев Меккеге қажылық сапарға барып, елден келетін ағайын үшін қонақ үй «Тақия» салдырғаны мәлім.  Қала әкімі «осы үйге елдеріңдегі қадірлі кісінің есімін қойыңыздар» дегенде Мырқайдар мырза Тотпан ұста есімімен атаған. Бұл бабаларымыздың осы қасиетті өнерге деген зор құрметі емес пе?

Құрметке бөленген Тотпан ұста Шырдабайұлы ел қажетін орындағанда еңбегін сатпай, халқының бергенін қанағат тұтқан жан екен. Ұрпақтары ұста баба дүкенін құрметтеп, оны тұтынуда. Кезінде Тотпан ұста замандастары Арқаның атақты алпауыты Құнанбай,  қараөзектік Мырқайдар ­Жарасбаев Меккеге қажылық сапарға барып, елден келетін ағайын үшін «Тақия» қонақ үйін салдырғаны мәлім.  Қала әкімі «осы үйге елдеріңдегі қадірлі кісінің есімін қо­йыңыздар» дегенде Мыр­қайдар мырза Тотпан ұста есімімен атаған. Бұл бабаларымыздың осы қасиетті өнерге деген зор құрметі емес пе?

Кейінгі дара тұлғалардың бірі – Құрманғали ұста Маханбетұлы. Кешегі кеңес уақытында жүк вагондарын сүйреген паровоздың қозғалт­қыш жетегі сынып, Тереңөзек бекетіне тоқтаған. Ел басшыларының тапсырмасымен электрмен дәнекерлеу жоқ кезде өз шеберханасында сынғанды бір-біріне жалғастырып бекітіп, паровоздың әрі қарай жүріп кетуіне мүмкіндік жасаған. Екінің бірінің қолынан келе бермейтін мылтық жасау өнерін игерген атақты шебер – Сәдуақас ұста Сексенбайұлы қалта, қабырға сағаттарын жөндеп, тіпті жоғалған сейф­тің кілтін қайта жасайтын болған. Бүгінде оның ұрпағы Сейділда ағамыз ата жолын ұстанып, шәкірт тәрбиелеуде.

Марқа Қобландин – үй жиһазын жасаудың шыңына жеткен дара шебер. Еңбектері бүгінде аудандық музейде және аудан тұрғындарының үйінде әлі бар. Табиғат бұл кісіге ағаш оюмен қатар, бейнелеу өнерін қоса берген.

Бүгінде есімі ел жадынан ұмытыла бастаған тігінші-дизайнер Ләтипа Қожықова, кілемші Қатша Өтешова секілді кешегі Кеңес кезінде бүкіл одаққа танымал талант иелерімен бірге, есімдері белгісіз етікші, ерші, өрімші, үйшілік өнерімен айналысқан небір өнер шеберлерінің еңбектері – болашағымыз үшін бағыт-бағдар.

Мүсін өнерінің шебері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Мәдениет қайраткері Жәркен Исмағұловтың еңбектері Нұр-Сұлтан қаласының мәдени орындары мен облыс-аудан орталықтарының көркін ашуда.

Ләтипа, Қатша апаларының ізін қуған ізбасар сіңлілері елде жетерлік. Атап айтар болсақ, Қазақстан Қолөнершілер одағының мүшесі Айдарлы ауылында тұратын кілемше-өрнек тоқу шебері Роза Әлбатырова республикалық, халықаралық көрмелерде жоғары деңгейде өнер көрсетіп жүр.  Жастарға осы өнер саласы бойынша дәріс беріп, өздері де аудан, облыс көлеміне танымал болған ағаш шебері Сауран Жүсіпов, тігінші-дизайнер Алтын Қожақ­ова, Нұрсұлу Ажарова ұлттық өнердің өміршеңдігін көрсетуде. Шеберлер жиі-жиі кездесулер мен шеберлік сағаттарын ұйымдастырып отырса, ұлттық қолөнердің кәсіпкерлікке апарар жолы болар еді.

Қолөнер – санғасырлық ақыл-ойдың, тәжірибенің және табиғатты түсіне білудің, сонымен қоса шеберлік пен суретшіліктің құдіретті туындылары. Өнерпаз шеберлердің жан дүниесінен өзіндік ерекшелігімен өріліп шыққан өнер туындысы – адам жанын рухани жағынан байытып, талғам-тынысын, көңіл көкжиегін  кеңейту құралы. Көрермен қауымның өнер туындысынан алатын ләззаты оның шеберге деген ризалық сезіміне ұласады. Өнер туындысы – шебердің маңдай тері, ақыл-парасаты, талғам-түсінігі, дүниетанымы, өзіндік ерекшелігімен қайталанбас қолтаңбасы.

Қазақ қолөнершілерінің туындылары, тұрмыстық және шаруашылық құрал-жабдықтары экологиялық жағынан әлемде теңдессіз болған. Бабалар мұрасын заман талабына сай жеткізуде әттеген-ай дейтін тұстар да жетерлік. Жасыратыны жоқ, аға буын, өзінен кейінгі жастарға үнемі көңілі толыңқырамай, оларға сыни көзқараспен қараймыз. Бірақ қателік өзімізден екенін біріміз білсек, кейбіріміз сезбейтін секілдіміз. Кінәні өзгеден іздейтініміз, өз мінімізді мойындамау бүгінгі өмірден көрініс беруде.

Ата-ана – өз ұрпағының бағбаны. Халық даналығында «Балам өнерлі болсын десең, өнегеңді көрсет» деген аталы сөзін іске асыра алмайтын сәттер баршылық. Сан ғасыр бойы ата-бабаларымыз кең далада төрт түлікті өсіріп, оның қадір-қасиеті мен пайдасын игілігіне жарата білген еді. Осы төрт түліктің жүнінен киім, төсек орын, терісінен сырт киім, аяқ киім, ыдыс-аяқ, т.б. музыка аспабын жасауға пайдаланды. Қой, ешкі ішегін домбыраға,  қарынын жер кепеге жарық түсіру үшін терезе орнына пайдаланған. Қиын отқа жаққан. Осылайша төрт түлік өнімдерін қалдықсыз пайдаланып, өмір сүріп, ұрпақ жалғастыру үшін Табиғат-ана­ны ластамай, оны қадірлеп-қас­терлей білуі, не деген көрегенділік пен данышпандылық десеңізші?! Бүгінде біз сол бабалар салты мен дәстүрін үзіп, игілігімізді жөнді жарата алмайтын болып қалдық. Еті мен сүтін ғана тұтынудамыз. Қалған өнімдерін лақтырып, қалдықтармен жан-жағымыз­ды ластап жатқан жайымыз өзімізге белгілі. Табиғат тазалығы бізге және ертеңгі ұрпаққа керек.

Ата-ана баласының болашағын немен байланыстыруы керек екенін ойланып, жеті-сегіз жасынан бастап бойындағы қарым-қабілетіне қарай, атакәсіпке және сауда өнеріне баулыса деймін. Мектеп қабырғасында алған теориялық білімін осы кәсібімен ұштас­тырса, бала бойында өзінің қоршаған табиғатқа деген көзқарасы мен еңбекке деген сүйіспеншілігі артып, қырсыз­дық-икемсіздігі болмас еді. Белең алып отырған жұмыссыздық пен қылмысқа қарсы тосқауыл қойылады. Жас кезінде кәсіпті игерсе, өскенде оны әрі қарай дамытуына мүмкіндігі мол.

Шүкір, шағын кәсіпкерлікке кең өріс ашылып, жастар оған кеңінен бет бұруда. Алайда, халық тұтынантын өнім толық сырттан әкелініп, кәсіпкерлігіміздің басым бөлігі алыпсатарлық болып тұр. Кәсіпкер өндіретін өнімнің шикізаты елімізде дайындалса, отандық таза, сапалы тауар шықпақ.

Жоғарыда айтқанымыз­дай, кәсіпті бала кезінен бойына сіңіре алмаған кей жастарымыз­ды 2-3 айлық қысқа мерзімді курстан өткізіп, «енді кәсіпкерсің» деп қолына сертификатын ұстатып, одан халық тұтынатын тауар күтеді. Кейбірі кәсібін алып кетсе, қайсыбірі аз ғана уақыттан кейін жабуға мәжбүр. Бұл – өмірде кездесіп отырған жайт. Өз ісінің шебері болмағандықтан әрі өндіретін өнімінің шикізат сырт елден келетіндіктен, өндірген өнімінің өзіндік құны жоғарылайды. Осы себепті тұтынушы зиянды әрі сапасыз шет елден келетін арзанқол тәуелділіктен арыла алмай отыр. Сондықтан шикізатты да өзіміз дайындайтын дәрежеге жетсек екен.

 Әр ата-ана балам ойлана білетін, ойлаған ісін жүзеге асыра алатын жігерлі, батыл, өжет-намысшыл, іскер азамат болса деген оймен ұрпағын тәрбиелеуде. Дегенмен, ұрпақ тәрбиесіндегі қол еңбегі мен ой еңбегі арасындағы байланыстан алшақтап кеткендейміз. Осының нәтижесінде теориялық біліммен шектеліп, еңбекке икемсіз, шыдамсыз, қиыншылыққа төзе алмайтын, оның орнына аузымен орақ оратындарға басымдық берілгені байқалады.

Әсем ән адам бойын тербетіп сергітсе, қолмен орындаған әсем де керемет өнер туындысы жаныңды жадыратып, айналаға деген сүйіспеншілігіңді арттырады. Сыр сүлейі Тұрмағанбет ақынның «Ойлы туған ерлерді, ғалым десең болады» дегендей, ағайын, бәріміз бірдей ғалым болмасақ та, ойлы бір кәсіп иесі болғанға не жетсін?!

Жәнібек МАХАНБЕТ

Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі,

 Мәдениет саласының үздігі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<