Өз дәуірінің сырын өрнектеген

2367

0

Көптің қолына түсе бермейтін, өз дәуірінің үні мен сырын қаламның ұшымен өрнектеген қолжазбалар, уақыт жүгін көтерген көне кітаптар таным мен тағылым іздеген оқырман үшін қашан да қызық. Мұқабалары ескірсе де, мазмұны мен мәнін ғасырларға ғибрат еткен бірнеше кітаптың тарихына үңіліп көрейік.

Жақында Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханадағы сирек кітаптар мен қолжазбаларды көрудің сәті түсті. Неше ғасырдан бері құндылығын жоймай тұрған асыл қазына. Мүлгіген тыныштықта тіл қатып, сөйлегісі келгендей. Кітаптарды ұстай бергеннен санада сұрақ көбейді.

– Алғашында ескі, жыртық күйінде келіп, кейін кітапхана қызметкерлері өңдеген соң жарыққа шықты. Сирек кездесетін кітаптарды қорғау – біздің жұмысымыздың бір бағыты, – дейді кітапханашы Гүлдерайым Қосназарова.

Бұл кітаптар қолға берілмейді. Құнды дүниелер өте аз қалған.

Өз дәуірінің сырын өрнектеген

«Диуани хикмет», – «Даналық кітабы». Қожа Ахмет Иассауидің бұл туындысы бүкіл түркі жұртын дүр сілкіндірді.Адамзат баласын адамгершілікке, ізгілікке, мейірімділікке шақырды. Тұлғаның бір-бірімен өзара қарым-қатынасын, мансап пен байлық, қанағатшылдық секілді ізгілік қасиеттерді дәріптейді. Бұл жәдігер қор сөресінен орын алып тұр.

Ұлы емші Бекасыл әулиенің «Жұлдызнама» атты ғылыми шығармасы да осында. Кітап медицина саласы туралы. Әртүрлі дертті емдік шөптер арқылы емдеу, дерттен айығу жолдары көрсетілген. Тіршілікке қатысты ғажайып аңыз-әңгімелер, рауаяттар мен қиссалар да жазылған. Әулие аспан әлеміне тоқталып, жұлдыздардың құпиясын ашуға тырысады. Сондай-ақ медициналық еңбек адалдыққа, кісілік, парасаттылыққа шақырады.

«Қызылорда қауындары» – П.Эренбургтің 1949 жылы Алматыда жарық көрген кітапшасы. Қысқа әрі нақты түсінік беретін бұл туынды өте сирек кездеседі. Қауын сорттарының халық шаруашылығындағы маңызы мен оның түрлері баяндалады.

Сирек кездесетін кітаптардың ішінде ең құндысы – «Құран кәрім» кітабы. Жарыққа 1923 жылы шыққан. Араб тілінде жазылып, сыртқы мұқабасы терімен қапталыпты.

Әрбір адамды құнды басылымдар мен сирек туындылар қызықтырады деп ойлаймын. Шындығында көзбен көріп, қолмен ұстап, оны шынайы сезіну бөлек сезім тудырады. Оқырман ретінде таным байлығыңызды кеңейткіңіз келсе, кітаптар әлемінің көне жәдігері іспетті осы қазынаға бойлап көріңіз. Сізге терең, қызық әрі қастерлі дүниенің есігі ашылмақ.

Аружан ӘШІРБЕК,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің

1 курс студенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<