«Қожатақыр» атауы қайдан шықты?

1289

0

Мектеп қабырғасында жүргенде ауылда жүргізуші болып жұмыс істейтін Өмірбек көкеммен бірге Қарақұм беткейіне барған болатынмын.

«Қарақұм дегенше, қарағым десейші» деген сөз тіркесін естіген шығарсыз. Мамырдың мамыражай күндерінің бірі еді. Айналадағы шағыл құмдар, гүл көмкерген кең дала маған қатты әсер қалдырды. Кенет… сонау көз ұшында шалқыған көл-көсір су көрінді. Менің таңданысымды жүзімнен сезген көкем: «Бұл «Қожатақырдың» жанындағы бұлақтың суы» деп езу тартты.

Көп ұзамай «Қожатақырға» да жеттік. Шағыл құм төбелердің ішінен аумағы аса ауқымды мидай жазықты кездестіреміз деп кім ойлаған? Жанындағы бұлақтың суына жуынсаңыз тура шекеңнен шығардай сұп-суық. Міне, ғажап! Тақырдың бір шетінде киік үйірі желмен жарысып, құйғытып барады. Бір қызығы, желден жүйрік жануарлар біз мінген көліктің алдын жанамалап шауып, қыр соңымыздан қалар емес. Кездескен көліктердің алдын кесіп өту киіктерге тән қасиет болса керек. Ақыры «ЗИЛ-157» жүк көлігінің алдын кесіп өткен  үйір көзден ғайып болды. Арада қаншама жылдар өтсе де сол көрініс есімде берік сақталып калыпты.

Уақыт өте «Қожа тақыр» атауының қайдан шыққанын жақын туысым, марқұм Мейрімхан Жалғауов ағамнан естіген едім. Сол деректі оқырмандармен бөлісуді жөн санадым.

Мәкеңнің айтуынша, Қожа бабамыз – Майданның Өтегені. Нақтылап айтсақ, Қожа – Талас – Жалғау осылайша жалғасып кете береді. Қожа бабамыз аса дәулетті адам болған екен. Төрт түлігінің молдығы соншалықты өзі есімін иеленген үлкен тақырға зорға сияды екен. «Қыдыр қонып, бақ дарыған» деген сөздің мән-мағынасына дөп келердей. Әулие әрі батыр Жанқожа бабамыздың сарбазы атанған Қожа атамыздың өзі де киелі адам болыпты. Жас шағында Жанқожа бабамыздың жасағында жүріп, бір жорықта жарақат алыпты. Бейіті атақонысы Жанқожа батыр елді мекеніндегі «Өтеген-Нұрымбет» қорымында. Басында еңселі мазар бар.

Ал ұрпақтары өсіп-өніп, қабырғалы қауымға айналған. Арасында елге еңбегімен сыйлы атанған түрлі мамандық иелері аз емес. Осы жолдарды жазып отырғанда марқұм Мейрімхан ағамның сұсты жүзі санама қылаң берді. Мәкеңнің өзі де палуан тұлғалы жан болатын. Дуылға, сауыт кигізіп, қолына қылыш немесе шоқпар ұстатып ертегінің батыры десе нанар едіңіз. Оның туған ағасы марқұм Сейілхан көкеміз де нағыз қара күштің иесі екен. Көзін көргендер Сейілханның суға толы терең жырадан кеңес өкіметі кезіндегі ауыр салмақты «ИЖ» мотоциклын қос қолымен  басынан асыра жоғары көтеріп, арнадан кешіп өткенін сүйсіне әңгімелейді. Өзіңіз ойлап көріңіз… зілдей мотоциклды ағысты жырадан бұлай өткізуге кез келген адамнның шамасы жетпесі анық. Студент кезінде бірнеше адам орнынан зорға қозғаған ауыр гір тасын Сейілхан жұлқи көтергенде таңданбаған жан қалмапты.

Тектілік тұқым қуалайды деген осы шығар.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы»

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<