Қышқалада қазба жұмыстары қайта басталды

1841

0

Әл Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры М.Елеуов басқарған археологиялық экспедиция Қыштөбе (Қышқала) қаласында археологиялық қазба жұмыстарын қайта жалғастырды. Экспедиция құрамында Ә.Марғұлан атындағы Археология институты жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Д.Талеев, ҚазҰУ-дың докторанттары И.Құрманиязов, А.Молдахмет және ЕҰУ-дың докторанты С.Есен қазба жүргізуде.

Бұрын жүргізілген қазба жұмыстары кезінде қаланың бірнеше маңызды қоғамдық ғимараттары мен жерлеу ескерткіштерінің қираған орындары (кесене, сауда орталығы, қыш күйдірген пеш, т.т.) ашылған еді. Олардың сәулеттік сипаты мен табылған заттай деректер мәліметі Қышқаланың осы өңірінде ХII-ХIV ғасырлар аралығында өмір сүрген сауда және мәдени ірі орталық болғанын көрсетті. Қазылған кесенеден алынған адам сүйегіне Ресей Ғылым академиясына қарасты Уфа тарих, тіл және әдебиет институтының антропологиялық реконструкция зертханасында антрополог А.Нечвалода сараптама жасады. Алынған адам қаңқасы 40 жас шамасындағы ер кісіге тиесілі екенін анықтады. Ұлыбританияның Белфаст қаласындағы «Chrono-14» зертханасында жүргізілген радоикөміртектік сараптама нәтижесі мәйіттің жасы орташа есеппен 1359 жыл деген қорытынды жасады. Ал қоғамда өзіндік дәрежесі болған адамға арналып тұрғызылған кесененің қасбетін безендірген, кесіп салынған тамаша өрнектері бар тақталар мен түрлі-түсті мозайкалардың аналогтары осыған дейін ғылымға белгілі болған Кердері, Жәнібек-Шалқар, Қызылоба кесенелері мен Украинаның Запорожье облысы Конские горы қалашығындағы Алтын Орда дәуірі мешітінен кездесті.

Қызылоба кесененің жерлеу қабіріндегі мәйіттің қасынан табылған екі күміс монетаның бірінде оның соғылған уақыты (х.б. 737 – яғни 1337 ж.) сақталған. Осының барлығы біз зерттеп жатқан қала (Баршынкент) орнының ХІV-ХV ғасырларда  Алтын Орда мемлекетінің аса бір маңызды мәдени және рухани орталығы болғанынан хабар береді.

Жазба деректер мәліметтерімен осыған дейін Сыр өңірінде археологиялық зерттеулер жүргізген археолог мамандардың ой-пікірлерін ұштастырғанда Қышқаланың әйгілі Баршынкенттің орны екендігін расқа шығаратын мәліметтер табылды.

Осы жылы қала тұрғындары мекендеген тұрғын үйлер шоғырланған орамына қазба салына бастады. Мақсатымыз – қала тұрғындарының шаруашылығы, тұрмыс-тіршілігі, қоғамдық қатынастары мен әлеуметтік тіршілігі, осы жердегі сауда, қол өнері, мәдениеттің дамуы жайлы жан-жақты мәлімет жинау. Сондай-ақ халықтың негізгі кәсібі, күнкөріс көзі, рухани дүниесінің дамуы жайлы да дәлелді материалдар алу. Осындай мақсаттармен қазбаға алыс-жақын шетелдік мамандарды да шақырып, олармен тәжірибе алмасу, шетелдік технологияны зерттеуде кеңінен қолдану болып отыр. Қышқалада бірлесіп зерттеу жүргізуге итальяндық ғалым Ренато Сала мен белгиялық ғалым Деом Жан-Марк шақырылды. Олар қаланың суландыру жүйесі мен қорғаныс құрылыстарын зерттеуге көмектеспек.

Қазақстанда қала мәдениеті дамуының куәсі саналатын Қызылорда облысындағы ерекше тарихи мұра, киелі мекен Қышқаланы (Баршынкентті) жалпы жұртқа таныту үшін жергілікті өлкетанушылар Жұмабай Байзақ пен Қоғалыкөл ауылындағы №44 орта мектептің тарих пәні мұғалімі Ұлпат Қожаназарованы да қазба және барлау жұмыстарына қатысуға шақырдық. Қазбаның алғашқы күндерінен бастап нәтиже көңіл толтырарлық. Жер бетіне жақын жоғарғы қабатта болған бірнеше бөлмелі тұрғын үйдің сақталып қалған қабырғалары ашылып, бөлмелердің еденінен сыпа, ташнау, тандыр-ошақтың орындары мен Алтын Орда дәуіріне жататын сырлы, сырланбаған қыш ыдыс сынықтары, мыс бақыр т.б. заттай деректер табылуда. Мыс теңгенің сақталу деңгейі орташа. Мамандар оның соғылған және қолданылған уақытын анықтайды деген үміттеміз. Бетіндегі арабша жазуларын оқуға болады. Нумизмат мамандар оқығаннан кейін қаланың дәл қай уақытта тіршілігін тоқтатқанын болжауға болады. Баршынккенттің ХІІІ-ХІV ғасырлар аралығында Сыр бойымен өткен сауда керуендері тоқтайтын маңызды қалалардың бірі болғанын қытай теңгесі юань мен аты әлемге тараған қытай фарфоры селадон кесенің сынығы куәлендіріп отыр. Қазба жалғасуда, алда жақсы табыстар күтеміз.

Д.ТАЛЕЕВ,

Ә.Марғұлан атындағы археология интитутының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<