ҚҰРАҚ КӨРПЕ, ҚҰС ЖАСТЫҚ – ҮЙДІҢ СӘНІ

3981

0

 Бір кездері ұмыт болуға айналған салт-дәс­түр, қолөнер бүгінде қай­та жаңғырды. Тіпті, кәсіп көзі еткендер де аз емес. Бір қуан­тар­лығы, қолөнерді насихаттауда жастар белсенді. Соның бірі – Әлия Жетіру. «Мұны кәсіп көзін табу мақсатында емес, қолөнерге деген қызы­ғу­шы­лығыммен бастадым» дейді ол.

Әлияның мамандығы тігін­шіліктен тіпті алыс.  Ісмерлік, оның ішінде құрақ құрау әр қазақ қызының қолынан келе­тін­дігіне оның еш күмәні жоқ. Өзі де кеңседегі жұмыстан шаршап келгенде ою ойып, құрақ құрап демалады екен. Бір қызығы, Әлияға ісмерлікті үйретіп, кеңес берген ешкім жоқ. Күн сайын қағаз бен матадан қиылған қиындылар,құрақ құрау, қайта сөгу, келесі күні тағы қайталау оны жа­лық­тырған емес. Күн өткен сайын бір-бірімен қабыса кеткен құрақтар көздің жауын алатын тамаша дүниеге айналды. Оның мақсаты – құрақтың заманауи түрін жасау болатын. Бұл үшін сапалы мата, түстер үйлесімділігі, оюларды дұрыс пайдалану қажет. Тынымсыз еңбек еткен ол түрлі оюларды қағаз бетіне түсіруден жалықпады. Ең бастысы, елдің құрақ құрау өнеріне қызығушылығын ояту. Әлияның қиялынан туған оюлар, құрақ түрлері бүгінде сұранысқа ие.

– Құрақтың ескі үлгісін қайта жаңғыртып, жаңаша стильде құрау, жаңаша дизайн жасауға тырысамын. Уақыт озған сайын көзқарас та, талғам да өзгереді. Тіпті, құрақ көрпешелерге иероглифтер бейнелеп көрдім. Өңірімізде өткен бір көрмеде көптің қы­зығушылығын ту­ғызды. Ата-бабамыз құрақ өнеріне ерекше мән берген. Құрақты қолданудың өз орны бар. Мәселен, қыз жасауына ши құрақ, гүлдер жиі пайдаланылады. Мұндағы тілек – барған жеріне сіңсін, өркені жайылсын дегені. Жалпы, құрақ көрпеше сән ғана емес, әр үйге береке, бірлік тілейтіндей сезіледі,– дейді ол.

Әлия қазақ оюын тек көр­­пешеге ғана емес, төсек жап­қыштарына, бесік жаб­дық­тарына орайын келтіріп пай­да­ланып келеді. Бұл туындысы да көпшілік сұранысына ие. Айтпақшы, Әлияның ою­лы жастықшасын көрмеде ита­льян­­дықтар сатып алыпты. Қа­зақ­тың оюына тәнті болса керек.

«Әр қазақ қызының бо­йында ісмерлік өнер бұғып жатыр» деген Әлия қазақтың қолөнерімен мақтанатынын айт­ты.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<