Розаның Сталинмен кездесуі

1194

0

Қазақ әйелдері ішінен бірінші болып Халық Қаһарманы атағына ие болған, киелі де қазыналы Қазалыдан шыққан КСРО-ның Халық артисі Роза Бағланова – кезінде «халықтар көсемі» атанған И.Сталинмен кездескен қазалылық екі адамның бірі.

Біріншісі, Қазалы ауданының 1938-1942 жылдардағы бірінші хатшысы Тұңғышбай Сегізов еді. Соғыстың алдында болған ВКП (б)-нің ХVIII сьезіне делегат болып қатысқанда қазақстандық делегаттармен бірге 1939 жылы 22 наурызда Cталинмен түскен суретін ертеректе көрген едім.

Екіншісі – 100 жылдық мерейтойын атап өткелі отыр­ған жерлесіміз Роза Бағланова. Соғыс жылдарында майдан даласында шырқаған «Ах, Самара городок» әнін орыстың атақты әншілерінің өзі Розадай орындай алмады. Осы ән бастапқыда орыстың ұлы әншісі Лидия Русланованың репретуарында еді. Бұл әнді Роза Бағланованың орындағанын естіген соң «Розочка, бұл ән сенің даусыңа лайық екен, әнді саған сыйладым» деген болатын. Не деген қарапайымдылық, «ұлық болсаң кішік бол» деген осы шығар. Осы ән Бағланованың бағын ашты,  оны өмір бойы шырқап өтті. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, КСРО Халық артисі, екі мәрте сталиндік сыйлықтың иегері, сазгер ­Василий Соловьев-Седой «На солнечной поляночке» әнін 1943 жылы Роза Бағланованың даусына арнап жазды. Соғыс жылдарында майдан даласындағы концерттерде ғана емес, соғыстан соң да осы екі әні үшін орыс халқы Розаны «маленкая казашка с чудесным голосом» деп құрмет тұтты.

Соғыстан соң, атақты орыс әні «Валенкидің» жал­ғыз орындаушысы Лидия Русланованың басына бұлт үйіріле бастады. Оған күйеуі генерал В.Крюков екеуінің маршал Г.Жуковпен достығы себеп болды. НКВД бастығы Л.Берия маршал Жуковтың көзін құртпақшы болып «соғыс олжасын орасан көп иемденген» деген жалған айып тақты, Л.Русланова мен күйеуіне куә болыңдар дегенде бас тартқан, 1947 жылы екеуін де түрмеге қамап небір азапты көрсетсе де, Жуковқа қарсы жалған мәлімет бермейді. Руслан­ованы соғыс жылдарында 1120 рет қан майданда көрсеткен концерті үшін алған орден мен медальдарынан айырып, 1949 жылдың 28 қазанында атақты 58-ші баппен,10 жылға соттап жібереді.

Л.Руслановамен (1900-1973 жж) майдан даласында достасқан Роза өмір бойы байланысын үзген жоқ.  1945 жылдың 2 мамырында атыс әлі де тоқтала қоймаған кез. Рейхстаг алдында алғашқы концерт бермекші болғанда, бір офицер айқайлап: «Қайда барасыңдар? Жатыңдар өлтіреді» деді. Қасында Роза мен басқа да әншілері бар Русланова: «Орыс әнінің жау алдында тізе бүккенін қашан көріп едіңдер?!» деген екен.

1949 жылы 21 желтоқсанда И.Сталин 70 жасқа толды. Көсемнің Русланованың орындауындағы жақсы көретін «Валенки», «Светит месяц», «Степь да степь кругом» әндерінің орнын Роза Бағланованың орындауындағы «Ах, Самара городок» және «На солнечной поляночке» әндерімен толықтыруды ойлап, концертке арнайы шақырылды.

Концерт шымылдығы ­Д.Шестаковичтің Ленинград блокадасында жазған атақты симфониясымен ашылды. Одан кейін Сталин соғыс кезіндегі әндерді жақсы көргендіктен, алдымен Клавдия Шульженко шығып «Синий платок», «Давай закурим» әндерін орындады. Екінші болып Р.Бағланова шықты, көсемді бірінші рет көргендіктен қанша қобалжысада, «Ах, Самара городокты» тамаша орындап шықты.

Артынан жақындап келген жүргізуші: «Сталин жолдас­тың қолынан алыңыз» деген дауысын естісімен  Сталин отырған қатарға бет алды. Осылайша Сталинннің қолынан қос қолдап алып, туған күнімен құттықтады. Сталин сәл жымиып, басын изеді.

Өмірінің соңына дейін Р.Бағланова Сталинді «ұлы адам» деп есептеді. «Караван» газетінің тілшісі: «Сіз әлі күнге дейін Сталинді ұлы адам деп есептейсіз бе?» деген сұрағына «Әрине, ол ұлы адам, артта қалған мешеу елді, алып индустриалды елге айналдырды, алапат соғыстан елді аман алып қалды» деген болатын.Кезінде Ұлыбритания­ның пре­мьер-министрі Уинстон Черчелль: «Сталин Ресейді соқамен қабылдап алып, атом қаруына жеткізіп кетті» дегені емес пе?

Бұдан соң 1950 және 1951 жылдары Сталиннің туған күніне байланысты өткен концертке Роза атақты С.Лемешев, А.Вертинский, Г.Уланова, М.Плисецкая, И.Ильинский, А.Райкинмен бірге қатысты. Өз сөздерінде де Сталинмен 3 рет жүздескенін мақтанышпен айтып жүрді. Кезінде Г.Жуков, К.Рокоссовский, И.Конев секілді маршалдармен, Н.Хрущев, Л.Брежнев, Мао Цзэдун, Д.Неру, Ким Ир Сен, И.Ганди, т.б. ел басшыларымен кездесіп, дәм-тұздас болған.

Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы әнші есімін мәңгі сақтау үшін бірқатар шаралар қабылдағаны белгілі. Соның аясында «Қазақконцерт» ұйы­мына Роза Бағланованың есімі берілгендігі туралы хабарды мектеп ұжымы зор қуанышпен қарсы алды. Себебі, Р.Бағланова 1939 жылы біздің мектепті бітіріп, үлкен өмірге қадам басқан.

Бақытжан ТҮМЕНБАЕВ,

Жанқожа батыр атындағы №70 мектептің тарих пәні мұғалімі,

Қазақстан Журналистер  одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<