Әсемдік әдемілікке әкеледі

1083

0

 «Қызға қырық үйден тиым» деп қыз тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген  ата-бабаларымыз бұрымдылар тағатын әшекейлерге де мән-мағынамен қараған. Қазақ аруларының басына үкілі сәукеле киіп, құлағына сырға тағуы, білегіне білезік киюі, беліне белдік буып, шашына шолпы қадауы, олардың сұлулығын айқын көрсеткен.

     Қазақтың ою-өрнегімен әрленген бұйымдар қайта сәнге еніп, сұраныста болғаны қуантады. Бүгін сұлуларды көріктендіре түсетін бұйымдарға тоқталмақпыз.

     Сәукеле – қызды ұзатқанда киетін бас киім. Яғни, ұзатылған қыздың қайын жұртына жеткенше киіп баратын бас киімі. Бұл бас киімді қыз бір-ақ рет киетін болған.  Сәукеле – «сау келеді» деген мағына берген. Келінді күтіп отырған жұрт алыстан сәукелені көріп, «аман-есен келді» деген мағынада сау келді деп хабар жеткізген.

    Шашбау – өрілген бұрымның ұшына тағатын бұйым. Бұрындары ата-бабаларымыз «шашбау шаш арасындағы жын-шайтанды қуады» – деген сенімде болған.

    Шолпы – қыздардың бұрымға тағатын әшекейлерінің бірі. Шолпының түрлері: үзбелі шолпы, көзді шолпы, қозалы шолпы, шынжырлы шолпы, қос үзбелі шолпы, маржанды шолпы. Шолпының салмағы 3 келіге дейін жеткен. Қазақ қыздары шолпы таққанда, еңсесін тік ұстаған. «Қатты жүгірме, оқыс қозғалма, шолпың қатты сыңғырласа, сені әдепсіз қыз дейді»  деп әдептілік пен сыпайылыққа көңіл бөлген.

    Жүзік – тіл-көзден сақтайтын сәндік бұйым ретінде қолданылған. Осы бұйымның жүзік, сақина, балдақ деген жеке атаулары бар. Асыл тастары барын – жүзік, тасы жоқ, тек алтын немесе күмістен жасалғанды – сақина, көзі жоқ, шығыр түріндегісін – балдақ деп атайды. Тіпті, жүзіктер кісінің жас мөлшерін, шыққан тегін, өскен ортасын білдіретін қасиеттерге де ие.

    Білезік – басқа да әшекейлер секілді ертеден бүгінгі күнге дейін кең қолданылып келе жатқан бұйым. Сом білезік, жұмыр білезік, қарта білезік, қақпақ білезік, бес білезік, сағат білезік деген түрлері бар. Қазақ арулары білезікті сән мен тазалық үшін таққан.

    Сырға – арулардың ажарын айшықтап, шырайына өң береді. Өткен заманда бойжеткеннің басы бос, атастырылмаған болса, қыз баланың сырғасын керегеге іліп қойған. Үйге келген қонақ сырғаны көріп, ол үйдің бойжеткен қызы барын және ешкіммен атастырылмағанын білген. Мұны қыз баланы алдағы уақытта келін болуға дайындаудың бір түрі десе де болады. Сол секілді, елімізде құда түсіп, сырға салу рәсімі де бар. Осындай ерекшеліктері бар әшекейлердің тәрбиелік мәні басым.

                                                                                             Шапағат ТОРҒАЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<