Синдром сыры

10378

0

Күнделікті тіршілік, жұмыс пен оқу, отбасы мен даму арасында жүріп, өз жанымызға қажеттіні ұмытып кете береміз. Сондықтан жантану ғылымындағы сіз естімеген синдромдарға тоқталмақпыз.

Есейгісі келмейтіндер мен жауапкершілік алғысы келмейтіндер, отызда да бала болып қалатындар, қарым-қатынастан, ертеңгі күннен қорқып өмір сүретіндерді елестетіңізші. Дәл осы типтегі адамдар «Питер Пэн» синдромына шалдыққандар қатарына енеді. Бұл туралы психолог, ғалым Мария-Луиза фон Франц өз кітабында зерттеп, синдромға әдеби кейіпкерлерден Питер Пэн мен кішкентай ханзаданы жатқызса, өмірде болған тұлғалардан Моцартты мысал еткен еді. Бұл көбіне тым еркелеп немесе ата-анасы баланың жеке шешім қабылдап, жауапкершілік алуына кедергі келтіріп өскендерде, ал бүкіл әлем бойынша әйелдерден гөрі ер адамдарда жиі кездеседі. Әр адамның жан дүниесінде еркелеп, ойнап жүре бергісі келетін балақай бар десек те, Питер Пэн синдромы – қоғамдық дамуындағы адамның тұлғалық болмысының басты кедергісі.

«Париж – әрдайым сізбен бірге болатын мереке» дейді жазушы Хэмингуэй. Ғажайып атмосфера, париждік эстетика, кинодағыдай саяхат, тізе берсек, себеп көп. Алайда Парижге қыдырып келген туристердің мұндағы жергілікті тұрғындардың салқынқандылығынан, әдепсіздігінен көңілі қатты қалғанда «Париж» синдромы қалыптасқан.

Синдром сыпайы қарым-қатынас жасап, шыдамдылық танытатын жапон халқының Францияға баруынан пайда болған деген мәлімет кездеседі. 1986 жылы жапон психиатрі Хироаки Отой үлкен қалаға жұмыс сапарымен келгенде, дәрігерден осындай белгілер анықталған. Мұның жалғыз шипасы – туристі өз еліне қайтару.

«Адель» синдромы – ұзақ уақытқа созылған махаббатын ұмытпай, жоқ деген қарсы жауапты қабылдай алмау ауруы. Бір адамның екінші адамға деген сезімінің  жауапсыз қалуы. Бұл синдром белгісі шынайы оқиғадан кейін осылай атау алып, жаны нәзік, тым көңілшек адамдарда жиі кездесетінімен ерекше.

Жылдарды кері жылжытып, жазушы Виктор Гюгоның қызы Адельдің өміріне үңілсек, жас қыз ағылшындық офицер Альберт Пинсонмен танысады да, бір көргеннен өмірінің мәні сонда деп түсінеді. Бірақ жігіт арудың сұлулығына да, әкесінің беделіне де қарамай, сезімін жауапсыз қалдырады. Кейін Адель әлемді шарлап, сол жігітті іздеумен ғұмыр кешкен. Ал жақын таныстарына екеуінің үйленгенін айтып, сендірген. Жаны күйзелген ару көп ұзамай есінен адасады. Бұл синдроммен балаңыз ауырмас үшін тек жылы жауап қатып, қалауының бәрін орындамай, керісінше, әділ түрде жамандық пен жақсылықтың қатар жүретінін түсіндіріңіз, жоқ деген сөзді, бас тартуларды қабылдауды үйретіңіз.

«Диоген» – қоғам мен қоршаған ортадан тыс, бір бөшкеден шықпай өмір сүрген адам, яғни, социопат немесе мизантроп. Диогеннің өмір сүру стилінен психологияда жаңа синдром қалыптасты. Бұл ауру жастық шағында қоғам белсендісі болған, әлеуметтік белсенді адамдарда, қарттарда да көп кездеседі. 1975 жылы Кларктың анықтамасымен ғылымға енсе де, сонау ерте ғасырлардан бері кездесетін бұл синдромның тағы бір белгісі – ешкімге пайдасы жоқ, қоқысқа тасталатын маңызсыз дүниелерді жинай беру.

 «Мәңгі жас, мәңгі қарғыс атқан…». Иә, «Дориан Грейдің портретін» оқыған жандар бұл синдромды анықтамасыз-ақ түсінді. Сыртқы келбеттің қартаймауына барын салу, мәңгі жастық бейнені сақтауға тырысу, түрлі медициналық, косметикалық процестерді іске асыру «Дориан Грей» синдромын еске салады.

«Өзге қол» синдромы әдеби туындыларда, кино әлемінде көп айтылады. Адамның өз қолын басқара алмауы, әлдебір тылсым күш арқылы қолдың адамға бағынбауы, әдетте адамның өзін-өзі ұрып-соғуымен, суицидпен аяқталады. Психологиядағы «екі жан» немесе «тұлғаның екіге жарылуы» ұғымдарына ұқсас келетін бұл синдром өте қауіпті.

Гарри Поттердің соңғы бөлімін көрсеңіз, Хвостті өз қолы тұншықтырып өлтіргенін байқауға болады немесе қазақ әдебиетіндегі Төлен Әбдіктің «Оң қолы» да аталған синдромның сырын ашады. Бұл сценаристер мен жазушылардың ойлап тапқан дүниесі емес, өмірде кездесетін ауру түрі. Күрделі әрі қисынсыз синдромды емдеудің нақты бір жолы ғылымда әлі күнге дейін табылмаған.

«Үш күндік монах» деп  бір істі соңына дейін жеткізбейтін, жұмысты аяқтамайтын адамдарды, яғни үш күн монах болып, әрі қарай доғара салатындардың психологиялық синдромын атайды екен.

Дина БӨКЕБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<