Сүмбіледе мал қоңды

5973

0

Әзербайжан, түркімен және түріктер тамызды таммуз деп атаған. Қазекең сарша, тамыз, сарша-тамыз, кейде сүмбіле деген.

Шортанбай жырау өзінің табиғат пен өмірді салыстырған жырында:

«Сүмбіле туып, күз болмай,

Көкорай шалғын оңар ма?

Кәрілік келсе қайтадан,

Жасарып адам толар ма?»,

–деген жолдар бар. Сүмбіле туса, жаз аяқталып, мал семіреді. Сүмбіледе сорпа майлы, мал қоңды. Қазақ халқы Сүмбіле жұлдызы туа бастағаннан қысқа қамданып, отын-суын дайындауға кіріседі.

Сүмбіле – бұл жұлдыз. Халық танымында жарқырап, көкжиекке ең жақын тұратын жасылдау жұлдыз Сүмбіле деп аталады. Жоғарыда сөз еткеніміздей, алдымен Сүмбіле айы табиғат сахнасына шығады. Содан кейін барып араға уақыт салып Сүмбіле жұлдызы туады. Бұл қазақ тіліне парсы тілінен ауысқан сөз. Қазақ арасында бұл жұлдызды суық жұлдыз деп те атайды.

Сүмбіле екеу: Лақсүмбіле (Кішісүмбіле) және Текесүмбіле (Үлкенсүмбіле). Айтушылардың түсіндіруінше, екеуінің туу арасы 10–15 күн. Алдымен Лақсүмбіле туады. Өзі – жылтылдаған, кішірек ақ жұлдыз. Ал Текесүмбіле үлкен. Ол кейінірек туады. Жұлдыздардың бұлай аталуының себебі мынада: жазғытұры туылған лақ, күз айында қашады, буазданады, жыл аяғында екеу болады. Малдың ерекшелігінде болатын осы белгілерді негізге ала отырып, күз айында туатын кіші жұлдыздың атын Лақсүмбіле деп қоюды ұйғарған малшы қауым Түнде лақ бақырып шықты, Лақсүмбіле туды деп айтады. Лақсүмбіле жұлдызының тууына қарсы малшылар қозы-лаққа күйек байлай бастайды. Сүмбіленің тууы мен жерге түсуі ерекше белгі деп саналады.

Мысалы, түйе бағатын малшылар Сүмбіле тумай, тау етегіне түспейді. Себебі, түйе жылы су ішсе қараөкпе ауруына шалдығады, ал Сүмбіле туса су салқындайды, ол кезде мал өкпе ауруына ұрынбайды. Сүмбіле туған кезде тау етегі салқын тарта бастайды. Осы табиғаттың құбылысын жұлдыз арқылы бақылап отыратын халық өз қамына қарай көш бастайтын болған. Оны мынадай халық қағидаларынан аңғаруға болады: Сүмбіле туса су суиды, кей өңірлерде бидайды үсік шалады.

Бұған қоса, Сүмбіле туғанда болатын ерекшеліктердің бірі – малдың семіруі. Жаз бойы жайылымда көк шөпке қарық болған төрт түлік, күн салқындай бастағанда түлеп, бойына қуат ала бастайды. Әсіресе, жылқы малы ерекше қуаттанып, семіретін мезгілі – осы Сүмбіле туар шақ. Осыған орай халық арасындағы «Сүмбіле туар жылтиып, ат семірер құнтиып» деген мақал-қағида қалыптасқан.

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<