Сүйел қайдан пайда болады және одан қалай құтыла аламыз?

774

0

Ғаламторда банан қабығынан бастап, скотчты қолдануға дейін сүйелден құтылудың әр түрлі әдіс-тәсілдері көрсетілген. Бірақ, оның бәрі тиімді көмектесе ме және олар денсаулыққа қауіпті емес пе?. Бұл жайлы Stan.kzақпараттық агенттігі сүйел шыққанда не істеу керектігі және дәрігерге қашан жүгіну керек екені жайлы пайдалы мәлімет ұсынады.

Сүйел деген не?

Сүйел бұл – теріге шығатын нәрсе. Ол негізгі терінің түсіне қарағанда ашық немесе күңгірт және дөңгелек, не сопақша тәрізді болады. Сүйелдің ішінде ұрық деп аталатын қара дақтар болуы мүмкін. Бұл тығындалған кішігірім қан тамырлары.

Сүйел қайдан пайда болады?

Сүйел теріге және шырышты қабаттарға әсер етіп, зақымдайтын папиллома-вирусының салдарынан туындайды. Мысалы, ауызда және жыныс органдарында. Вирустың 150-ден асатын көптеген түрлері бар. Әрқайсысы дененің түрлі бөліктерінде сүйелдің әр түрлі түрлерінің пайда болуына әкеледі. Қарапайым сүйел дененің кез-келген бөлігіне шығады, бірақ бәрінен де саусаққа, алақанға, тізе мен шынтаққа жиі шығады, себебі бұлар үнемі жарақаттанатын жерлер.

Папиллома вирусы тасымалдаушымен тікелей байланыста болған кезде жұғады, бірақ ол ауруды жұқтырған адаммен өзара қарым-қатынас жасағаннан кейін жабысуы мүмкін. Бұл вирус көбінесе, жарақаттан жерлерге немесе ылғал терілерге жабысады. Алайда, қалыпты тері де қорғанысты кепілдендірмейді. Ал инфекция мен сүйелдің пайда болуы алты айға созылуы мүмкін.

Кімдерге жұғуы мүмкін?

Қарапайым сүйел балалар мен жастарға, сондай-ақ жұмыс кезінде жиі шикі етпен байланыста болатын адамдарға шығады. Сондай-ақ, экзема, псориаз сияқты созылмалы тері ауруларына шалдыққан адамдар немесе иммундық жүйесі әлсіздерге де шығуы мүмкін.

Қай уақытта дәрігерге жүгінген жөн?

Әрқашан. Дәрігер сізге терідегінің сүйел немесе басқа нәрсе екенін анықтауға көмектеседі. Сондықтан, теріге бөрткен бірдеңе шықса және ол ауырса, іріңдеп ісісе, сондай-ақ тез өсіп, қарая бастаса міндетті түрде дәрігерге көрсетіңіз.

Егер, ол қарапайым сүйел болса, дәрігер оны криотерапиямен немесе күшті препараттардың көмегімен алып тастайды. Криотерапия – бұл сұйық азотпен қатыру. Дәрігер сұйық азотты сүйелге жағып, 10-20 секундқа қалдырады. Ал сүйелдің орны 4-7 күн ішінде жазылады. Бірақ кейде бұл әсіресе балалардікін ауыртады.

Сүйелді тағы немен алып тастауға болады?

Салицил қышқылы – сүйелден құтылудың алғашқы құралы. Лосьон, май, салицил қышқылының жабыстырғышы кез-келген дәріханада рецептсіз сатылады. Ал бұл құрал әсер ету үшін теріні жылы сумен булаңыз. Содан кейін дәрі-дәрмек жағыңыз.

Сонымен қатар, дәріханаларда әртүрлі тиімділікпен жұмыс істейтін фенол және шөп сығындыларының қоспасы бар өнімдер сатылады.

Ал халықтық емдеу құралдары көмектесе ме?

Халықтық емдер негізінен аңызға негізделген. Ал сүйел кетіп жатса, оны иммундық жүйе жойды ма, әлде үй жағдайындағы емдер көмектесті ме, бұны айту қиын.

Сүйелді үй жағдайында кетірудің ең танымал құралдары

– Алманың сірке суы

– Шикі картоп

– Алоэ вера.

– Апельсин қабығы.

– Түссіз тырнақ лагы.

– Шикі сарымсақ.

– Ұнтақталған бананмен банан қабығы.

– Бақбақ шырыны

– Сүйелшөп шырыны.

Бірақ, өкінішке орай, олардың тиімділігін растайтын немесе жоққа шығаратын зерттеулер жоқ.

Сүйелдің бетіне скотч жапсырса не болады

Ғалымдар скотчтың сүйел емдеуде қалай жұмыс істейтінін білмейді. Мүмкін, оны сүйелге ауа кірмесін деп жапсыратын шығар. Немесе скотч сүйелдің айналасындағы сау теріні тітіркендіреді және иммундық жүйе жауап беретін қабынуды тудырады. Бірақ, бұл тек теория және оған дәлел жоқ.

Егер скотчпен емдеп көргіңіз келсе, теріге жақсы жабысатын күміс түсті таспаны пайдаланыңыз. Сөйтіп, сүйелдің бетін скотчпен жабыстырып, кем дегенде 6 күн сонымен жүріңіз. Содан кейін таспаны алып тастап, сүйелді 20 минутқа жылы суда булаыңыз. Жылы ваннадан кейін сүйелді кеуектастың көмегімен сүртуге болады. Сосын сүйелдің бетін түнде ашық қалдырып, содан кейін таспаны қайтадан қолданыңыз.

Егер сүйел кетпесе, онда сіздің жағдайыңызда скотч көмектеспейді. Сондықтан, үшінші рет тәржірибе жасаудың қажеті жоқ.

Сондай-ақ, егер сізде тері инфекциясы, жара, қант диабеті, қан айналымының бұзылуы, сезімтал тері болса, онда бұл әдісті қолдануға болмайды.

Не істеуге болмайды?

Сүйелді кесуге болмайды. Себебі оған инфекция түсіріп, жарақаттап алуыңыз мүмкін және ақыр соңында сүйелдің орны тыртық болып қалады. Оның үстіне өздігінен кесу сүйелдің таралу қаупін арттырады. Сондықтан сүйелді жарақаттамаған дұрыс.

Себебі, дәрігер тағайындамаған кез-келген ем аллергия тудыруы мүмкін. Егер тері қызарып, қышыса ол дәріні қолдануды тоқтатып, бұл туралы дәрігерге айтқаныңыз жөн. Ал жүкті және бала емізетін әйелдер дәрігермен кеңесуі керек, себебі жергілікті препараттар тері арқылы қанға сіңіп, бала жолдасының тосқауылы арқылы өтуі немесе сүтке түсуі мүмкін. Бұлардың бәрі балалар үшін қауіпсіз емес.

Сүйел өздігінен жоқ болып кетуі мүмкін бе?

Иә, мүмкін. Иммундық жүйе жақсы жұмыс істегенде сүйел өздігінен жоғалып кетеді. Адамдардың шамамен 20% -ында сүйел екі-үш ай аралығында, ал кейбір науқастарда екі жыл ішінде жазылады. Сондықтан тек иммундық жүйені нығайту жеткілікті. Ол үшін дұрыс тамақтанып, спортпен айналысып, жақсы ұйықтау керек. Бұл ең жақсы үй медицинасы.

Ал егер сүйел алаңдатпайтын болса, оларды елемеуге болады. Бірақ, олар көбейіп, ауыртып жатса немесе сізге ұнамаса алдырып тастауға болады.

Сүйелден мәңгіге құтылуға бола ма?

Өкінішке орай, олар қайталанады және сүйелдің тағы шығатынын немесе шықпайтынын ешкім білмейді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<