Табандылық тау жығар

446

0

 Бизнесті, қазақша айтқанда, кәсіпті бастау оңай емес. Егер де бұл бағыттағы бастамаңыз сәтсіздіктерге ұшырап жатса, әлем тарихында аты қалған кәсіпкерлердің тәжірибесіне зер салыңыз. Ол сізге күш-жігер берер.

1. Мәселен, Hershey Chocolate шоколад империясын құрған Милтон Хершиді алайық. Ол еңбек жолын баспаханада теруші болып бастады. Кейінірек кондитер фабрикасына жұмысқа тұрып, онда конфет пен шоколад жасау технологиясымен танысады. Оның бұл салаға құштарлығы артып, осындай жұмысты өзі бастағысы келіп, компаниясын құрады. Бірақ бұл саладағы алғашқы талаптары сәтсіздікке ұшырайды.

Бұдан соң бақытын Денвер қаласында (Колорадо штаты) сынап көргісі келеді. Бұл жақта карамель дайындау технологиясын үйреніп алған кәсіпкер өндірісін Нью-Йоркте жолға қоюды ұйғарады. Бірақ тағы да сәтсіздікке ұшырайды, бизнес табыс әкелмей қояды. Десе де, оның табандылығын мойындаған жөн. Екі рет сәтсіздікке ұшыраған Херши өз отбасындағы фермаға қайтып оралып, конфеттің ерекше рецептін іздеуден танбайды. Әрі қарайғы тарих белгілі, Херши Милтонның сүт шоколады кондитер бұйымдары рыногында бестселлерге айналады. Бизнесмен ашқан кондитер фабрикасы бас айналдырар ақша мен даңқ алып келді.

 2. Гарланд Дэвид Сандерс. Бұл есім онша танымал емес, әйтсе де әлемдік Kentuky Fried Chicken жедел тамақтану желісін көбісі жақсы біледі. Оны құрушыны әдетте «Полковник Сандерс» деп атайды. Бұл табысқа қандай жас та, қандай салада болса да қол жеткізуге болатынының анық дәлелі. Тек арман мақсатыңа қол жеткізу үшін тынбастан жемісті еңбек ете білу керек.

Әскери қызметі аяқталған соң Сандерс сақтандыру агенті, өрт сөндіруші, фермер болып істеп үлгерді. Тіпті оның шағын май құю стансасы болды. Рас, соңғысы жергілікті халық үшін полковниктің өз қолымен дайындаған тауық қанаттарынан дәм тататын орын ретінде белгілі еді.

Кулинария оның зейнетке шыққаннан кейінгі өмірлік ісіне айналады. Гарланд штаттар бойынша саяхаттап, жол бойы дәмханалар иелеріне өз рецептін ұсынумен жүрді. Алайда ешқандай нәтиже болмады. Тауық қанаттарын дайындау тәсіліне біреу қызығушылық танытқанша мыңдаған бас тарту болғанын айтады. Дегенмен, мақсат қойған полковник алған бетінен таймаған еді. Бүгінде оның 110 елдегі дәмханалар саны 16 мыңнан асады.

3. Билл Гейтс. Ол әдетте алғашқы рет кала басшылығы үшін жол тарифі есептегіштерін шығаратын Traf-0-Data компаниясы туралы соншалықты айта бермейді. Бұл кәсіпорын көп ұзамастан банкротқа ұшырайды. Алғашқы өнімдері сынақтан өтпей қалып, Гейтстің репутациясы бүлінеді.

Әйтсе де, Гейтстің ұнжырғасы түскен жоқ және оның көп жылғы ізденістерінің нәтижелерін бүгінгі күні сипаттап жатудың өзі артық.

4. Режиссер Стивен Спилбергтің мойын­далу тарихы да назар аударуға тұрарлық. Олимп шыңына өрлеу жолында ол көптеген сәтсіздіктерге ұшырайды.

Әуелде ол Оңтүстік Калифорния универститеті жанындағы кинематография мәдениеті мектебі таңдауынан өтпей қалады. Одан кейінгі талаптары да сәтсіздікке ұшырап, емтихандарын тапсыра алмайды. Ол тіптен осы мектептің басқа факультеттеріне де түсе алмайды. Оның орнында басқа біреу болса үнжұрғасы біржола түсіп, кинематографиямен мүлде қоштасар еді. Бірақ Стивен алған бетінен қайтпайды. Ол техникалық оқу орнына түсіп, бос уақыттарында кейіннен Universal Pictures студиясының назарына іліккен қысқаметражды фильмдер түсіре бастайды. Ал одан кейінгі оның тарихы белгілі.

5. Уолт Дисней студиясының мультфильмдерін бүгінде нағыз мәдени құбылыс деп айтуға болады. Ал шын мәнінде  Микки Маус, Дональд Дак, Гуфи және басқа да кейіпкерлер Уолт өзінің табысына ұмтылуда тым табанды болмағанда пайда да болмас еді. Оны кезінде Канзас Ситидегі газеттен «шығармашылық әлеуеті жетіспейді» деген себеппен шығарып жіберген болатын.

MGM Studios оның Микки Маус идеясын қабылдамайды. Экрандағы тышқан әйелдер қауымын шошытады деп санады, ал «Үш торай» онда бар болғаны төрт-ақ кейіпкер болғандықтан өтпей қалады. Алайда Дисней сыншылардың айтқандарына назар аудармастан тынбай еңбек ете береді. Ақыр соңында өзінің студиясын құрып қана қойған жоқ, оны мультфильмдер өндіретін ірі көшбасшы фабрикаға айналдыра алды.

Кәсібін жаңа бастап жатқан жандарға табыс, сәттілік тілейміз. Десе де, бәрі ойдағыдай бола бермейтін жағдайлар кездесіп қалады. Егер кәсіп бастап сәтсіздікке ұшырап жатсаңыз, жоғарыда келтірген тұлғаларды еске түсіріп, қайта күш жинап, алға ұмтылып, жетістікке жетіңіз демекпіз.

Әзірлеген Ы. Тұрлығұлов.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<