ТҮРКИЯ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ІЛТИПАТЫ

500

0

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасы аясында  қазақтың қобызы, домбыра, сыбызғы, сазсырнай және басқа да дәстүрлі музыкалық аспаптарымен орындауға арналған маңызды туындылар топтамасын – «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын басып шығару қажет деп көрсетілген болатын. Домбыраның қоңыр үнін сырт елде насихаттап жүрген талантты  күйші Ержан Арқабаев Елбасының бұл бастамасын күллі ел қолдау керектігін айтады.  Ол Түркия президенті Ережеп Тайып Ердоғанның алдында өнер көрсетіп ерекше ілтипатына ие болған.
Ержан 1988 жылы туған. Он жасынан бас­тап домбыра үйірмесіне жазылды. 2003 жылы Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық кол­леджіне түсіп, білімін же­тіл­дірді. Одан әрі Астана қаласындағы Қазақ Ұлттық өнер университетін үздік аяқ­тады. Алғашқы жұмысын облыстық филармония жанынан құрылған «Ақмешіт» фольклорлық ансамблінде бастады. Сонымен қатар өзі тәлім алған музыкалық колледжде қызмет  атқарды.
Домбырашы жігіт 2013-2014 жылдары облыстық фи­­лармонияның атынан ТҮРКСОЙ ұйымының ұйым­дас­­­тыруымен өткен Түркия­дағы Наурыз фестиваліне қатысып, «Ақмешіт» фольк­лор­лық ансамблі құрамында өнер көрсетеді. Бірнеше белгілі қалаларында  болып,  қазақ өнерін, музыкасын түркі хал­қына паш етті.   Бауырлас ұлттың қазақ өнеріне, әсіресе күйге ерекше құрмет көр­сеткеніне тәнті болды. Гас­трольдік сапарда жүріп, осында білімін жетілдіруді ойлайды. Алдымен тіл курсына қатысып, түрік тілін меңгереді. 2015 жылы Түркияның Коня қаласындағы Недж­меттин Ербақан университетінің магистранты атанды.
Жас күйшінің арманы – қазақ күйлерін еуропалық стильде қайта жандандыру. Бұл мақсатына түрік елінде жол ашылғандай болды. Университет қабырғасында түрлі шараларға қатысып, жергілікті халықтың назарын қазақтың қара домбырасына аударды. Жоғары деңгейдегі концерттерде өнер көрсетіп, көпшіліктің ерекше ықыласына бөленді.
Екі айда 40 қаланы аралап, өнер көрсеткен кездері болыпты. Осы концерттердің бірінде Түркия президенті Ережеп Тайып Ердоғанның  өзі қатысып, Ержанның өнеріне ерекше ілтипат білдіреді. Сонымен бірге өткен жылы ЭКСПО-ның жабылуына байланысты Түркия павильонына арнайы шақыртумен келіп, Ережеп Тайып Ердоғанның алдында тағы бір мәрте өнер көрсетудің сәті түскен еді.  
Кейіпкер әңгіме барысында шығарма­шы­лығындағы жа­­ңалықтарын да айтып өтті.  Түр­кияда көрсетілімге енген «Есімсіздер», «Дирениш Қаратай» фильмдеріне саундтрек жазған. Коня қаласындағы «Orhun Kültür-Sanat-Müzik-Film-Prodüksiyon» продюсерлік орталығымен бірлесіп, «Домбыра – түрік рухы» деген атпен қазақ тарихи күйлерінің digital  альбомын шығарды. Енді қазақ күйлерін таныту, дәріптеу, насихаттау мақсатында альбом СD форматын жасау ойында бар. Ержан сонымен қатар түркітілдес елдерден оқуға келген өнерпаз студенттерді жинап, «Отау» ұлт аспаптар ансамблін құрды.  Жақында Анкара қаласында домбыра курсын ашып, алғашқы дәрісін де өткізіп үлгерді. Дарынды өнерпаздың Түркі әлемінің музыкалық аспаптары арқылы орындаған «Адай» күйіне түсірген бейнебаяны жуық арада жарыққа шықты.
Сара АДАЙБАЕВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<