«Ұшар»

416

0

«Ұшардың» ол кез үшінші қар басуы еді. Түлкі төстеніп әбден таралып өскен тазы қасиетті қайнар бұлақтан диірмен жүргізіп отырған жалғыз үйдің ас-қатығын айырып отырған күнкөріс көзінің бірі. Жарықтықтың жүйріктігіне мін жоқ. Көрінген аңды жылт етіп жөнелген жерінен әрі қарай сондай аралық салдырмай жетіп баратын. Мұнысына иесі – Рәшідін шаттанатын еді.

Онсыз да ел тойынып, еңсе тіктеп кетпеген уақытта соғыс деген дүрбелең басталған. Ел іші үрең-сүрең. Жасы келгеннің бәрін жиып-теріп майданға алып жатыр. 1942 жылы наурыз айында Рәшідін де аттанды.

Жүсіпов Рәшідін 1905 жылы Жаңақорғанның Қыраш ауылын­­да дүниеге келген. Ақүйік ауыл­дық кеңесіне қарасты «Қы­зыл­мақташы» колхозында кол­­хозшы болып еңбек еткен. Жа­­ңақорған аудандық әскери ко­­миссариаты арқылы майданға аттанып, 41 ГвАД, 122 ГвАП құрамында атқыштар ротасында соғысқа қатысқан. Сол жылы 17 желтоқсанда Украинаның Го­лое деревнясының солтүстік жа­ғында ұрыс даласында қаза тауып, сонда жерленген. «Бірлік» кеңшарындағы ескерткіш тақтаға есімі енген. Бар дерек – осы!

…Иесі майданға кеткелі «Ұшар» да бауыр жазып, бұ­рынғы күйіне келе алмады. Көзін ашар-ашпас Теріскейден әкеліп, баладай күтіп-баптаған адамы жоқ. Жаз жайлап, қыс күндері тұлыбының етегінде алаңсыз жататын кез ұмыт бола бастады. Ең қиыны, ішіккен иттің иесін іздеп аңсырап, арагідік мал қуатын әрекеті Рәшідіннің ағасы Шәкеннің ашуына тиді. «Итің жаман» десе, намыстан жарылып кете жаздайтын қазақтың әдеті емес пе, сол ашу «Ұшардың» ажалына келді.

Диірмен тамның батыс ірге­сіне жағалай қара ағаш егілген. Бірде көрші шопанның аузы жүйрік әйелі «сенің итің қозымды қуды» деп желпініп жетіп кел­ген-ді. Сонан ашуға мінген Шә­кен арқан алып, «Ұшарды» қара ағашқа асып өлтіреді. Сол ағаштың ит асылған жуан бұтағы белі бүгілген күйі өспей қалған екен. Кім білсін, әлгі ағаштың қайғысы бауырдан айырып, әйел­ді жесір, баланы жетім еткен сұм соғыстың қасіретін бейнелейтін тәрізді.

Жеңіс күні жақындағанда атам айтқан осы бір оқиға есіме оралады. Ал, майдангер Рәшідін –  атамның атасы.

Бағдәулет Бейбітшілік,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз