Зейірбат көпірі

1599

0

Өткеннің ұлағатын ұмытпай, білгенімізді келер ұрпаққа үлкендер салған ізбен өнеге ету маңызды деп ойлаймын. Өйткені сабақтастық үзіліп қалмауы керек.   

Ерен еңбектің үлгісін көрсеткен ата-бабалар жайлы көрген-білгенімізді айтар болсам, Сармолда баласы Зейірбат ақсақал еске түседі. Ол 1889 жылы Сырдария ауданы Шіркейлі ауылында дүниеге келген. Менің жадымда ол кісі: «әкеден жас қалдық, екі ұл, бір қызды анамыз жалданып жүріп, асырап адам қылды» деп айтып отырушы еді.

– Кейіннен өзіміз ер жетіп байдың малын бақтық, егінін егіп, алған жалақымызға өлместің күнін кешіп тіршілік еттік. Кеңес үкіметі орнағанда барлық жұмысына белсене араластық. «Шіркейлі» каналын қазғанда басынан аяғына дейін болдым. Кейіннен «Қожарық» каналын қазғанда да басынан бастап араластым. Колхоздың егінін бидай, күріш, тары егу үшін жерді қолмен ашып, оны кетпендеп себу, суару, ору – бәрін техника жоқ, қолмен атқардық, – дейтін.

Одан қалды қыста мал күтімі, осылардың бәрі – Зейірбат ақсақалдың қолымен атқарған жұмысы.

– 1932-1933 жылғы ашаршылықта біздің ағайындардан ешкім ешқайда кеткен жоқ. Себебі аң-құс, балық аулап оларды аштықтан аман алып қалдым, – дейтін әңгіме арасында.

Соғыс басталған жылы үкіметке астық, май, ет, жүн, т.б салықтарды өткізу уақытында «Қызыл керуенді» жүргізу керек болыпты. Қырсыққанда «Қожарықтың» көпірін су шайып кеткен. Енді не істеу керек? Мезгілінде өткізбесе, арты жақсы болмайды. Ол уақыттағы тәртіп өте қатал.

Сол жағдайды түсініп Зейірбат әкеміз қасына біраз адамды ертіп, үй саламын деп отырған ағаштарын алып, айдың жарығымен жұмыс істеген. Азанда көпір дайын болыпты. Бесөзек ауылдық советінің төрағасы Тұңғышбаев риза болып, өз қалтасынан сыйлық беріпті. Сол көпір «Зейірбат көпірі» атанып, көп жыл халық пайдаланды. Орны әлі бар.

Соғыс жылдары уақытпен санаспай, күні-түні жұмыс істеп, кемпір-шал, әйел, бала-шағаға басшы болды. Кейінгі уақытта (трактордың жаңа келіп жатқан кезі) қатарлары «Зейірбат шапқан жерден үш жылға дейін шөп шықпайды. Бұл біздің шытызы (ЧТЗ-60 НАТИ) ғой» деп әзілдеп отырушы еді.

Менің есімде 1947-1948 жылдары болуы керек, «Қумола» деген жерге бидай егетін болып, біраз адамды алып барды. Соның ішінде балалардан Қайрақбай Абпазов және мен болдым. Дәмеш, Ұлболған шешем, төртеуміз Зейірбат әкеміздің шапқан шеңгелін сыртқа шығарып үлгере алмадық. Келіндері: «қайынаға жүрген жерде аш болмаймыз» деп отырушы еді. Себебі иығында кетпені, қосауыз мылтығы болатын. Ол кісі 1951 жылы дүниеден өтті.

Осындай бейнеткеш адамның еңбегі еленбей қалмаса екен. Шіркейлі елді мекенінде Зейірбат Сармолдаевқа көше атын берсе, оңды іс болар еді.

                                                          Райымбек ШОҚАТАЕВ

*Сурет ашық дереккөзден алынды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<