Жатқа емес, жан-тәнімен жырланса игі

612

0

Абай – адамзатқа тура жол нұсқаған, өмірді өлеңге айналдырған ұлы тұлға. Қазақы болмыс, қазақы құндылық, тазалық пен тереңдікті Абай болмысынан таба аласыз. Ол – кертартпа мінез, жалқаулық пен әділетсіздікті байқап, жөнге салуды ойлаған, адам бойындағы жағымсыз қасиеттерді жоюға болатынын, оны иманмен тазалау керегін, жанның қасиетін ұғындырған ақын. Бүгінде данышпанның еңбектерін әлем халқы оқиды.

Хәкім өлеңдерін мектеп жасында түсіне қоймағанымыз белгілі. Бірақ өмірде көре келе, қиындықтармен бетпе-бет келгенде Абайдың не айтқысы келгенін, болмысын түсіне бастадық. Жастық шақта да, орта жасыңда да, толысқан кезіңде де оның өлеңдері жолыңа шырағдандай жарық түсіріп, бағыт беретіні рас. Ал, ақындардың көбі Абай өлеңдерін саралап, сол ойлардың жетегінде өмір сүреді. Режиссерлік мамандық та адам тануды, өмірге терең көзқараспен қарауды міндеттейді. Мұндайда тағы да Абай еңбегіне үңіліп, жағдайға Абайдың көзімен қарап, ой түюге тырысасың. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» спектаклін дайындау барысында оның болмысын көрерменге, жастарға жаңа қырынан көрсетуге барымызды салдық. Абай ішкі рухына сенді. Оған көмектесетін, қиындықтан алып шығатын да ішкі рухы – жас кезі. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» спектаклі Қытай, Ресейдің өнер ұжымдары қатысқан халықаралық байқауда бас жүлдені иеленді.  Қазылар алқасы қойылымның драматургиясына жоғары баға беріп, жаңашылдық бағытын ескерді.

Қазір елімізде Абайға арналған мәдени шаралар жиі ұйымдастырылып, абайтану байқау­лары жиі өткізіліп тұрғанымен, көбі өз деңге­йінде емес. Қатысушылар тек ойшылдың өлеңдерін жатқа айтумен шектеледі. Өлеңді талдап, мағынасына үңіліп, қазіргі уақытпен салыстыра қарап, тереңіне бойламаймыз. Ал, Абайға арналған фильмдер жарыққа шығып жатқанымен, біз ұлықтаған Абайды көре алмай жүргеніміз рас.  Кейде режиссерлар өмірде болмаған оқиғаларды да бейнелеп, басқаша қырынан көрсетіп жататыны бар.

Оңталап НҰРМАХАНОВ,

Қызылорда қалалық жастар театрының

көркемдік жетекшісі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<