Жолдас болудың ақысы

1094

0

Баяғыда бір жас жігіт жолаушылап келе жатып, алыстан көрінген атты кісіні қуып жетіп, амандасады. «Ассалаумалейкүм, баратын бағытымыз бір болса, әңгімелесе отырып жол қысқартайын дегенім еді», – дейді.  Ол бір ақ сақалды үлкен кісі екен, сәлеміне жауап қатпайды. Желкілдеп жетіп келген өзі, үлкен адамға бір нәрсе деуге ыңғайсызданып,артынан еріп жүре береді.

Қыр астынан бір ауыл шығады, ауыл сыртында балалар асық ойнап жүреді. Екеуі оларға жақындап келгенде, ойынбалалары асыққа таласып, үлкендеу біреуі бір кішкентай баланы ұрып өлтіріп қояды. Ауылдағылар жан-жақтан жүгірісіп, қым-қиғаш басталады. Өлген баланың шешесі өлтірген баланы ұрып, ол бала да өліп қалады. Оның әкесі келіп, әлгі қатынды қарақұстан қонжитып, ол тіл тартпай кетеді. Бәймәлім жолаушы осының бәрін сырттай бақылап тұрады. Ол үнсіз тұрғасын, оның қасындағы бала да тұра береді. Сосын әрі қарай жүріп кетеді. Жігіт шыдамай шалға тіл қатады:

– Ата, аяқасты үш адамның өліміне куә болдық. Не өзіңіз басу айтпадыңыз, не маған араша түс демедіңіз, мұныңыз қалай? – дейді.

– Олар осылай өлуге тиіс болатын, – деп жауап қатады шал.

– Кімнің қалай өлетінін сіз қайдан білесіз? – дейді жігіт таңғалып.

– Мен – Әзірейіл періштемін. Жаңағылардың жанын алған да мен!

Жігіттің бойын үрей билесе де, біраздан соң өзі өзіне келіп:

– Ата, айтыңызшы мен қашан өлемін? – деп сұрайды.

– Сен үйленіп, сол күні төсегіңе жатар алдында өлесің!

Мына сөз жігітке ауыр тиеді. Зәресін алған сол сөзден үйлену жайын мүлдем ойламайды. Бірақ, ата-анасы да үйлен деп қоймайды. «Сол шал шынымен Әзірейіл ме, жоқ па, бәлкім, жәй жүрген біреу шығар» деп жігіт күнде өзін осындай оймен жұбатып, ақырында сол бір оқиға туралы ұмыта бастайды. Көңілі жай тауып, ата-анасының құда түскен қызына үйленеді.

Той өтеді, кешкі тамақ ішіледі, жатар мезгілі жақындайды. Сол кезде сырттан жігіттің атын атап, бір кісі дауыстайды. Жігіт желбегей жамылып сыртқа шығады, баяғы атты кісіні тани кетеді. Бойы мұздап, көзі қарауытады. Дереу есін жиып, әке-шешеммен кешулесейін деп рұқсат сұрайды. Әзірейлі ишарат жасап, рұқсат еткенін білдіреді. Бала әкесіне бұрынғы болған оқиғаны түсіндіріп, ақыл сұрайды.

Сонда әкесі мына сөздерді айтады: «Сен оған пәлен жерге дейін жаныңа еріп, жолдас болдым, жолдастық ақымды бер де. Егер шынымен Әзірейіл періште болса, бұл сөзден аттап өтпейді. Өйткені, Алла жолдасыңның ақысын беруді парыз деп бұйырған».

Жігіт сыртқа шығып:

– Түстік жолды бірге жүріп, жолдас болдым, әуелі жолдастық ақымды бер, – дейді.

– Құп алдым. Жолдас болған ақыңа енді жетпіс жыл өмір сүресің, – деп сонда Әзірейіл ғайып болады.

Міне, жолдас болудың ақысы қандай екенін осыдан-ақ білуге болады. Қасиетті кітаптардығы мұндай әңгімелерді әлгі баланың әкесі секілді бұрынғы өткендер өте жақсы білген.

Д.АЯШҰЛЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<