Алаштың алып тұлғасы

377

0

Өз халқын шексіз сүйген, бостандық дабылын естісімен елін қалайда езгіден құтқарып, теңдік әперуді мақсат еткен Әлімхан Ермеков туралы не білеміз?

1918 жылы сәуірдің 2-сі күні Әлімхан Ермеков, Алашорда басшысы Әлихан Бөкейханов және Халел Ғаббасов үшеуі Семейден тікелей байланыс желісі арқылы В.Ленинмен және сол кезде Ұлт істері Халық комиссары И.Сталинмен сөйлеседі. Бұл туралы КПСС Орталық Комитеті жанындағы марксизм-ленинизм институты шығарған «Владимир Ильич Ленин. Биографическая хроника» атты кітапта жазылған.

Ленин мен Сталин телеграмма арқылы төмендегідей жауап қайырған: «Әр халықтың өз билігін өзіне береміз. Жалғыз-ақ Совет өкіметін танысаңыздар. Қазақтың қамқорлары тезінен комиссиясын жасап, автономиясын жарық қылуға асығар деп білеміз», – деп қол қойған.

Әлімхан Әбеуұлы Ермеков 1891 жылы осы күнгі Жезқазған облысы Ақтоғай ауданы Қызыларай совхозы Бөріктас деген жерде дүниеге келген.

Әкесі Әбеу халқына қадірлі, озық ойлы, орысша сауаты бар, өз дәуіріндегі зиялылардың бірі. 1911 жылы қайтыс болған.

Ә.Ермеков 1899 жылы Қарқаралыдағы қалалық училищеге оқуға түседі. Мектеп қабырғасында зейінді, алғыр екені көрінеді. Мектепті үздік бітірген соң әкесі 1905 жылы Семейдегі ерлер гимназиясына әкеліп түсіреді. 1912 жылы Семей гимназиясын алтын медальмен бітіріп шығады. Сол жылы Томск технология институтының тау-кен факультетіне конкурссыз қабылданады.

Өзінің студенттік кезеңі туралы Әлиаға кезінде былай деп еске алған еді: «Сол жылдары Томскіде орыстың озық ойлы тамаша адамдары тұратын еді. Мен солармен таныса бастадым. Орыстың белгілі саяхатшысы, Шоқан Уәлихановтың досы Григорий Николаевич Потанинмен сол арқылы орыстың жазушысы В.Шишковпен, В.Бахметьевпен, революционер марксист-философ Дволейский, революционер Баэуермен танысып, олардың жасырын үйірмелеріне қатыса бастадым.

Бірде Григорий Николаевич Потанинді, қарындасы биолог-ғалым және суретші Клара Уткинаны туған ауылым Қызыларайға ертіп келдім. Потанин ауылға келісімен Аяпберген деген ертегіші, әңгімеші қартпен достасып алып, күндіз-түні соның жанынан шықпай қойды».

1918 жылдың мамырында РСФСР Ұлт істері жөніндегі халық комиссариаты жүйесінде қазақ бөлімшесі құрылады. Осы кезде Қазақстанда болашақ қазақ мемлекеттілігін әзірлеу жөнінде қызу жұмыс басталады да, Әлімхан Ермеков Семейдегі революциялық істерге араласады.

Терең білімді, алғыр ойлы, таза жанды жас Әлімхан 1920 жылы мамыр айында Семей губревкомының атынан Кирвоенревком орталығы Орынборға жіберіледі. Кирвоенревкомның 1920 жылғы 18 мамырдағы қаулысы бойынша Әлімхан Ермековке №2043 мандат беріп, Қазақ өлкесінің жағдайы мен оның шекарасын белгілеу жөнінде баяндама жасау үшін Мәскеуге арнайы жіберіледі.

Ендігі сөзді өзіне берейік: «Косаревтың ұсынысымен мені губерниялық революциялық комитет құрамына кіргізді. 1919 жылы шілдеде РКП(б) Орталық Комитеті мен Совет өкіметінің Лениннің бастамасымен Қырғыз (Қазақ) өлкесін басқару жөніндегі әскери революциялық комитет ұйымдастырылды. Оның түпкілікті құрамы 1919 жылдың 20 желтоқсанында бекітілді. Председатель ретінде қарт большевик Пестковский, мүшелері боп Әліби Жангелдин, Сақыпкерей Арғыншиев, Ғұбайдолла мен Әлиасқар Әлібековтер, Бақытжан Қаратаев, Ахмет Байтұрсынов, Мұхамедияр Тұрғашин, Нысанғали Бегімбетов, т.б. тағайындалды. Семей мен Ақмола губерниялары Қырғыз (Қазақ) әскери революциялық комитеті (Қырәскериревком) құрылғанға дейін Сибревкомның қарамағында болды. Осы бір шұғыл мәселені шешу үшін мен 1920 жылдың мамыр айының басында Семей губревкомы арқылы Орынборға аттандым. Бұл сол кезде «Қырәскериревкомның» тұрақ-жайы және енді қаз тұрып ұйымдаса бастаған республиканың уақытша орталығы еді. Орынборда Семей және Ақмола облыстары Қырәскериревкомның қарамағына енуі туралы мәселе қаралды. Мұны талқылаған кезде автономиялық республиканың құрылуы және оның шекарасы құрамына Қырғыз (Қазақ) өлкесінің барлық облыстарының кіру мәселелері көтерілді. Мұндай үлкен жұмысты жүргізу үшін Қырәскериревкомның қаулысы бойынша 1920 жылғы 18 мамырдағы №2043 мандатпен «Қырғыз (қазақ) өлкесі, оның шекарасы мен ерекшеліктері» туралы баяндама жасауға Мәскеуге аттандым. ВЦИК-тің жанындағы Кырәскериревкомның өкілетті коллегиясының председателі болып тағайындалып әрі ВЦИК Президиумының қаулысы бойынша осы комитеттің мүшесі болып бекітілдім. Бұл комитет мүшелерінің қатарына сондай-ақ, Ақмола облысынан Сәкен Сейфуллин кірді. Мәскеуде 4 ай жүріп мен Қырәскериревком мүшелерімен тығыз байланыста болдым. Олардан автономия республикасының құрылуы мен оның шекарасын анықтау мәселелері жөнінде тиісті нұсқаулар алып тұрдым».

Мәскеуге келгеннен кейін Әлиаға В.Лениннің төрағалық етуімен болған комиссия мәжілісінде Қазақ автономиялы республикасын құру туралы баяндама жасайды. Нақты негіздеуге құрылған оның жан-жақты баяндамасы отаршылдық пен Столыпин реформасы, көшіп-қонудың салдарынан байырғы тұрғындардың ауыр халін ашып берді. Ол өздерінің түпкілікті жерінен айырылып, кулактарға басыбайлы болған қазақ батрактарының теңсіздігіне баса назар аударды. Ол тез арада кулактарды қуып және олар тартып алған жерлерді бұрынғы иелеріне қайтарып беру үшін жер реформасын жүргізуді талап етті. «Сонда ғана, – деді ол, – байырғы халық еркіндікті қабылдап, Ұлы Октябрь революциясының жемістерін жинай алады». Ленин оның бұл ойын қуаттады. Содан кейін көп ұзамай Түркістан бойынша О.Жандосовтың қатысуымен жер реформасы жүргізілді.

Төмендегі жазбадан көп жайды аңғаруға болады. «Владимир Ильич тек тыңдап, талдап қана қоймай әрі пікір айтып, бүкіл баяндама бойы белсенді күйде болды. Сөйтіп маған ұмытылмас әсер қалдырды. Енді оның шиеленіскен мәселелерді дұрыс шешуге қатысып, тигізген көмегі туралы жеке-жеке эпизодтарға тоқталайын. Мен өзімнің баяндамамда негізінен Қазақстандағы шекараны анықтауда үлкен маңызы бар күрделі де шиеленіскен жер мәселесіне тоқталдым. Патшалық Россия кезінде қазақ жұртының иелігінен өзен, көл жағалауында, орман алқабында орналасқан қара топырақты жерлер тартып алынған. Мұндай әпербақандық помещиктердің құлқын жақтайтын столыпиндік реформадан кейін тіпті өрістеп кетті. Ол Мемлекеттік Дума мінбесінен «қырғыз даласын игеру керек» деген патшалық саясаттың тірегі болды. Сөйтіп жергілікті тұрғындарды ойламай Қазақстан мен Түркістанда кулак шаруашылығын қанат жаюына бар күшін салған еді. Мұнда Каспий жағалауы туралы мәселелер өткір пікірталастар тудырды. Ал жергілікті тұрғындардың жер туралы мәселесін тіпті қараған жоқ. Ертістің он шақырым сол жақ беті 1904 жылғы орыс-жапон соғысы алдында Сенат үкіметінің қаулысымен Сібір казактарының иелігіне берілген. Ал қазақ елі бұл жерден айырылып, оның үстіне жайылымдарда малын бағу үшін орыс кулактарына орасан зор қаржы төлеп, кедейлікке ұшырады. Сөйтіп олар әрбір казак семьясына қызмет ететін үй шаруасындағы жұмысшы ретінде батрактарға айналды. Архивтерден қазақ кісісін жерлеу үшін жерге 18-20 сом алтын төлегені белгілі. Мен баяндамамда осы он шақырымдық жерді қазақ халқы ежелден иеленгендіктен өздеріне қайтарып беру туралы ұсыныс жасадым. Ал Каспий теңізінің солтүстік жағалауы салық жинайтын жер болып жарияланғанымен, патша үкіметі қазақ тұрғындарын иеленген жерлерінен көшірте алмады. Себебі, Каспийдің солтүстік жағына қарай «Рың құмдары» деп аталатын құм бұйраттары созылып жатыр. Өмір сүрудің қатал заңы тұрғындарды Каспий теңізі жағалауына қуды. Онда олар балық аулаумен шұғылданып, кемелерде жұмысшы болып күнкөріс мүмкіндігіне ие болды. Баяндамамның соңында «қазақтарға иеленіп келген жерлері өздеріне қайтарылып және жергілікті қазақ пен отырықшылданған орыс тұрғындары орнығып біткенше Россиядан қоныс аударуды тоқтатқан жөн» деген ұсыныс жасадым. Осы жерде Владимир Ильич менің сөзімді бөліп:

– Қызық екен, орталықтағы жолдас, біздің ЦК-ның мүшесі Сафаров Түркістаннан барлық кулак шаруашылығын көшіріп жіберу керек десе, сіз тек жергілікті қазақ және отырықшылданған орыстар орын тепкенше қоныс аударуды тоқтату керек дейсіз. Бұл қалай? – деді.

– Мен мұндай пікірлерді күтпеп едім, – деп, бір сәт күмілжіп қалдым. Бірақ Сафаровтың Түркістанның жағдайын көбірек білетіні, сол жерде көп болғаны туралы айттым.

– Ол Қазақстанның жағдайында ондай ұсыныстан бас тартуы керек, –  дедім және өз ұсынысымның негізі ретінде солтүстік аймақтардағы қазақ пен орыс тұрғындарының сан жағынан арақатынасы жайлы статистикалық мәліметтер келтірдім.

– Орыс тұрғындарын көшіріп жібереміз деген шешімнің орындалу мүмкіндігіне сенбеймін, себебі ұлттар арасында алауыздық туу қаупі бар, –  дедім.

– Ендеше ойлану керек, – деді. Енді он километрлік тұтас жер туралы біраз мәселелерді қамтып айтсам да, Владимир Ильич:

– Тағы да қосымша айтарыңыз бар ма? – деп сұрады. Сонда мен жастардың атынан (ол кезде 29 жаста едім):

– Жерді өңдеуге және шабуға арналған ауыл шаруашылығы машиналарымен осы өңірді қамтамасыз етсе, сөйтіп ауыл шаруашылығы коммуналарын ұйымдастырса, – деген тілек айттым.

Ол қолын сермеп:

– Керегі жоқ, керегі жоқ. Біз тіпті ауыл шаруашылығы коммуналары жайлы Орталық Россияда ойластырғамыз жоқ, – деді.

Біздің республиканың шекарасын анықтау кезінде Каспий теңізінің солтүстік жағалаулары Астрахань губерниясынан қайтарылып, Қазақстан шекарасына кіргізу керектігін айттым. Бұған көптеген адам қарсы болды. Әсіресе Астрахань губерниялық атқару комитетінің председателі (фамилиясы есімде жоқ) Лежава, Брюханов секілді басшылар «Каспий балығымен Москва жұртшылығын асырап отырмыз, еліміз азық-түлік қиындығын бастан кешіп отыр» деді. Бұл мәселеге сөйлегендердің теріс көзқарасын байқаған соң маған бұрылып былай деді:

– Біздің экономистер жан-жақты талдап, батыл айтқан секілді, ұялмаңыз, өзіңіздің ойыңызды еркін айта беріңіз, енді сөз сізге беріледі.

– Мен – дедім, – кеше ғана институтты бітіргенмін, тәжірибелі жастардан үйренуге дайынмын. Бірақ кейбір жолдастардың менің ойыма қарсы болғанына таңым бар. Өйткені, Қазақстан өзінің ұлттық, тұрмыстық ерекшеліктеріне байланысты автономиялық басқарушылықты РСФСР-дің ішінен алады. Біз жағалаудың республиканың шекарасына кіруін мақұлдағанымыз дұрыс сияқты. Себебі, онда балық шаруашылығымен айналысатын қазақтар мекендеген және бұл жағалау Қазақстан территориясының ішіне кіріп тұр. Ал егер осы жағалауды тұрғындарымен бірге біздің республиканың шекарасына кіргізсе, біз оларды ұйымдастырып, Орталыққа Астрахань губерниясына қарағанда тіпті көп балық жіберер едік, – дедім.

Владимир Ильич Астрахань губерниялық атқару комитетінің председателіне бұрылып, одан:

– Жағалаудағы қазақ және орыс тұрғындарының сан жағынан арақатынасы қандай? – деген сұрақ қойды.

Председатель статистикалық мәліметтер жоқ дегенге келтіріп, сұрақтан бұлтарғысы келіп еді:

– Жағалауда қанша қазақ, қанша орыс бар деп отырғаным жоқ, осы өңірдегі тұрғындардың қайсысы басым? – деді.

Сонда председатель амалсыздан «қазақтар басым секілді» дегенге сайды. «Мәселе түсінікті болды» деп дауысқа салды, сөйтіп менің ұсынысым көпшілік дауыспен қолдау тапты.

1920 жылдың 24 тамызында Халық Комиссарлар Советінің Қырғыз (қазақ) автономиялық республикасы туралы декрет жобасының мәселесі жөніндегі мәжіліске баяндамашының бірі ретінде мен де қатыстым. Мәжілістегі атмосфера аса іскерлік жағдайда болды. Әрқайсысы өздерінің жауапкершілігін сезініп, қатал тәртіп пен саналылық орнағандай еді. Владимир Ильичтің өзі қатысып отырды. Мәселе туралы Ұлттар жөніндегі наркомат председателінің орынбасары Каменский баяндама жасады. Ол өзінің жауапкершілігін қатты сезініп баяндама барысында көп қиналды. Сөйтіп декреттің жобасы тұтас оқылып, РСФСР Халкомының мәжілісінде бекітілді. Тиісті қосымшалар, өзгерістермен қоса Декрет 1920 жылғы 26 тамызда бүкіл елге жарияланды. 1920 жылы 23 маусымнан 7 тамызға дейін Комитерннің ІІ конгресінің мәжілістері өткен еді. РКП (б) делегациясының құрамына Лениннің басқаруымен партия мен үкімет басшылары кірді. Сондай-ақ бұған автономиялық республикалардан да делегаттар келді. Қазақ автономиясын Тұрар Рысқұлов пен Ахмет Байтұрсынов бастап барды.

Лениндік декретке Халық Комиссарлар советінің мәжілісінде талқыланған Каспий жағалауы туралы шешім төмендегідей мазмұнда көрсетілген: «Из Астраханской губернии: волость Синеморскую в Букеевскую орду и территории бывших казенных оброчных землей прилегающих к 1-му и 2-му приморским округам. Что же касается береговой полосы и волостей Садороновской, Ганюшинской и Николаевской, то они во всех отношениях, кроме хозяйственной стороны, остаются в подчинении Кирревкома».

Бұл 29 жастағы талантты Ә.Ермековтің үлкен жеңісі әрі Қазақстан алдында сіңірген аса зор тарихи еңбегінің жемісі еді.

Қазақ республикасының территориялық шекарасын белгілеуде Әлиағаның еңбегін тарих алдындағы, қазақ халқының алдындағы перзенттік парызының орындалғаны деп түсінеміз. Осы тарихи декрет жарияланған күні Әлімхан Ермеков Бүкілроссиялық Орталық атқару комитеті (ВЦИК) президиумының қаулысы бойынша Қазақревкомның мүшелігіне бекітіледі. 1921 жылы туған жері Қарқаралыға келіп 2 басқышты мектеп ашады. Қарқаралы, Ұлытау, Баян өлкесі жастарының өнер-білім алуына ұйытқы болады. Осы оқу орнына Сібірден жер аударылған Петроград, Мәскеу қалаларының білікті ғалымдарын шақырады. Бірінші қабаты қызыл кірпіш, екіншісін ағаштан өргізіп жаңа оқу орнын іске қосады. Кейіннен Қарқаралы педагогикалық училищесі осы мекенде ашылды. Қазіргі Ақтоғай ауданының аумағында бастауыш мектептер ашуға үлкен еңбек сіңіріп, жастардың білім алуына жағдай жасайды. Қарқаралыда бала оқытып, өсіп келе жатқан жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, өзінің сүйікті ісімен айналысып жүрген терең білімді Әлиағаны Семей губерниялық партия, совет басшылары бірнеше рет шақырып, жауапты қызметтер ұсынады. Ол 1925 жылы Семей губерниялық жоспарлау басқармасы председателінің орынбасары болып тағайындалады. Өзінің іскерлігі, білімділігімен көзге түскен жас маман сол жылы Орынбордағы Мемлекеттік жоспарлау комитетінің председателі әрі өнеркәсіп секциясының бастығы қызметіне жоғарылатылады. Сол жылдары Қазақ АССР ауыл шаруашылығы банкісі басқармасының мүшесі қызметін де қоса атқарады. 1925 және 1929 жылдары Орталық Атқару комитетіне мүше болып сайланады.

Әлімхан Ермеков Ташкентте 1926 жылы тұңғыш ашылған оқу орны – Қазақ педагогикалық институтына (Казпедвуз) арнайы шақырылып, 1927-1928 жылдары сонда математика пәнінен сабақ береді. Институт ректоры Темірбек Жүргеновпен (Темірбек 1927 жылы Әлімханның қарындасы Дәмеш Әмірханқызы Ермековаға үйленді) жақсы араласады. Сөз арасында айта кететін жай, 1927 жылы шілде айының аяғында Темірбек пен Дәмеш Ташкеннен Қарқаралы арқылы елге келеді.

Дәметайдың шешесі Бибіштен рұқсат, бата алу үшін арнайы келген оқыған жастарды Қызыларай тауының баурайындағы Былқылдақ жайлауында, халық ерекше қуанышпен қарсы алады. Үлкендердің айтуынша, атақты өнер иесі Тәттімбет өзінің үзеңгілес досы Ермектің ауылына қонаққа келіп жатып, «Былқылдақ», «Сылқылдақ» күйлерін шығарған. 1913 жылы этнограф-ғалым Григорий Потанин екі немересімен келіп киіз үй тіктіріп, екі айдай демалған. Томскіден студент Қаныш Сәтбаев 1923-1925 жылдары жаз айларында осы жайлауға келген. 1925 жылы мемлекет қайраткері Нығымет Нұрмақұлы Зүпнін Ыбырайқызына үйленіп той өткен. Міне, енді Темірбек Жүргенов пен Дәмештің үйлену тойы өткізілді. Әлімхан мен Темірбектің және т.б. қайраткерлердің табандылығының арқасында 1928 жылы Казпедвуз Алматыға көшіріледі. Әлиаға 1928 жылы 1 қыркүйектен бастап Қазақ мемлекеттік университетіне орналасып, осында бірыңғай ғылыми-педагогикалық жұмыспен айналысады. 1930 жылы Қазақ мемлекеттік зоотехникалық-мал дәрігерлік институты болып қайта құрылғанда жаңа институтта профессор міндетін атқарып, кафедра басқарады.

Қазақстанның жаңа астанасы Алматыда 1930 жылдың 30 мамыры мен 6 маусымы аралығында VІІ Өлкелік партия конференциясы өтеді. Осы конференцияда ұлттық интеллигенция атынан Әлімхан Ермеков терең мазмұнды сөз сөйлейді. Ол өзінің бар күш-жігерін ғылымға, оқу-ағарту ісіне арнайтынын айтып, ғылыми интеллигенцияны осындай игі істерге араласуға шақырды. Марксизм-ленинизм институтында оқитын партия қызметкерлеріне де сабақ берді. 1935 жылдың 1 мамырында Қазақстандағы тұңғыш техникалық жоғары оқу орны Кен-металлургия институтына шақырылады. Онда математика кафедрасының меңгерушісі, профессор болады. 1935 жылы көп жыл бойы ізденуінің нәтижесінде «Ұлы математика курсы» ғылыми кітабының 1-бөлімі жарыққа шығады. Бұл математика саласында жарыққа шыққан алғашқы ғылыми еңбек еді. 1935 жылы қараша айында Г.Кржижановскийдің төрағалық етуімен өткен Жоғары аттестациялық комиссияда Ә.Ермеков профессор атағын қорғайды. Сөйтіп қазақ халқының зиялы ұлдарының ішінде тұңғыш математика профессоры ғылыми атағына ие болады. 1936 жылы Әлекеңнің ұсынысы бойынша Кен институтының бірінші, екінші курс студенттеріне арналған жалпытехникалық факультет ұйымдастырылады. Бұл факультетте ауыл мектебінен келген қазақ жастары жоғары математика, физика, теориялық механика, химия және жоғары курстарда өтетін арнайы пәндердің негізі оқытылады. Ауыл жастарының орыс тілін жетік меңгермегені ескеріліп, сабақ негізінен қазақ тілінде жүргізілді. Ә.Ермеков негізін салған техникалық білім беру саласындағы оқытудың қос тілде жүргізілу тәжірибесі 1937 жылдан кейін жабылып қалды. Тек қана елу жыл өткеннен кейін қайта жүзеге аса бастады. 1936 жылы өзінің ұстаздық тәжірибесіне сүйене отырып, ғылыми негізде «Қазақ тілінің математика терминдері» атты түсіндірме сөздігін бастырады. Кейінгі жылдарда жарық көрген қазақ тіліндегі математика оқулықтарында бұл еңбектің аты аталмаса да, профессор Ермеков қалыптастырған терминдер кеңінен пайдаланылып келді.

Әлиаға осы институтта 1937 жылдың 1 қырқүйегіне дейін еңбек етті. Отыз жетінші жылы халық басына қара түнек орнады. Ежелгі достары Санжар Асфендияров, Құдайберген Жұбанов «халық жауы» болып ұсталып кетті. Қазақстанның көрнекті мемлекет қайраткері, Оқу-ағарту халық комиссары Темірбек Жүргенов те ұсталды. Ол Алматыны тастап, 1938 жылдың ақпанында Мәскеуге кетті. РСФСР Мемлекеттік жоспарлау комитетінің оқу орындары басқармасынан Куйбышев қаласының Жоспарлау институтына жолдама алды. 1938 жылдың 3 ақпаны мен 17 наурызына дейінгі аралықта Куйбышевта Жоспарлау институты математика кафедрасының меңгерушісі болып істейді. Сол кездегі «жағымпаз жендеттер» қоймай арызданып, ақыры қаматады. Ол жабылған жаладан үзілді-кесілді бас тартады. 17 мамырдан 17 шілдеге дейін жоғары жаққа алты рет арыз жолдап, әділдікті талап етеді. 1939 жылы 28 ақпан күні НКВД-ның әскери трибунасы Ермековті РСФСР Қылмыстық істер кодексінің 49 және 58-1 а бабы бойынша 10 жылға бас еркінен айырады. Түрмеде жүргенде мұның заңсыздық екенін айтып, өзіне жала жабылғандығын дәлелдеп, арыздануын тоқтатпады. Соның нәтижесі болуы керек, 1947 жылдың басында түрмеден босанып, Мәскеуден бір-ақ шығады. Оның терең білімі мен ерекше ғылыми қабілетін ертеден білетін СССР Жоғары оқу орындары министрлігіндегі оқымыстылардың айтуымен Шымкент технологиялық институтына жолдамамен жібереді. 1947 жылдың 15 тамызында Шымкент технологиялық институты математика кафедрасының меңгерушісі болып, ұстаздығын қайта бастайды. Амал нешік, тағдыр тауқыметінің көп азабын бастан кешкен ол НКВД түрмесіне қайта жабылады. 1955 жылы 7 наурызда СССР Бас прокурорының қаулысы бойынша Ә.Ермеков мерзімінен бұрын түрмеден босатылады. 1957 жылдың 26 қарашасында толық ақталады.

Осыдан кейін Қарағанды қаласында тұрақтады. Қарағанды Тау-кен институтына мұғалімдікке орналасты.

Жабылған қара дақтан 28 жылда зорға ақталды. Ол кісіні білетін жақын достары, туысқандары Әлиағаның халқына деген адалдығына, ақтығына берік сенуші еді. Міне, жарқырап, жақсылықтың да күні шықты. Бұл күнге жете алмаған қанша зиялылар қара түнектің құрбаны болды емес пе?

Қалкен МӘКЕНБАЙҰЛЫ,

ҚР Мәдениет қайраткері,

Ұлытау, Ақтоғай аудандарының және Жезқазған қаласының құрметті азаматы

*сурет ашық дереккөзден алынды

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<