«Сарыбайқазған» мұнарасының сыры

841

0

Біздің облысымызда 545 тарихи және мәдени ескерткіш мемлекет қорғауына алынған. Оның ішінде 30 республикалық, 257 жергілікті маңызы бар, ал 258 ескерткіш алдын ала есепке алынған тарихи-мәдени мұра объектілер тізіміне енгізілген. Ескерткіштер өз кезегінде тарихи, археологиялық және монументальды, т.б. санаттарға бөлінеді. Бізді қызықтырған – Қазалы ауданының Қызылқұм жағында орналасқан «Сарыбайқазған» мұнарасы. Атамыздың ұрпақтарының бірі маған келіп, «мұнара біздің бабамыз Сарыбайдыкі ме? Соны анықтап беруге көмектессеңіз» деп өтініш білдіргесін біршама іздендім. Сыр өңіріндегі жоғарыда атап өткеніміздей ескерткіштердің едәуір бөлігі мемлекет қорғауына алынған. Солай бола тұра айдалада қараусыз жатқан ескерткіштердің жағдайы күрт жақсарып кетті деуге әлі ерте. Мемлекеттің қолы барлық ескерткіштерге жете бермейді, оларды қалпына келтіру, абаттандыру жұмыстарына қыруар қаржы керек. Қазіргі таңда бұл бағытта жүйелі де ауқымды жұмыстар жүріп жатыр. Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғайтын арнайы мемлекеттік мекеме де бар.

Дегенмен, аталарымыздан қалған рухани-архитектуралық мұраға тікелей ұрпақтарының да қамқорлық жасағаны артық болмас. Қолқа салып келген азаматтың бабасын іздегені, «ескерткішіне еге боламыз» дегені жақсы бастама екен деп түйдім де, қолдағы бар деректі бөлісуді жөн көрдім.

Қазалы аудандық мәдениет бөлімінде аталған ескерткіштің фото мен сипаттамасы төмендегідей берілген:

Қызылқұм өңірін мекендеген Сарыбай бай қаздырған құдық маңындағы «Сарыбайқазған» мұнарасы – ХVІІІ ғасырда салынған архитектуралық ескерткiш. Сарбұлақ ауылының, Моншақ елді мекенінен оңтүстік батыста 84 шақырым жерде орналасқан. Мұнара кеуіп қалған өзен арнасының, құм төбелердің арасында, қамкесектен өрілген. Дөңгелек тәріздес екі қабатты күмбезі бар. Күмбез маңында кішігірім шеңбер пішінді алаң орналасқан. Мұнараның ішінде оның төбесіне дейін шығатын айналмалы баспалдақ орналастырылған.

Ерманұлы Сәндібек бір жазбасында Сарыбай ұрпақтарының қатарынан ел билеген болыстар, аузы дуалы билер мен әулие-әмбиелер, палуандар шыққанын жазады. Сөзімізге тұздық болу үшін бір-екі деректі келтірейік. Мәселен, Қозыбағар атамыз қазіргі Қарақалпақстанның Шорахан округін 1900 жылдары билеген. Төрткүл уәләятының болысы болған екен.

Қозыбағар қайтыс болғаннан кейін баласы Құлым болыс болады, кейбір деректерде елді 20 жылдай басқарған дейді. Әділдігімен елге өте сыйлы басшы атаныпты. 

Досахмет Жұматайұлы есімді азаматтың қолындағы деректе «1900 жылдарға дейін Сарыбай ұрпағы Қозыбағар қазіргі Қарақалпақстанның Төрткөл уәләятында болыс болып қызмет атқарғаны» айтылған. Жазбада одан әрі «ол уақытта тәртіп бойынша болыстың ауылына, әр рудан бір-бір адамды отбасымен көшіріп алады екен. Мысалы, Кедейден, Жәнтіннен, Сарыбайдан, Есімнен, Меңліктен, т.с. себебі, біреуі малын бағады, біреуі базарына шығады, біреуі қонағын жайғастырады т.с. жұмыстарын істейді. Сөйтіп Қозыбағар біраз жыл елге басшы болыпты. Бірде Жәнтін руынан барған жігіт ауырып қайтыс болады. Дәстүр бойынша өлген жігіттің отбасын ауылына қайтарып жіберіп, орнына басқа адам алу керек екен. Алайда, Қозыбағар бұл дәстүрді ұстанбай, өлген жігіттің  әйелін өз қарамағына алып жүре береді. Бұл жағдайда сол рудың басшылары Оразбай мен Мәмбетқұл болысқа хабар жібереді. Өлген жігітіміздің отбасын қайтарыңыз десе, Қозбағар қайтармайды, жас жесірді өзінің құзырынан шығарғысы келмейді. Сонымен Оразбай мен Мәмбетқұл ашуға мініп, намысқа тырысып, қалай да Қозыбағарды өлтіруге бел байлайды. Болыстың әрекеті олар үшін қорлық болып көрінеді. Ашуға мініп, болыстың ел аралап шығатын уақытын күтеді. «Ертең Қозыбағар Қызылда отырған елді аралап шығады екен» деген хабар келеді. Бұл хабарды есіткен Оразбай мен Мәмбетқұл Соққұлдың құмына келіп, жол тосады. Мақсат – Қозыбағардың басын алып, кек қайтару. Сол кезде болыстың жанында жүретін жігіттердің біреуі Ермекбай шалдың әкесі Есшан атамыз екен. Болыстың жанындағы 6 адамымен Соққұлдың құмында аңдып тұрған Мәмбетқұл Қозыбағарды аттан аударып алып, мойнынан қысып жібермей тұрып Оразбайға «басын шап» дейді. Сол кезде Оразбай Мәмбетқұлға «қолың қоса шабылып кетеді ғой» депті. Мәмбетқұл «қол кетсе кетсін, шап басын» деп және қайталайды. Сөйтіп басты қиялап шауып, Қозыбағарды өлтіреді. Өшіккен Оразбай басын қиқаламақ болғанда Есшан атамыз «өй, түккөрмегір, болды ғой, қой» деп қолын көтергенде, саусағын Оразбайдың қылышы жұлып түскен екен. Есшан шолақ деген сөз содан қалған дейді. Бірақ кейін жәнтіндер Есшан атамызға саусақтың құны есебінен бір қыз беріпті.

Енді әкесінің орнында болыс болды делінген Қозыбағардың баласы Құлымға келейік. Қозыбағар өз қателіктерінен, менмендігінен ажал құшады, орнына болыс сайлау керек. Елдің билері мен игі жақсылары ойласады. Дегенмен халық Қозыбағардың орнына баласы Құлымды сайлауды мақұл көреді. Құлым сайланатын болғасын шешесіне келіп ойласады:

– Апа, мені халық әкеңнің орнына болыс бол деп жатыр. Келіссем қайтеді? – деген екен.

Сонда шешесі:

– Шырағым Құлым, сен сол жұмысты қойсайшы. Әкең адамнан өлді ғой, – деген екен.

– Әкем адамнан өлсе, өзінің іс-әрекетінен өлді ғой. Ал мені халық қаумалап қоймай тұр, үлкенді аға десем, кішіні іні десем менде халықтың несі бар. Халық – құдайдың бір аты деген. Мені Құдай өзі қолдап отырған шығар, – деп болашақ болыс анасына жауап беріпті. Сөйтіп, Құлым 1916 жылға дейін болыс болған екен.                

Құлым болыс болып тұрған 1911 доңыз жылы Құлқұдықта Айтқожа тегі Тұрабайдың асы болады. Осы асқа Төрткүлдің болысы Құлым да келіп қатысады. Бұл асқа Балқы Базар да келеді. Базар жырау асқа келе жатқанда түнде түс көреді. «Түсімде келі түйіп жатыр екенмін, аяғым жерге тимей тұр екен. Ертең аста жырлағанда, Құдай қаласа, бәйгені өзім алады екенмін» деп өз түсін өзі жориды. Аста жырлап отырғанда Төрткүлдің болысы Құлым кіріп келеді. Сонда Базар жырау Құлым болыспен:

– Берейін десем Құдайым,

Қас пенен көздің арасы.

Сәл жерлерден айырар

Жақсы мен жаман арасы.

Тұрабайға ас берді,

Үш Есімбеттің баласы.

Көрінбей кетті-ау, тозаңнан

Құлбұлақтың даласы.

Дәрежесіне қарашы,

Үлгі алатындай іс болды,

Бәнданың болса санасы.

Бүтін туған нар едің,

Тоғымбеттің Сарыбайы

Алты аспанның данасы.

Халыққа болған қамқоршы,

Жел жағынан панасы.

Сый-құрметке бөленген,

Ағайынның арасы.

Айналайын, Құлымжан

Сау-саламат келдің бе?

Төрткүлдің болыс баласы, – деп амандасады. 

Сонда Құлым қолын қалтасына салып жіберіп, бір уыс алтын теңгені Базардың алдына тастаған екен.

Жасының үлкейген уақыты болса керек, Құлым Төрткүлде көп бөлмелі жай салдырады. Жұмысшыларына «жай салынып ішіне тұтатын, салатындарын барлығын бітіріп, маған хабарлаңдар, содан кейін үлкен той жасаймыз» деп тапсырма беріпті. Сөйтіп, жайды көтеріп болып тұтатындарын тұтып, салатындарын салып Құлымға хабар береді. Бәрі тақ болды, тек тойды бастау қалды дейді. Сонда Құлым: «Тойды бастау үшін, әкемді өлтірген Оразбай мен Мәмбетқұлды шақырып қатыстыру керек, олар қатыспай болмайды» деп айтқан екен. Сонымен Бақа би бастаған игі жақсылардан бірнеше адамды Оразбай мен Мәмбетқұлға шақырушы етіп жібереді. Барған адамдар Құлымның тойға шақырғанын айтады. Әйтеуір, Оразбай мен Мәмбетқұл тойға келетін болады. Сонымен, Оразбай ала айғырға, Мәмбетқұл қара бураға кілем жауып, сауындық биелерін айдап, Құлымның тойына келген екен. «Ағайынның азары болса да, безері болмайды. Жақсыда кек болмас, жаманда тек болмас» деген осы дейтін  дана шалдарымыз.

Бұған қоса, Сәндібек Ерманұлы қолжазбасында да Сарыбайларға қатысты қызықты дерек бар. Қолжазбада «Шөмекей тайпасы Аспанның Сарыбай руы Қызылқұмды жайлаған ел, басқа қазақтар сияқты мал шаруашылығымен шұғылданғаны» айтылады. Дерек бойынша Сарыбайдан Айдос, Мәмбет, Тілеу деген үш бала туады. Мәмбет атадан тараған Ермұқым деген аруақты бақсы өткен. Ол қожалармен бірге зікір салып, елдегі науқас адамдарды емдеумен аты шыққан кісі екен. Оған дәлел Мағзаманнан тараған қожалар әулеті аруақ шақырған кезде Сарыбайдан шыққан Ермұқым деп міндетті түрде шақырады. Ермұқым қайтыс болғаннан кейін Сарыбайлар оны пір тұтып, қиналған кезде сыйынып шақыратын болған.

Бірде Қызылқұмда мұғалім болып жүрген жігіт келіншегін ертіп аудан орталығы Қармақшыға бара жатып адасып кетеді. Шөлде суы таусылып өлетін болған соң, аруақ шақыруға мәжбүр болады. «Ермұқым ата, сарт болып кетпесең көмектесші» деп еңіреп жылайды. Сол кезде аспаннан тақиядай қара бұлт келіп тақырды суға толтырып тастайды. Келіншегімен суға қанып жан-жағына қараса басқа жерге бір тамшы жауын тамбаған, ыдыстарын суға толтырып алған жігіт аман-сау елге жетеді.

Аспанның Сарыбайының ұрпағы Үсенбай баласы Орман палуан болған кісі екен. 1883 жылы дүниеге келген Орман атамыз Қызылқұмда Балжан деген жерде өмір сүрген. Ол «Сарыбайқазған» мұнарасына жақын маңда орналасқан. Өйткені, ізінен ерген ұрпақтарына, ағайын-туыстарына сол мұнараны өсиет қылғандықтан, Сарыбай бабасының қоныстанған жерінен, мұнарасынан алысқа кетпеген. Орман балуан 1946 жылы «Қасқаның тауы» деген жерде қарасақал руына ақылы түрде шегендеп құдық қазған. Құдықтың ұзындығы 40 құлаш болыпты. Арада жыл өткен соң құдықтың суы азайып қалып қарасақалдар ашып бер деп өтінген. Құдық қазып шегендегенде қу сексеуіл болмағандықтан, жас сексеуілмен шегендепті. Сол сексеуілден құдықтың түбі улы газға толып құдыққа түскенде уланып қайтыс болған. Орман палуанды құдықтан алып шығуға ешкім түспепті. Сол кезде көрші ауылға қоныстанған құрдасы әрі туысы Сақтаған деген атамыз құдыққа беліне арқан  байлатып бір арқанды қолына ұстап басын төмен қарата түскен екен. Құдық түбінде Орман атамыз жүресінен жүзін құбылаға қаратып отырып қалыпты. Сол кезде оң қолына арқанды байлап, тартып алғаннан кейін Сақтаған атамыз уланып, сыртқа шыққан соң талып қалыпты. Есін жиғаннан кейін адамдар Орман атамызды тартып шығарған. Палуан атамыз құдықтың құбыла бетінде, төбенің басына 1947 жылы жерленген. Бұл «Қасқаның тауы» бабасы Сарыбайдың қоныстанған жеріндегі мұнараға шамамен 90 шақырымдай жерде орналасқан.

Әңгіме арқауы болып отырған Сарыбай атамыздың ата-тегіне байланысты бүгінгі ұрпақтардың кешегі өткен құймақұлақ қарттардан жазып алған өзіндік нұсқасы да бар. Біздіңше, Сарыбайдан тікелей тарайтын ұрпақтарының төменде ұсынып отырған нұсқасы басқаларға қарағанда дұрыс сияқты. Ол бойынша Шөмекейдің 4 баласының бірі Аспаннан – Есімбет, Бақты, Мамбет,  Андасейіт, Бақай, Қойт. Есімбеттен − Тоғымбет, Бұғанай, Жәнтік. Тоғымбеттен − Тұрымбет. Тұрымбеттен − Айтқожа, Айтқұл, Мәңілік, Қоңыртай, Төлес, Байқошқар. Осындағы Байқошқардан – Сарыбай, Сатыпалды, Андағұл. Біз әңгімелеп отырған Сарыбай Байқошқардың үлкен баласы және түп атасы Асанның шөпшегі болып отыр. Көріп отырғанымыздай, Байқошқардан өрбитін Сарыбай мен Аңдағұл – ағайынды адамдар. Мұны тілге тиек етіп отырған себебіміз, бүгінгі күні Аңдағұлдан тарайтын Самұрат Имандосов ағамыздың балалары өткенін түгендеп, өшкенін жандырып, бабаларының мұрасын жинақтауда жан-жақты еңбек етіп жүр. Тарихи ескерткіш уақыт пен біздің ұқыпсыздығымыздан қирап қалу алдында тұр. Аталған мұраны қорғауға мемлекеттен бөлек ұрпақтарының да атсалысқаны абзал.

Сарыбай атамыздың өмірі мен қызметі жайлы қариялар әңгімелерінен басқа ресми деректер табылмады. Қазақ хандығы мен патшалық Ресейдің саяси-дипломатиялық қарым-қатынасын суреттейтін «Казахско-русские отношения в XVI-XVIII веках: сборник документов и материалов» және осы кітаптың жалғасы саналатын 2-томында да ол кісі жайында мәлімет кездеспеді. Ал ел ішінде сақталған ауызекі әңгімелерде біз тілге тиек етіп отырған Сарыбайдың Шөмекей руының Аспан аталығынан тарайтыны, ауқатты адам болған соң малына құдық қаздырғаны және балаларының сол құдық жанына әкесіне мұнара тұрғызғаны нақты айтылады. Тағы екі адамның дерегін келтірейік. Біріншісі – 1958 жылы 10 қазанда туған, Кәукей ауылының тұрғыны, Сұлтанбайұлы Қаржаубай, екіншісі – 1953 жылы 1 қаңтарда туған Исаұлы Көлдейбек. Қ.Сұлтанбайұлы: «Бала күнімізден Аспанның Сарыбайының мұнарасын көріп өстік. Бірінші атамыз құдық қаздырыпты. Оның игілігін осы төңіректі жайлаған алыс-жақын ағайынның бәрі көрді десек, артық емес. Ал мұнара – ол кісі қайтыс болған соң, ұрпақтарының көтерген ескерткіші. Сарыбай қаздырған құдыққа байланысты мұнара солай аталып кеткен. Менің ата-бабаларым да сол жерде қоныстанған. Ақбөпе есімді әжем әңгімешіл кісі еді, есте сақтау қабілеті де күшті болатын. Сол кісі «анау Аспанның Сарыбайы деген атамыздың қаздырған құдығы, ана мұнара да соныкі» деп талай айтқаны жадымда. Мұнараның Сарыбайдыкі екеніне бұл жақта ешкім таласпайды. Бұрын да таласпаған. Мұнара Кәукейден 65 шақырымдай жерде. Өзім ертіп барып көрсетемін» дейді. Осындай деректі әңгімені бүгінде жасы 70-ке толып отырған К.Исаұлы да айтады: «біз 1950 жылдардан бері Қазалы ауданына қарасты Ақтам-Қарақыз деген жерді жайладық. Бізге жақын жерде «Сарыбайқазған» деген құдық болды. Бірсыпыра малымыз сол құдықтан суарылатын. Қасында мұнара да бар. Әкелеріміз «бұл Аспан руының атақты адамдарының бірі Сарыбай дегеннің қаздырған құдығы. Мұнара да сол кісінің атымен аталады» дегенін жеткізді. Қызылқұмның осы маңайындағы елдің көбі кезінде Сарыбайдың құдығын пайдаланған. Содан аты қалған ғой» деп Көлдейбек ағамыз әңгімесін бітірді. 

Кеңестік кезеңде көнеден келе жатқан көп нәрседен көз жазып қалғанымыз жасырын емес. Аталарымыз қалдырған мұраларға салақ қарағанымыз да рас. Бүгінгі Тәуелсіздіктің арқасында көзден таса, көңілден ұмыт бола бастаған ата мұрасын қайта түгендеп жатырмыз. Әсіресе, айдалада, мал жайылымының арасында қалған ескерткіштерге деген көзқарасты өзгертетін уақыт әлдеқашан жетті. Осы қисынмен айтқанда, Сарыбай бабамыздай атақты тұлғаның бүгінгі ауқатты ұрпақтары бабадан мұра болып қалған мұнараға айрықша қамқорлық танытар деген ойдамыз.         

Нұрлыбек Мыңжас,

тарих ғылымдарының кандидаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<