Смайыл әздер кім болған?

372

0

«Сыр бойы» газетінің осы жылғы 18 қаңтардағы санында «Жаңа нұсқадағы насабнама», «Егемен Қазақстанның» 18 қаңтардағы санында «Насабнама сыр шертеді» атты екі бірдей мақала жарияланды. Онда ХVІІІ-ХІХ ғасыр аралығында Алаш жұрты құрметтеген Құлболды ишанның ұстазы Смайыл әздер Қылышқожаұлының өмірдерегі баяндалған. Дерек Қызылорда облыстық өлкетану музейінің ғылыми хатшысы Асхат Сайлаудың әңгімесі төңірегінде өрбиді.

Мұны жариялауға негіз болған бабаның тасбихы, оқыған Құран кітабы, жайнамазын Тұрымбет қалпенің немересі Жанболат Әлиакбаров сақтап келген. Араб, түрік тілінде жазылған насабнаманың электронды көшірмесін музейге тапсырғаны ұлағатты іс болғаны баяндалады.

Бала кезімізде атаның көзін көріп өстік. Тұрымбет қалпе кім? Бұл кісі шағын денелі, көк көзді кісі болатын. Сұрапыл соғыс жылдарында қазіргі «Қоғалыкөл» ауылында тұрды. Бабасының асатаяғы мен жайнамазын қолынан түсірмей, сырқаттарға дем салатын көріпкел еді. Қалпе ата екі ағайынды болатын. Әлиакбар ата кіші інісі еді. Сол атадан тараған Жанболат Әлиакбаров атты немересі қазір Қызылорда қаласында тұрады, зейнеткер.

Сонымен, Смайыл әздер Қылышқожаұлына тоқталайық. Қылышқожа бабамыздан Ер Көшек, Дәуіт, Смайыл әздер, Жақып, Бақмұхаммед туған. Қожжан мен Қылыштың арқасы бір-біріне жабысып туса керек, қылыштың жүзімен ажыратыпты деген аңыз бар. Осыған орай, Қожжан, Қылыш егіз деген сөз тараған. Осы аңызға байланысты Қылыш ата атанып кеткен. Үйіндегі анамыз Ертуған өте ақылды адам болыпты. Қыс, күз айларында дәрет құманын қойнына алып, жылытып беріп отырған көрінеді. Риза болғандықтан өс, өркенде деп бата берген деседі. Сол батадан ұрпақтары көбейген.

Смайыл әздердің ұрпақтарынан аты аңызға айналған суырып салма ақындар Шортанбай Қанайұлы мен Күдеріқожа Көшекұлы тарайды. Күдері – Шортанбаймен немере. Шортанбай Қарағандының Шет жағында, Күдеріқожа Қарқаралыда дүниеден өткен. Шортанбай зираты мемлекет қамқорлығына алынған.

Смайыл әздер Қылышқожаұлы Бұқарадағы Мір Араб медресесін үздік бітіріп, Сырға оралған бойда Құлболды ишанға ұстаз болып, білімдарлығымен елге танылған. Бұл жайында Бұдабай ақын жырларында, Палман Шәйірдің естеліктерінде айтылған.

Бұл күндері Смайыл әздер бабаның ұрпақтары «Шіркейлі», «Қоғалыкөл» ауылдарында, тағы басқа өңірлерде еңбек етіп, өркен жаюда. Айтқыш Қалтай, ақын Әбірәш Жәмішев, Аралбай Маханбетовтер әулеті, қоғам қайраткері Аббас Камаладдин, профессор Қазыбай Құдайбергенов, журналист-ардагер Қайырбек Мырзахметұлы – бабадан тараған ұрпақтар.

Қайыр Қорасани

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<