Темірбақты батыр

1516

0

Темірбақты батыр XVII ғасырдың басында Арал өңірінде өмір сүрген. Ол жөнінде халық арасындағы бір шумақ өлеңде:

Баубектің бір баласы –Темірбақты,

Ер екен қайсар әрі аруақты.

Аударып, ат үстінен жұлып алып,

Шыңғыртқан Берден деген ер қалмақты, – деп жырланады.

«Өлі разы болмай, тірі байымас» деген. 

Батырдың ұрпақтары бас қосып, Аралда Ахмет Байтұрсынов көшесі бойынан кесене тұрғызды.

Баубек баласы Темірбақты батыр қалмақтармен соғысып, ерлік көрсетіп батыр ретінде аты аңызға  айналған.

Жастайынан ерлігімен көзге түскен Темірбақты қалмақтың беткеұстар батырларын жеңген. Үлкен шайқаста тағы да батырлығын танытып, жекпе-жекте қалмақтың Берден батырының басын алады. Осы жорығынан соң Темірбақтының атағы аспандап, батыр атанады.

Қаншама рет ауыр жарақат алса да, сыр бермей мыңды басқарып, мыңбасы болған. Өмірінің соңына дейін ат үстінде жүріп соғысып, қазақ жерін жаудан қорғауда үлкен ерлік танытады.

Темірбақты батыр жыры

Баласы Жаманақтың  аты Бәубек,

Қойылған ат демеңіз, әншейін тек.

Үйіне Жаманақтың ол туғанда,

Жиналған қуанышқа мырза мен бек.

Өзін емес, ойлаған жұрт қамының,

Темірбақты елінің ұрпағымын.

Бір тамшы қаным бар деп мақтан етем,

Дәл осындай жігіттің сұлтанымын!

Қалмақты ат үстінен жұлып алған,

Батырлығы ел-жұртқа аңыз болған.

Бар қасиет бойына дарып өскен,

Көріпкел әрі әулие, нағыз палуан.

Баубектің бір баласы Темірбақты,

Ер болған қайтпайтұғын аруақты.

Аударып, ат үстінен жұлып алып,

Шыңғыртқан Берден деген ер қалмақты.

Көп екен бабалардан қалған мұра,

Мін болар ескермесек оны, сірә!

Ұрпағы бас иеді бабамыздың,

Сөзінің әрбір айтқан салмағына.

Еңбегі сіңді оның  туған жерге,

Игі іс жасап кетті-ау туған елге.

Аты аңызға айналған бабамыздың,

Мұрасы жетерлік қой ұрпағына.

Өтіпті ишан  менен небір ақын,

Ұстапты өте берік ата-салтын.

Осындай бабасымен ұрпағының,

Жөні бар кеуде керіп мақтанатын.

Ұрпақтар көтерді үлкен мәселені,

Тұрғызып бабамызға кесенені.

Қолдаған осы істі барлығымыз,

Ағайын, мәртебеміз көтерілді.

Бата мен алғыс алып қалың көптен,

Іздері  үлгі- өнеге салып кеткен.

Ас беріп, дұға қылып, қол жаямыз,

Осындай бабамызға бұрынғы өткен.

Әлімжан ЖҰБАТҚАНОВ,

адвокат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<