Театр – өнердің биік шыңы

218

0

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызмет

Театр – мәдениеттің ең жоғарғы бөлігі. Театр – тәрбие құралы. Театр – ең қиын өнердің бірі. Әдебиет пен музыканы және актерлік қабілетті бір арнаға тоғыстыратын да дәл осы – театр. Әуезовше айтсақ, «Театр – сымбатты өнердің ішіндегі ең зор өнердің бірі».

Өз кезегінде өнер сүйер қауымға сапалы спектакль сыйлап, жастардың талабынан шығып жүрген театрдың бірі – «Жастар театры». 2016 жылы қала әкімдігінің қолдауымен Қызылорда қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жанынан құрылған бұл театр биылдан бастап еншісін алып, өз алдына бөлек «Қызылорда қалалық Жастар театры» деген мәртебеге ие болды. Бүгінде театр сахнасында қойылған «Оң қол» психологиялық драмасы келген көрерменнің көңілінен шығып, алғысына бөленуде. Айтулы күн аясында Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында қалалық «Жастар театрының» директоры Нұрмат Мансұр мен театрдың көркемдік жетекшісі Оңталап Нұрмахан қонақ болып, өнер ордасындағы жаңалықтармен бөлісті.

– Жастар театры 7-8 жыл көлемінде қалалық мәдениет бөлімінің жанындағы кәсіпорынның қарамағындағы үйірме болып ашылды. Биыл ресми театр, яғни, Қазақстандағы 67-ші театр болып туын көтерді. Жылдың басынан бері шама-шарқымыз келгенше қызмет етіп жатырмыз. Ал, театрдың ресми ашылуын мамыр айына жоспарлап отырмыз. Өзге аймақтардан елімізге атағы танылған тұлғаларды шақырып лента кесу рәсімін жасап, жаңа қойылымның тұсауын кесіп, халықтың ақ батасын алмақ ниеттеміз. Ал, оған дейін құр қарап отырмайық деп өзіміздің мүмкіндігіміздің шегінде жылдың басында Төлен Әбдіктің «Оң қол» деген әйгілі шығармасын сахналадық. Бұл спектакль көрерменнің жоғары сұранысына ие болды. Біз кәсіби театр ретінде биыл бірінші рет кәсіби мерекені тойлағалы отырмыз. Осыған байланысты, 28 наурыз күні Нұрдәулет Баймаханның «Сезімді қайтейін?…» атты музыкалық лирикалық қойылымы көрерменге жол тартады. Жалпы, қазіргі уақытта көрермен өз аяғымен барып жатқан екі жер бар. Оның біреуі кино болса, екіншісі – театр. Міне, бұл көрерменнің рухани қажеттілігінен туындап жатыр. Сондықтан, біз көрерменнің рухани қажеттілігін өтеу жолында аянбай қызмет етеміз, – деді Нұрмат Абдоллаұлы.

– Театр деген адамды тәрбиелейтін, рухани азық беретін киелі шаңырақ. Жастар театры да осы жолда жастардың қажеттілігін өтеуде, жастардың сұранысын, талап-деңгейін іздеу жолында жұмыс жасап жатқан жайымыз бар. Өнерді де, руханиятты да жастардың көзімен көріп, жастардың таным деңгейінде түпсанасына енгізу, сол өнерге, сол сезімге әрбір жасты сендіру. Оларға жалын сыйлап, рух беру де біздің міндетіміз деп ойлаймын. Сол жолда шыққан белестеріміз биік болсын. Бүгінгі театр күні баршаңызға құтты болсын, – деді Оңталап Дүйсенәліұлы.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<