Еңбек күні қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен «Үлгілі елді мекен» облыстық конкурсы жеңімпаздарына 19 арнайы коммуналдық техника және қаржылай сыйақы табысталды.
– Президентіміздің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы өңірде қарқынды жүзеге асуда. Қала мен аудан орталықтарында, ауылдарда парктер, скверлер мен аллеялар, көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары абаттандырылуда. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, тынымсыз еңбек еткен жерлестеріміздің арқасында өңір таза әрі көркем аймаққа айналып келеді.
«Ауыл – ел бесігі» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Ауылды дамыту – мемлекеттік саясаттың аса маңызды стратегиялық мақсаттарының бірі.
Оның ішінде ауылдағы ағайынның өмір сапасын жақсарту, қолайлы орта қалыптастыру, көркейту-көгалдандыру жұмыстарын жүргізушілерді ынталандыру мақсатында 2023 жылдан бастап дәстүрлі түрде «Үлгілі елді мекен» конкурсы өткізілуде. Биыл 564 млн теңгеге 19 техника сатып алынды. Әр аудандағы бір ауылды абаттандыру, көркейту жұмыстарына 100 млн теңгеден астам қаржы беріледі. Ауыл-аймақтың ажарын айшықтап, келбетін көркем етуге бағытталған «Үлгілі елді мекен» конкурсы алдағы уақытта да дәстүрлі түрде жалғасады. Келер жылы конкурсты өткізуге облыстық бюджеттен 500 млн теңгеден астам қаржы бөлінеді.
Бірліктің туын биік ұстап, туған жеріміздің келбетін көркейту жолында аянбай қызмет етіп жүрген еңбек адамдарын әрдайым құрметтейміз, – деді облыс әкімі.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Үлгілі елді мекен» конкурсының «Үлгілі ауыл» номинациясы бойынша 1 орынды Сырдария ауданының Нағи Ілиясов ауылы, 2 орынды Арал ауданының Қызылжар ауылы, 3 орынды Қармақшы ауданының Ақжар ауылы жеңіп алды.
«Үлгілі аудан» номинациясы бойынша 1 орынды Шиелі кенті, 2 орынды Әйтеке би кенті, 3 орынды Жаңақорған кенті иеленді. Тірек және серіктес елді мекендер санатына кірмейтін ауылдардың абаттандыру жобаларын қаржыландыруға 15 млн теңгенің сертификаттары табысталды. Атап айтсақ, Арал ауданының Ақбай, Қазалы ауданының Бозкөл, Қармақшы ауданының Қуаңдария, Жалағаш ауданының Жаңадария, Сырдария ауданының Іңкәрдария, Шиелі ауданының Майлытоғай және Жаңақорған ауданының Қыраш ауылдарына берілді.
Жалпы кейінгі екі жылда конкурс жеңімпаздарына 1 млрд 500 млн теңгенің күнделікті ел тұрмысына қажетті заманауи үлгідегі 48 арнайы техникасы табысталған. Бұл – өнімді жобаның жемісі.
«СБ» ақпарат





