Адам саудасы алаңдатады

356

0

Адам саудасы мен адамды құлдыққа салу қоғамға үлкен зардаптар әкелуде. Бұл құбылыстар көлеңкелі бизнестің, қылмыстық топтардың дамуына ықпал етеді. Кіріптар жандарды адам денсаулығына зиян келтіретін ауыр және қауіпті жұмыстарды ақтаруға мәжбүрлейді. Бұл проблеманы ауыздықтау және әлеуметтің назарын аудару үшін БҰҰ 2013 жылы өткен Бас Ассемблеясында 30 шілдені адам саудасына қарсы дүниежүзілік күрес күні етіп белгіледі.
Қызылорда облысында «Кіші кәсіпкерліктегі әйелдер қоғамы» қоғамдық бірлестігі 2017 жылдан бері   «Мемлекеттік тапсырыс аясында адам саудасынан зардап шегушілерге арнайы әлеуметтік қызмет көрсету» жобасы бойынша облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірге жұмыс жүргізіп келеді.
Қоғамдық бірлестік төрайымы Салтанат Сыздықованың айтуы бойынша осы жылдары құжаттандыру, заңгерлік және психологиялық қолдау жасау және басқа да мәселелер бойынша жүздеген адамға көмек көрсетілгенін айтады.
– Құжат жасау процесі өте күрделі, бірнеше айға созылады, кейде жылдан аса уақыт кетеді, – дейді С.Сыздықова – бірақ соған төзімділік танытып, бастаған істі орта жолдан қалдырмаса мақсатқа жетуге, өзінің өмірін дұрыстауға болады. Көмек сұрағандардың көпшілігі жылдар бойы тұрған жеріне тіркеле алмай, жұмысқа орналаса алмай, тиісті медициналық көмек пен балаларына әлеуметтік көмек алмай келген. Міне сондықтан да істі соңына дейін жеткізіп, келген адам құжаттарын алып қуанышқа бөленгенін көру ол да бір ғанибет.
Мысалға,  К.А есімді азаматша осыдан екі жыл бұрын келіп жағдайын айтып, көмек сұраған. Ол Қарақалпақстанда туып өскен, Қазақстан азаматымен тұрмыс құрған. Төрт баласы бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын барлық құжаттарын жоғалтып алыпты.
– Оның қандай қиындықтардан өткенін тізбелеп жатпай-ақ қоялық. Бірақ тағы бір адам біздің көмегімізбен қуанышқа бөленгені ұжым мүшелері үшін өте жағымды жайт. Текке жұмыс жасамағанымызды сезінеміз. Енді бұл кісі Қазақстан Республикасының азаматы ретінде қажетті көмектерді алатын болады, – дейді бірлестік төрайымы.
Қызылорда облысына жұмыс іздеп Өзбекстаннан жыл сайын мыңдаған адам келеді. Олардың арасынан кіріптар болып қалатындар да кездеседі. Осындай жағдайларды болдырмас үшін «Кіші кәсіпкерліктегі әйелдер қоғамы» қоғамдық бірлестігі түсінік жұмыстарын жүргізіп, буклеттер таратып келеді. Дегенмен, келеңсіз оқиғалар орын алып тұрады. Оларға көмектесу туралы Өзбекстандағы үкіметтік емес ұйымдар, Миграция жөніндегі халықаралық ұйымдар өтінішпен шығып жатады. Қоғамдық бірлестік өз кезегінде миграциялық полицияға шығып, олармен бірлесе жұмыс жүргізіп, қиындыққа душар болған жандарға көмек көрсетіп келеді.    
«ККӘҚ» ҚБ қазіргі күндері еңбек мигранттарының жұмыс және тұрмыстық жағдайына мониторинг жүргізуде. Содай-ақ жұмыс берушілерді де еңбек мигранттарын да келісім шарт бойынша жұмыс істеу жөнінде ақпараттық көмек көрсетуде.
Жұмыс берушілердің де тәуекелге бармағаны абзал. Мәселен, мынандай жағдай орын алды. Жұмыс беруші көрші ел тұрғындарын жұмысқа шақырып, олардың жол пұлын төлеп, аванс берген. Алайда, жұмысқа келгендер қайтып кетеді. Бұл жерде жұмыс берушінің кепіл ретінде алып қойған құжаттарынан еш көмек болмаған. Өйткені, паспортты алып қою заңсыздыққа жатады. Жасалған еңбек шарты жоқ. Ештеңе дәлелдей алмайды. Осылайша  маусым кезінде жұмыс тоқтап қалды, сондай-ақ  жұмысшылардан және ақшасынан айырылып қалды.
Қоғамдық бірлестік қызметкерлері адам саудасына қатысты көптеген теріс түсініктер қалыптасқанын айтады. Мысалға жұртшылық мұндай жағдайға тек білімі жоқ адамдар мен жас қыздар ғана душар болады деп ойлайды. Ал шын мәнінде бұл қауіпті жағдайға кез келген адам түсіп қалуы мүмкін. Сол себепті де қоғамдық бірлестік бұл бағытта ұдайы жұмыс жүргізіп келеді. Сонымен қатар, адам саудасы фактілерін көрген тұрғындарды  оған немқұрайлы қарамауға шақырады.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<