Конституция

Аймақ басшысы құрылыс нысандарындағы жұмыс барысын тексерді

6

0

Фото: облыс әкімдігі

Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Қызылорда қаласындағы әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралап, құрылыс барысымен танысты.

Алдымен «Қызылорда Арена» көпфункционалды спорт кешеніне барды. Аумағы 26 мың шаршы метр, 50 метрлік жүзу бассейні, 2500 орындық әмбебап спорт залы және 300 орындық конференц-залы бар кешен халықаралық деңгейдегі спорттық жарыстарды қабылдауға бейімделеді.

Одан кейін Титов шағын ауданында салынып жатқан бір ауысымда 400 келушіні қабылдайтын №5 қалалық емхананың құрылысымен танысты. Қазір жалпы аумағы 9 мың шаршы метр болатын медициналық мекеменің үшінші қабатының монолитті бағандары бетондалуда. Бірінші қабаттың аралық қабырғалары қаланып, ішкі инженерлік желілер тартылып жатыр. Жертөле қабатының аралық қабырғалары қаланып біткен.

Аймақ басшысы Сырдария өзенінің сол жағалауындағы бір ауысымда 500 адамды қабылдайтын емхананың да құрылыс алаңына барды. Көпсалалы медициналық орталықта амбулаториялық-емханалық, диагностикалық және күндізгі стационарлық қызметтер көрсетіледі. Мұнда жалпы және акушерлік-гинекологиялық тіркеу, педиатрия, мамандандырылған және шұғыл медициналық көмек, профилактика және мектеп медицинасы бөлімдері болады. Сондай-ақ, 50 төсектік күндізгі стационар, орталық стерилизация бөлімі, дәрілік қамтамасыз ету қызметі, оқу кабинеттері, 50 орындық аудитория және 200 орындық конференц-зал қарастырылған.

Сол жағалауда салынып жатқан тағы бір маңызды нысан – 300 төсектік көпбейінді аурухана. Құрамында бір ауысымда 100 адамды қабылдайтын емханасы бар медициналық кешен 10 блоктан тұрады. Онда емхана, пансионат, операциялық, реанимация, химиотерапия және радиотерапия бөлімдері, физиотерапия, қабылдау және әкімшілік блоктары орналасады. Қазіргі уақытта бетондау, аралық қабырғаларды қалау және сырлау жұмыстары толық аяқталып, еденнің тегістегіш қабаты құйылған. Керамикалық плитка төсеу және сыртқы қасбетке линеарлы панель орнату жалғасуда.

Жанқожа батыр көшесі арқылы өтетін теміржол өткелінің құрылысы қарқынды. Жоба аясында екі жолақты өткел, көпір, тіреу қабырғалары, жаяу жүргіншілер жолы және жол жабыны салынады.
Бүгінде айналма теміржол желілері төселіп, электр, байланыс, сыртқы жарықтандыру және ауыз су инженерлік желілерін көшіру жұмыстары аяқталған. Қала жағындағы және Шанхай тұрғын ауданындағы тіреу қабырғалары бетондалып, шпунттық свайларды орнату, көпір тіректерінің іргетасы мен негізгі темірбетон конструкцияларын бетондау жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі